ДӘРІГЕРЛЕРГЕ БОНУС ТӨЛЕНЕДІ: ОНЫ КІМДЕР АЛА АЛАДЫ?
Қазақстанда науқастардан онкологияны және туберкулезді ерте анықтаған дәрігерлерге бонус төленеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты.
Биыл алты айда қатерлі ісікті ерте анықтау (диагностика) көрсеткіші 5,6% өскен.
Ауруды ерте анықтау мақсатында амбулаториялық-емханалық ұйымдар қызметінің сапасы мен нәтижесі үшін мамандардың жалақысына қосымша ақы төлеу түріндегі ынталандыратын пилоттық жоба басталды. Мысалы, учаскелік дәрігер науқастан онкологиялық ауруды және туберкулезді ерте анықтаған жағдайда, оған 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (17 250 теңге, 1 АЕК – 3450 теңге) бонус төленеді, — деді министр Үкімет отырысында.
Қосымша ақы төлеу 6 индикатор бойынша анықталған:
- Медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде алдын алуға болатын онкологиялық аурулар;
- Туберкулез;
- Ана мен бала өлімін ерте анықтау;
- Жүрек-қантамыр жүйесі ауруларының асқынуы бар (миокард инфарктісі, инсульт, созылмалы жүрек жетіспеушілігі) науқастарды емдеуге жатқызу деңгейі;
- 2 типті қант диабеті асқынуы бар науқастарды емдеуге жатқызу;
Денсаулық сақтау министрі амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ұлғайғанын, 2019 жылы 48 ауру бойынша дәрі-дәрмек сатып алынғанын айтты. Ажар Ғинияттың дерегінше, 2023 жылы аурулардың тізбесі 3,8 млн адамды қамтып, 126-ға дейін артқан.