АУЫЛДЫ ЖАҢҒЫРТУҒА СІЗ БЕН БІЗ БІРІККЕНДЕ ҒАНА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕМІЗ
«Ауыл» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар І. Досқожаев, Н. Байжанов және түрлі деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға кандидаттар Атырау облысы Қызылқоға ауданына барып, мұнайшылармен және шаруалармен кездесті.
Кандидаттар кен орнында вахтамен жұмыс істейтін мұнайшылармен, негізінен ҚайнарМұнайГаздың 40 шақты құрылысшысымен кездесті. Жиында ауылда тұратындардың мәселелері көтерілді. Жұмысшылар шалғай елдімекендерде тұратын халықтың балалары білім алатын мектеп-интернаттың жұмысы туралы, оның көп жерде тіпті атымен жоқ екенін айтты. Ауылдарға апаратын жолдың жоқтығы, болған күннің өзінде сапасы сын көтермейтіні де айтылды. Жиынға қатысушылардың ойынша, осының бәрі күн өткен сайын халықтың билікке деген сенімін төмендетіп, болашаққа деген үмітін ұрлауда.
«Бұл айтылған мәселенің барлығы «Ауыл» партиясының бағдарламасында бар және оны шешу жолдары да қарастырылған. Біздің саяси платформамызда экономика, денсаулық, білім және инженерлік инфрақұрылым мәселелері қордаланған ауылдық аумақтарға маңызды рөл берілген. Біздің Мәжіліске барғандағы бірінші көтеретін мәселелер қатарында ауылдардың инфрақұрылымын қалпына келтіру және дамыту, ауыл мен қала арасындағы білім және медициналық қызмет сапасы алшақтығын жою, әкімдер мен мәслихат депутаттары халық алдындағы міндеттерін орындамаған жағдайда, оларға ең қатаң жазалау шараларын қолдану бар. Біз мұның бәріне сіз бен біз біріккенде ғана қол жеткіземіз. «Ауыл» партиясына дауыс беріңіздер! Сіздердің мәселелеріңіз – біздің мәселе!», — деді жиынға қатысушылардың сауалдарына жауап беру барысында кандидат Ілияс Досқожаев.
Мұнайшылардан кейін кандидаттар мал өсірумен айналысатын, шалғайдағы «Назгүлім» шаруа қожалығына аттанды. Онда олар малшылармен кездесіп, бақташылардың жай-күйімен танысты. Жем-шөп жайын, мал төлдетуге дайындық барысын барлады. Жергілікті халыққа үгіт-насихат материалдарын жеткізіп, «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
Тапсырыс беруші: «Ауыл» ХДПП;
«Ауыл» ХДПП сайлау қоры қаражаты есебінен төленді