САЛТАНАТ НҮКЕНОВАНЫҢ АҒАСЫ ҚАРЫНДАСЫ КӨЗ ЖҰМҒАН МЕЙРАМХАНАДАҒЫ КАДРЛАРДЫ ЖАРИЯЛАДЫ

0

Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаев адвокаттарының ерлі-зайыптылар арасында «кішігірім жанжал» болды деген мәлімдемесінен кейін қарындасы қайтыс болған жерде түсірілген кадрларды жариялады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ  Айтбек Амангелдінің Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Нүкенованың ағасының айтуынша, Бишімбаевтың адвокаттары жалған мәлімдеме жасаған. «Бишімбаевтың адвокаттарының жалған сөзінен кейін тергеу нәтижесінде видеодан алынған скриншоттарын жариялауға мәжбүр болдым. Сондай-ақ видеоның бірінші бөлігінде біздің Салтанатқа деген қарым-қатынасымызды салып отырмын. Адвокаттардың ойынша кішігірім жанжал қалай болатынын түсінбедім. Кадрларда оның қалай тепкілеп, жұдырықтағанын анық көруге болады, ал сұхбатта адвокаттар бұндай болмағанын айтады», — деп жазды ағасы. Сонымен қатар ол адвокаттардың Нүкенованың өліміне қатысты айтқан жалған сөздерін де тізіп шыққан. Видеода қарындасының соққы салдарынан қаза тапқаны жазылған құжаттар да көрсетілген. Айтбек Амангелді көрсеткен қорытынды бойынша қыз басынан жұдырықпен, аяқпен 12-13 рет соққы алған. Айта кетейік, кеше Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары берген сұхбат шыққан болатын. Қорғаушылардың айтуынша, бұрынғы ұлттық экономика министрі әйелінің өліміне өзін кінәлі санамайды.

«Адвокаттары Бишімбаев әйелін ұрмады деп отыр. Бізде әр ракурстан түсірілген видеолар бар, ол жерде ұрғаны да, тепкені де түсірілген. Салтанаттың денесінің мейрамхана еденінде сараптамаға дейінгі түсірілген фотолары бар. Түні бойы ұрып-соғу мен жанжалды естіген куәгерлердің айғақтары да бар. Біз, Салтанаттың туыстары мен адвокаттар бұны естіп абдырап қалдық. Адвокаттарының өтірігі мен студиядағы «журналистің» олармен «ақылды» ойын ойнап отырғаны шошытты», — деп жазды марқұмның ағасы.

Видео:  https://www.instagram.com/p/C3pTaz8ssXb/

 


ПІКІР ЖАЗУ