ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕРЛЕРІ АШЫҚ ЕСІК КҮНІН ӨТКІЗДІ

0

Халықтың сапалық көрсеткішінің артуы медицина саласының дамуына тікелей байланысты. Егер денсаулық сақтау саласы әлемдік көштен кейін қалмай, заманауи материалдық-техникалық талаптарға жауап бере алса, сонымен қатар білікті дәрігерлерді даярлауды басты мақсаты етіп алса, онда бұл саланың бағындырар биігі көп болмақ. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта әлеумет өзінің саулығына аса мән бере бермейді. Тіпті, дәрігерге белгілі бір уақыт аралығында қаралу керегін ұмытып қояды. Дерт дендеп, ағза әлсірегенде ғана аурухана мен емханаға бас сұғатындардың да саны көп. Сәйкесінше, қауіпті аурулармен күресуде осындай селқостық үлкен кедергісін тигізіп жатады. Рас, қазіргі медицинаның мүмкіндігі мол. Әйткенмен ғылым мен технология қанша дамыса да, емі табылмай жатқан аурулар баршылық. Сондықтан саулықтың сақтықта екенін ұмытпауымыз тиіс. Мұны дәрігерлер де есте сақтауы тиіс. Өйткені халық денсаулығына жауапты болғандықтан, әлеумет арасындағы селқостық сынды мәселелердің шешілуіне ақ халаттылар да үлес қоса алады.

Белгілі бір ауру туралы қоғамға кеңірек ақпарат беру үшін әлдебір күндерді арнап, атаулы даталардың тізіміне енгізу халықаралық деңгейде қалыптасқан құбылыс десек, артық айтқанымыз емес. Мәселен, 1 желтоқсан – СПИД-ке қарсы Халықаралық күрес күні, сол сияқты 24 наурыз — Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні. Бұл күндері ақ халаттылар түрлі акциялар ұйымдастырып, халыққа аталған ауру турасында кеңінен ақпарат береді. «Қалай сақтану керек?», «не істеуге болады?», «дерттің белгілері қандай?», «кімге жүгінеміз?», «неден сақтану керек?» сынды сауалдарға жауап береді. Осының арқасында әлеумет арасында аталған аурулар туралы жалпы түсініктер қалыптаса бастады. Осы секілді тәжірибелерді біздің елімізде жиі өткізудің маңызы айрықша. Мұны едел-жедел қолға алу – қауіпті аурулармен күресуде жақсы нәтижелерге жетуге, халықтың сапалық көрсеткішін арттыруға себеп бола алады. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең, нәтижесі жемісті. Мәселен, ағымдағы жылдың 15 мамырында Түркістан қалалық емханасында ауруларды басқару бағдарламасы бойынша ашық есік күні өтті. Осы тұста бұл қандай бағдарлама екенін қалың оқырманның жадына сала кетейік. Ауруларды басқару бағдарламасы – бұл созылмалы аурулары бар пациенттердің белгілі бір топтары үшін үйлестірілген және интеграцияланған медициналық араласулар мен коммуникация жүйесі, мұнда маңызды компонент өзін-өзі емдеу, өзіне-өзі көмек көрсету. Бұл бағдарламаны іске асыру медициналық көмек көрсетудің профилактикалық, мультидисциплинарлық және жүйелі тәсіліне негізделген.

Аталған бағдарлама «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізілген. Осы орайда, аталған тың бастама негізінде Түркістан қалалық емханасының кардиолог, эндокринолог, офтальмолог дәрігерлері келген тұрғындарды қабылдап, тегін кеңес берді. Сонымен қатар ақ халаттылар дұрыс тамақтану мен дене белсенділігі арқылы түрлі аурулардың алдын алуға болатынын жеткізді. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі уақытта дұрыс тамақтанудың өзі ауқымды мәселеге айналып отыр. Тіпті, күн тәртібіндегі түйткілді түйіндердің көшін бастады деуге болады. Өйткені қазіргі уақытта экологиялық ортаның бұзылуы, организмге қажет компоненттердің бармауы, сапасы төмен азық-түлікті тұтыну белең алып отыр. Жалпы қоршаған орта қазіргі уақытта таза емес. Ал бұл біздің денсаулығымызға айрықша теріс әсерін тигізеді. Қала берді, қазіргі уақытта дерт пайда болса, жарнамасы жер жарған дәрілерді іздеп, ішетіндер көбейген. Ал шындығында дертпен дұрыс тамақтану арқылы да күресуге болады. Мәселен, күн сайын ағзаға 70-ке тарта қоспа түсуі керек. Ең маңыздысы, олардың мөлшерін ұмытпаған абзал. Тамақтану режимін де қатаң сақтау керек. Соңғы жылдары өмір сүру салтының өзгеруіне байланысты жұқпалы емес алиментарлық аурулар жүрек-қантамыр, диабет, семіздік, анемия және тағы басқа аурулар жасаруда. Ал ұзақ өмір сүру үшін, жас ұрпақтың дұрыс дамып өсуі үшін дұрыс тамақтанудың маңызы ерекше. Тамақтану адам ағзасына әсер ететін көптеген сыртқы орта факторларының ішіндегі ең маңыздысы саналады. Дұрыс тамақтану адамның дұрыс өсуін және ағзаның дамуын, сонымен қатар денсаулықтың сақталуын, жұмысқа қабілеттілігін қамтамасыз етіп, адам өмірінің ұзақтығына әсерін тигізеді. Дұрыс тамақтанудың ағзаның энергетикалық шығынын толықтырып, керекті дәрумендермен қамтамасыз етуі тиімді және емдік маңызы да аса үлкен. Өйткені тамақтанудың сипатын өзгертіп, ағзадағы зат алмасуын реттеп, жүріп жатқан ауруға белсенді әсер етеді.

Осы және өзге де деректерді келушілерге ұсынған ақ халаттылар дене белсенділігін арттырудың да адам ағзасына пайдасы орасан екеніне тоқтала кетті. Айтуларынша, ХХІ ғасырда қала тұрғындарының физикалық жүктемесі өткен ғасырлармен салыстырғанда 50 есеге жуық азайып кеткен. Осының салдарынан қозғалыс белсенділігі азайып, бұлшықеттер жиырыла бастаған. Осының салдарынан гиподинамия дамып отыр. Өз кезегінде, оның дамуы жүрек-тамыр жүйесі ауруларының, әсіресе инсульт, семіздік, қант диабеті, остеопороз және басқа да аурулардың белең алуына себепші болып отыр. Сондықтан мұның алдын алудың маңызы айрықша. Мәселен, аптасына кесінде 10 сағат жүріп отыру керек. Жалпы дене белсенділігінің адам ағзасына пайдасы орасан. Таңертең жасалатын жаттығулар летаргия, ұйқышылдық әсерін тиімді түрде жояды. Ол жүйке жүйесінің тонусын арттырады, жүрек-тамыр және тыныс алу жүйелерінің, эндокриндік бездердің жұмысын күшейтеді. Бұл мәселелерді шешу дененің психикалық және физикалық өнімділігін біркелкі және бір уақытта жылдам арттыруға және оны қазіргі өмірде жиі кездесетін маңызды физикалық және психикалық стрессті қабылдауға дайындауға мүмкіндік береді. Әсіресе, егде жастағы адамдарға дене белсенділігінің маңызы айрықша. Бұл жаста бұлшықеттердің жиырылуы түрлі қауіпті ауруларға ұрындыруы мүмкін.

