ШЫМКЕНТТЕ ҚҰРЫЛЫС ҚАЛДЫҒЫ ҚАЙТА ӨҢДЕЛЕТІН БОЛАДЫ
Биыл үшінші мегаполисте құрылыс қалдықтары өңделіп, қайта пайдалануға мүмкіндік болады. Өткен жылдың соңында қала маңындағы Ақтас-1 елді мекенінде «Green line қоқыс өңдеу зауыты» ЖШС-на 26 га жер учаскесі қысқа мерзімге пайдалануға берілді. Мұнда құрылыс қалдықтарын сұрыптау мен қайта өңдеу алаңшасы ашылып, арнайы технологиялық қондырғысы орнатылады деп күтілуде, — деп хабарлайды Alashinfo24.
Айта кетейік, бұл елді мекенде қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдық полигоны бар. Жауапты мамандардың мәліметінше, ауданы 29 га болатын аймақ экологиялық және санитарлық нормаларға сай келеді. «Green line қоқыс өңдеу зауыты» ЖШС-на тиісілі полигонына іргелес 5 га жер учаскесінде қалдықты сұрыптау зауыты орналасқан.
Былтыр мұнда жалпы салмағы 225 010 тонна қалдық қабылданып, оның 30,3 пайызы, яғни 68 123 тоннасы сұрыпталды. Сұрыпталған қалдық қайта өңдеуге жіберіліп, қалғаны полигонында көмілген.
Жалпы, қала аумағында тазалықты сақтау, қоқыстан тазарту бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп, түрлі іс-шаралар өткізілуде. Оның ішінде, тұрақты түрде сенбіліктер, акциялар және өзге де экологиялық іс-шараларға қалалықтар да белсенді қатысып келеді.