КЕЛЕСТЕГІ МЕКЕМЕДЕ 250 ЗЕЙНЕТКЕР МЕН 72 МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНҒА КӨМЕК КӨРСЕТІЛІП ЖАТЫР
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жыл басында берген тапсырмасына сәйкес Келес ауданында «Қазыналы қария – тең қоғам» атты әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ашылған болатын. Көктемнің алғашқы күнінде ашылған мекеме егде жастағы қарияларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетіп келеді. Аудан орталығы Абай ауылынан қоныс тепкен ғимарат заман талабына сай соңғы үлгідегі құрал- жабдықтармен қамтылған — деп хабарлайды Alashinfo.kz.
Жалпы құрамында 14 қызмет түрін көрсететін орталықтан қызмет алушылар дән риза. Емдік дене шынықтыру, тұз кешені, терапевт кеңесі, шахмат, тоғызқұмалақ, домино, компьютерді, интернетті үйрету курстары, кітапхана, мейіргерлік сүйемелдеу, психолог, массаж, қолөнер, үстел теннисі, бильярд, гимнастика сынды шаралар аталған орталықта ұйымдастырылып қежеттілігіне қарай қызмет атқарады.
– Бүгінгі күнге дейін «Қазыналы қария – тең қоғам» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 250 зейнеткер қабылданды. Оның ішінде ер адамдар саны – 110, әйел адамдар 145-ті құрайды. Күніне жалпы 50 зейнеткерге қызмет көрсету кестесі бекітілген. Зейнеткерлер күнделікті белгіленген кесте бойынша емдік шараларын қабылдап, қызмет алуда, – дейді орталық директоры Айгерім Төлепбергенова.
Орталықта мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік, құқықтық, психологиялық көмек, әлеуметтік қызмет алу және жұмысқа орналастыру бойынша көмектер көрсетіледі. Көзі нашар көретін жандарға брайль әдісімен оқытылатын кітаптар ұсынылған. Қазіргі таңда орталықта 72 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген.