ЗЕЙНЕТ ЖАСЫНДАҒЫ АКАДЕМИКТЕРГЕ ӨМІР БОЙЫ 221,5 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН СТИПЕНДИЯ ТӨЛЕНЕДІ
Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық ғылым академиясының зейнет жасындағы академиктеріне өмір бойына ай сайын төленетін стипендияның мөлшерін белгілеу және төлеу қағидаларын реттейтін қаулы жобасын көпшілік талқылауына шығарды.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының зейнеткерлік жасқа толған академигіне өмір бойғы ай сайынғы стипендияның мөлшері 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгілесін және оны төлеу қағидалары бекітілсін», — деп жазылған қаулы жобасында.
Стипендия алуға үміткер академик Ұлттық ғылым академиясына мына құжаттарды өткізу керек:
1) еркін нысанда стипендияны төлеуге өтініш;
2) ҰҒА академигі мәртебесін растайтын құжат (ҰҒА академигі мәртебесін беру туралы ҰҒА отырысының хаттамасынан үзінді);
3) Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжат (Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің немесе паспортының көшірмесі);
4) екінші деңгейдегі банк айқындайтын нысан бойынша шоттың болуы туралы банк анықтамасы.
Стипендия төлеу мынандай жағдайларда тоқталады:
1) ҰҒА академигі қайтыс болса (қайтыс болу туралы анықтама/куәлік);
2) ҰҒА академигі хабар-ошарсыз кетсе немесе қайтыс болды деп жарияланса;
3) ҰҒА құрамынан шығарылса (ҰҒА төралқасы отырысының хаттамасынан үзінді);
4) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылса.
Қаулы биылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
Ұлттық ғылым академиясының ресми сайтындағы мәлімет бойынша, ҰҒА құрамындағы 252 мүшенің 163-і академик, 89-ы корреспондент-мүше, 16-сы шетелдік және 94-і құрметті мүше, 41-і ұжымдық мүше, 6 -ауы — профессор.