БЕЛСЕНДІ ӨМІР САЛТЫ — САУЛЫҚТЫ САҚТАУДЫҢ БІРДЕН-БІР ЖОЛЫ

0

Бүгінде қоғам көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп келеді. Осының арқасында адамзат баласының өмір сүруі жеңілдеп жатыр. Дегенмен мұның өзі көптеген түйткілді мәселенің тууына себепші болып отыр. Нақтырағы, қазіргі уақытта қоғамда семіздік ауруы белең алып барады. Қала берді, қимыл-қозғалыстың азаюы көптеген аурулардың дендеуіне түрткі болды. Мұның медицина саласына артықша салмақ салатыны белгілі. Сондықтан да мемлекет тарапынан бұқаралық спорртты дамыту арқылы салауатты өмір салтын ұстануға, белсенді өмір салтына үйретуге бағыттайтын бастамалар көбейіп келеді. Бұл мәселе осыдан бірнеше жыл бұрын қабылданған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасында да қамтылған. Маңызды құжат жүктеген міндеттердің бірі – халықтың орташа өмір сүру жасын ұзарту.

Бұл бағытты қуаттайтын шаралар елімізде сәтті жүзеге асып келе жатыр. Мәселен, қазіргі уақытта еліміздің басым бөлігінде қарияларды сауықтырып, медициналық көмек көрсететін бірқатар орталықтар бар. Оның ішінде Белсенді өмір сүру орталығының маңызы айрықша. Қалың оқырманның жадында болса, бұдан біраз уақыт бұрын дәл осындай орталық Түркістан қаласында жұмысын бастаған болатын. Осы орайда, аталған мекеменің тыныс-тіршілігімен танысып, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына назар аударуға тырысып көрдік. Бүгінде біз сөз еткен Белсенді өмір сүру орталығында зейнеткерлерге дәрігерлердің бақылауы мен кеңесі һәм ұсынысы негізінде психологиялық және медициналық көмектер көрсетіліп жатыр. Орталықта тұз бөлмесі, сенсорлық бөлме, массаж, сауықтыру гимнастикасы, ЛФК кабинеті, еңбек терапиясы, фитотерапия, ағартушылық қабинет, кітапхана, ойын алаңдары, ән мен би үйірмелері бар. Мұның барлығын қариялар қажет уақытта дәрігерлердің ұсынысы негізінде пайдалана алады. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласының қызметкерлері де қариялардың жағдайын ұдайы қадағалап, тиісті шараларды көріп келе жатыр. Орталық күніне 70 адамға дейін қызмет көрсетуге қауқарлы. Оның игілігін көріп жатқандардың саны да көбейіп келеді. Осы орайда, орталық қызметін алып жатқан жандармен аз-кем сұхбаттасып, пікірін сұраған едік. Қызмет алушылардың айтуынша, мұндағы жандардың таңы жаттығудан басталады. Түрлі үйірмелер де жұмыс істеп тұр. Ем-дом шаралары да жоспарға сай көрсетіліп жатыр. Бос уақытта табиғат аясына шығу мен тарихи орындарға сапар шегу де қарастырылған. Аталар жағы шахмат ойнап, бильярдты ермек етсе, әжелер тарапы құрақ құрап, ұлттық құндылықтарды насихаттауды қолға алған. Ең бастысы, орталық қызметіне жүгінгендер салауатты өмір салтын қатаң ұстанады.