Қабылдау барысында кардиолог мамандар да өз ақыл-кеңестерімен бөлісті. Айтылған ақпараттарға сүйенсек, жүрек-қан тамырлары ауруы асқынса, аса қауіпті болады. Нәтижесінде адам миокард инфарктіне, инсультке, жүрек жетіспеушілігіне және тағы басқа ауруларға шалдығуы мүмкін. Ал егер жүрек ауруының диагнозы ертерек қойылса, науқастың емделіп, аурудан құлан таза айығуына мүмкіндік көп. Сондықтан тән саулығына бей-жай қарауға болмайды. Ағза ауырсына бастаса, ақ халаттылардан көмек сұраған абзал. Бұл – тұрғындар есте сақтауы тиіс бірінші қағида. Жалпы жүрек-қан тамырлары ауруларына себепші болатын факторлар бар. Олардың қатарына семіздік, темекі тарту, физикалық әрекетсіздік, күйзеліс, артериальдық гипертония, қант диабеті, инфекциялар, майлы,тұзды тағамдарды көп тұтыну жатады. Әсіресе, осының ішінде қант диабеті – жүрек ауруларының қауіп факторларының бірі. Қант диабеті де, гипертония да өте кең таралған ауру, әсіресе егде жастағы адамдарда жиі кездеседі. Қант диабетіне шалдыққан науқастардың шамамен 75 пайызында жүректің асқынуы бар. Яғни артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі сынды аурулар анықталып жатады. Кейде керісінше болады – алдымен жүрек-қан тамырлары ауруы дамиды, содан кейін предиабет немесе ІІ типті қант диабеті диагнозы қойылады. Сол себепті де ауруды ерте сатысында анықтап, онымен күресуге назар аударылуы керек.

Ашық есік күні барысында келушілер өздерін мазалаған сауалдарын ақ халаттыларға қойып, пікірлерін жеткізді. Сәйкесінше, сала мамандары кәсіби тұрғыда құнды кеңестермен бөлісіп, қажет деректерді ұсынды. Келушілер мұндай шаралардың көп болуы халық арасында түрлі жұқпалы аурулардың кең таралуына тосқауыл боларына сенімді. Өйткені біраз азаматтар аурудың белгілерін білмегендіктен, бей-жай қарап, дәрігерлерге қаралмай жатады. Осының салдарынан дерт денеге дендеп, арты қауіпті ауруларға ұрындырады. Нәтижесінде аурудың мұндай сатысында денсаулық сақтау саласының кәсіби мамандары күресе алмауы мүмкін. Сондықтан Түркістан қалалық емханасы қолға алып, бастамашы болған ашық есік күнін алдағы уақытта жалғастырған жөн.

Айта кетейік, біз сөз еткен ауруларды басқару бағдарламасының негізгі мақсаты – азаматтарды қандағы қант деңгейін уақытылы тексеріп тұруға, салмақты бақылауға, зиянды әдеттерді шектеуге, салауатты өмір салтын ұстануға, дәрі-дәрмектерді уақытылы қабылдауға үйрету. Аталған бағдарламаны енгізудің өзі созылмалы жұқпалы емес аурулардың алдын алу және олармен күрес, пациенттердің өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілігін арттыру, медициналық персоналдың өзара іс-қимылын жақсарту және ықтимал асқынуларды немесе жай-күйін ауырлатуды болдырмау мәселелеріне бағытталған қолда бар барлық ресурстарды пайдалануда елеулі өзгерістер қажеттігінен туындады. Бастама пациенттерге медициналық қызметкерлермен бірлесе отырып, өзінің халін қадағалап, құрамына терапевт, профильді дәрігер, мейіргер, психолог, салауатты өмір салты жөніндегі маман кіретін мультидисциплинарлық команда мүшелерімен ұдайы түрде жіті қарым-қатынас орнату арқылы аурудың меңдеуінің алдын-алуға мүмкіндік береді. Пациенттер Денсаулық мектебіне барып, өзіне-өзі көмек көрсетуге, денсаулығына зиян факторларды бақылауға машықтанады. Олар денсаулық күнделігін жүргізіп отырады. Бұл өз кезегінде дәрігерге науқастың жағдайын жан-жақты бағалап, дұрыс ем беруге көмектеседі. Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы жүргізген зерттеулерге сүйенсек, бұл бағдарламаға қатысқан науқастардың хал-жағдайы айтарлықтай жақсарған. Олардың ішінде жүрегінің мүкісі бар науқастардың арасында денсаулығы күрт нашарлап, шұғыл түрде ауруханаға түскендердің саны 2 есеге азайған. Артериалды гипертензияға шалдыққандардың 75 пайызының қан қысымы қалпына түскен. Қант диабетіне шалдыққандардың 65 пайызының  анализ көрсеткіштері реттелген. Сондықтан бұл бастаманың бұқараның денсаулығын жақсартудағы маңызы айрықша. Бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғаса беретінін айта кеткеніміз жөн.

 


ПІКІР ЖАЗУ