ҚЫЗЫЛША АУРУЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МАҚСАТЫНДА ШТАБ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Бүгінде еліміздің бірқатар өңірінде қызылша белең ала бастады. Инфекциялық ауруды жұқтырғандар қазір Шымкент қаласының білім беру ұйымдары мен балабақшаларында да көбеюде. Жұқпалы дерттің таралуын алдын алу мақсатында бүгін қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың төрағалығымен штаб отырысы өтті.
«2023 жылдың наурыз айынан бері қала бойынша 4795 қызылшаға күдікті дерек тіркелген. Оның ішінде 2026 жағдайда диагноз расталды. Науқастар арасында 14 жасқа дейінгі балалар 86% құрайды, олардың 89,6%-дан астамы діни себептермен ата-анасының бас тартуына байланысты қызылшаға қарсы вакцина алмағандар. Қызылша ауруының өсу қарқыны биылғы жылдың қыркүйек айының ортасынан басталды», — деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков қала аумағындағы қызылша ауруы бойынша эпидемиялогиялық ақуалды баяндап, инфекцияға тосқауыл болатын тиімді жолдарды ұсынды.
Жиын соңында қала әкімінің бірінші орынбасары жауаптыларға эпидемиямен күрес шараларын тиісті талаптарға сай атқарып, профилактикалық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.