ШЫМКЕНТТЕ 100-ДЕН АСТАМ АЯЛДАМАҒА АҚПАРАТТЫҚ ДИСПЛЕЙ ОРНАТЫЛАДЫ
Су және кәріз жүйелері халықтың өмір сапасын жақсартуда және қаланың дамуында маңызды рөл атқарады. Осы орайда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және сала мамандары кезекті аралау барысында Абай ауданындағы «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жаңа арнайы техникасымен танысты. Бұл техника заманауи және пайдалануға ыңғайлы. Ол кәсіпорын қызметкерлеріне су және кәріз желілеріндегі апаттарды жылдам жоюға, сондай-ақ жөндеу жұмыстарының уақытын қысқартып, сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан соң «Салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығы» мен Кеңес Одағының Батыры С. Рахимов атындағы республикалық «Жас ұлан» мектебінің ғимараттарын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Құрылыс басқармасының басшысына құрылыс жұмыстары мен нысан маңындағы аумақты абаттандыруды қатаң бақылауды тапсырды.
Бұдан бөлек, қалалық аялдамаларға қоғамдық көлік бағыты мен қозғалыс кестесін көрсететін электронды тақта орнату жобасының іске асырылу барысын тексерді. Биыл жобаның бірінші кезеңі аясында Шымкентте 100-ден астам аялдамаға ақпараттық дисплей орнатылады.