«БАСТАУ БИЗНЕС» ЖОБАСЫ АЙТАРЛЫҚТАЙ НӘТИЖЕЛЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ
Шымкентте әлеуметтік қолдау және еңбек нарығын дамыту бағытында маңызды қадамдар жасалуда. 2024 жылдың қорытындысымен елімізде бірнеше ауқымды жобалар мен бағдарламалар өз нәтижесін беріп, азаматтардың тұрмысын жақсартуға бағытталған шаралар орындалды.
Қоныс аударған қандастар саны артып келеді. Мегаполисте 2024 жылға қандас мәртебесін алу жоспарланған 1275 адам болса, жыл соңына дейін 826 азамат қандас мәртебесін алған. Бұл көрсеткіш, әсіресе, елдің оңтүстік және шығыс өңірлеріне қоныс аударған қандастар үшін әлеуметтік жағдайды жақсартуға ықпал етуде.
Шаһарда кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жүзеге асырылған «Бастау Бизнес» жобасы да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Бұл жоба шеңберінде оқу процесінен өтіп, жеке ісін ашуға ниетті 3 383 адам тіркелген. Олардың 2 612-сі оқуды аяқтап, 556 адам оқуға дейін жеке кәсібін ашқандар. Қалған 2 056 адамнан 1032 адам өз кәсібін ашты. Бұл жоба аясында жоспардың 50,2%-ы орындалып, еліміздің шағын және орта бизнесін дамытуға елеулі үлес қосылды.
Жұмыссыздықты төмендету мақсатында 2024 жылдың соңына дейін субсидияланатын жұмыс орындарына 7 166 азамат жолданған. Бұл бағдарламаның арқасында 5 377 адам жұмысқа орналасып, оның ішінде 3500 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл көрсеткіштің 65,1%-ы құрайтынын ескерсек, субсидияланатын жұмыс орындары арқылы тұрғындар тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алуда.
Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруда жеке сектордың рөлі маңызды артықшылықтарға ие. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 7 646 жұмыс беруші, оның ішінде 7 344 жеке кәсіпорын қатысқан. Осылайша, жеке сектордың үлесі 96%-ға жетіп отыр.
Шымкент қаласында 23 342 жұмыс орнын құру жоспарланып, нақты 15 037 кәсіпорында 21 609 адам жұмысқа орналасты. Бұл жоспардың 92,6%-ы орындалып, Шымкенттің еңбек нарығы айтарлықтай жанданып келеді.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы да жұмысқа орналастыру деңгейін арттыруда маңызды рөл атқарды. 2024 жылға 1 110 адамды кәсіби оқыту жоспарланып, 670 адам оқуға жолданды. Оның ішінде 393 адам оқуын аяқтап, 297 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл көрсеткіштің 75,6%-ы жұмыспен қамтылғандардың үлесін көрсетті.