НЕЙРОСТИМУЛЯТОР ОТАСЫ СӘТТІ ЖАСАЛДЫ

0

Шымкентте  эпилепсия ауруына шалдыққан балаларға нейростимулятор отасы жасалды. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков айтты.

Өз сөзінде «Шымкентте қалалық балалар клиникалық ауруханасында эпилепсия ауруына шалдыққан балаларға нейростимулятор отасы жасалған. Қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері 14 жастағы балаға алғаш рет «Эпилепсияның құрылымдық фармакорезистентті формасында VNS орнату» арқылы үлкен күрделі операция жасады. Баланың қазіргі жағдайы бірқалыпты, жақсы. Сондай-ақ 2023 жылғы шілде айында Шымкентте алғаш рет жүрек трансплантациясы және 10 LVAD отасы жасалған» деді Нұрлыбек Абибуллаұлы. Бұдан бөлек, басқарма басшысы «Дені сау ұлт» жобасы аясында белгіленген 11 индикатордың 10 орындалған және 1 индикатор жылдың қорытындысымен есептеліп шығатынын айтты. Нақтырағы «Шымкентте өткен жылмен салыстырғанда өлім көрсеткіштері 17%-ға төмендеген. Оның ішінде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 26%-ға, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 5%-ға, ана өлімінің көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 48.8%-ға төмендегенін көрсетіп отыр» деді қаланың бас дәрігері. Айта кету керек, елімізде денсаулық сақтау саласының дамуына айрықша көңіл бөлініп отыр. Салаға реформа жүргізілгені де белгілі. Қала берді, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өткен жылдың қыркүйегінде жариялаған Жолдауында денсаулық сақтау ісіне көңіл бөлу жалғасатынын айтты. Сонымен қатар «Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды  мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн» деп, тиісті сала басшылары мен жергілікті әкімдіктерге тапсырма жүктеген болатын. Бүгінде өңірлерде бірқатар игі бастамалар қолға алынуда.

ПІКІР ЖАЗУ