Орталықтың қызметіне жүгінген зейнеткер Жетібай Өмірәлиевтың айтуынша, мекеменің қызметі жоғары деңгейде. «Өзім – екінші топ мүгедегімін. Орталыққа келгеніме 3 жылға жуықтап қалды. Саулығым жақсарып келеді. Оны өзім біліп, сезіп, көріп отырмын. Себебі мұнда тегін массаж, көптеген жаттығу түрлері бар. Осының арқасында өміріміз жеңілдеп жатқан сияқты. Мекемеге алғысымды айтамын. Әсіресе, осыны ұйымдастырған басшыларға рахмет. Ұл-қызының рахатын көрсін» дейді зейнеткер. Тағы бір зейнеткер Бақытгүл Байболова 40 жылға жуық уақыт перзентханада жұмыс істеген. Зейнетке шыққан кейін бірнеше жыл үйінде отырып қалыпты. Қимыл-қозғалыстың аздығынан кейіпкерімізде қан қысымы пайда болған. Тіпті, аяқ-қолының қақсағанын айтады. Дегенмен мекеме қызметіне жүгінгелі өзгерістерді айқын аңғарған. «Орталыққа келгенімен 1 жылға жуықтап қалды. Қан қысымын көтеріліп, тізем ауыратын. Қазір жақсымын. Көңіл-күйім де тамаша. Мұнда менің қатарластарым көп. Солармен емен-жарқын әңгіме айтып жүріп уақыттың қалай өткенін де білмей қаламын. Мейірбикелерге рахметімді айтқым келеді. Олар әр сұрағымызға толымды жауап береді. Көмек керек болса, қол ұшын созады. Тіпті, әрбір жаттығудың қай ағзаға пайдалы екенін де түсіндіріп береді. Қан қысымымызды да ұдайы тексеріп отырады. Қатарластарымды осында шақырамын. Бәрі тегін. Келіңіздер» дейді ол.

Мұнда зейнеткерлерді сауықтырумен қатар дәрігерлер тарапынан да медициналық қызметтер көрсетіледі. Бұл туралы орталық қызметкері Әсел Жаңабекова былайша тарқатты «Мекемеміздің мақсаты – ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау. Бүгінгі таңда Түркістанда 15 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Орталық қызметіне күн сайын 60-70 зейнеткер жүгінеді. Биыл 3 мыңға жуық азаматқа қызмет көрсету жоспары бекітілген болатын. Күні бүгінге дейін 2 мыңнан астам азамат бізге келіп, қажет емдеу-сауықтыру шараларымен қамтылды. Жалпы орталық жұмысын бастаған уақыттан бері 10 мыңнан астам азаматқа көмектестік» дейді. Ал тағы бір маман Алтынай Асылбекованың сөзінше, мекемеде 7 бағыт бойынша қызметтер көрсетіледі. Біріншісі – медициналық қызмет көрсету. Онда массаж, гимнастика, йога бойынша қызметтер көрсетіледі. Барлығы тегін. Екіншісі – құқықтық көмек. Орталықта заңгер жұмыс істейді. Қариялардың заңға қатысты түйткілдері болса, дәл осы қызметкер қол ұшын созады. Үшіншісі – экономикалық көмек. Жоғарыда атап өткеніміздей, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Осы орайда, олардың саулығы жұмыс істеуге жарамды болса, дәл осы бөлім мамандары қажет жұмыспен қамту шараларын жүзеге асырады. Бұл ғана емес, мекеме қызметін тұтынушылар кәсіп бастаушыларға мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантқа құжат дайындау, бизнес жоба жасауды үйрету шараларымен де қамтылады. Төртіншісі – әлеуметтік демалу. Яғни әр жұмада қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар белсенді өмір салтына бейімдеу мақсатында тарихи, мәдени орындарға сапар шегеді. Табиғат аясында демалады. Онда түрлі қызықты шаралар ұйымдастырылады. Бесіншісі – психологиялық көмек. Ашып айтсақ, ішкі дүниесінде болып жатқан түрлі сезімдер мен оқиғалар турасында қариялар психологқа айтып, қажет көмектерді алып жатады. Бұдан басқа да қызмет түрлері бар. Оның бәрі де қариялар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз, өз уақытымен беріліп жатыр. Қорыта айтсақ, мұндай мекемелердің көптеп ашылуы «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы көздеген халықтың орташа жасын ұлғайтуға септесетіні анық. Өйткені жұмыс істеп, белсенді болған азаматтардың зейнет жасына жеткеннен кейін бірден қимыл-қозғалысының азаюы саулығының сыр беруіне себепші болады. Ал белсенді өмір салтын ұстап, салауатты өмір салтына бейімделген жандардың иммунитеті де жоғары болады, түрлі аурулар да мазаламайды. Бұл – ғылыми тұрғыда дәлелденген ұйғарым десек, артық айтпаған болар едік.

 

 


ПІКІР ЖАЗУ