АБАЙ АУДАНЫНДА ДАМУ ҚАРҚЫНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

0
Абай ауданында инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2024 жылға дейін аудандағы жарықтандырылған көшелер саны 193-ті құрап, қамту көрсеткіші 15,1 пайыз деңгейінде болған. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы 254 көше жарықтандырылып, нәтижесінде жарықтандырылған көшелер саны 447-ге жетті. Бұл көрсеткіш ауданның жарықтандыру деңгейін 35,1 пайызға дейін арттырды. Жобаны іске асырушы мердігер мекеме – «ӘлемТрансЖол» ЖШС.
Халықтың қатысуымен әзірленген бюджет жобасы аясында бірқатар маңызды жұмыстар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 491,2 млн теңгеге 21 жоба іске асырылып, оның ішінде 18 балалар алаңы мен 2 спорт алаңы салынды. Сонымен қатар, Жиделі шағын ауданында құны 76,1 млн теңге болатын гүлзар салынды, оның 46,1 млн теңгесі арнайы ұтып алынған қаржы.
200 млн теңгеге 15 шақырымды құрайтын аяқжол салу жұмыстары жүргізіліп, 22 көшеде 15 мың шаршы метр аумақты қамтыған аяқжолдар пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, аудан аумағына 20 қоқыс алаңы орнатылып, орталық көшелерге 363 дана қоқыс жәшігі қойылды. Бұл жұмыстарға 66,3 млн теңге қаржы жұмсалды. Ауданның мерекелік безендіру шараларына 130 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар мереке қарсаңында аяқталды.
Ирригациялық жүйелерді дамыту бойынша да маңызды жобалар қолға алынған. Қазіргі таңда 443,7 млн теңгеге 9 нысанда 14 шақырымды қамтитын 27 көшеге ирригациялық жүйелер орнатылуда. Бұл жобаларды жүзеге асырумен «ӘлемТрансЖол» ЖШС айналысуда.

ПІКІР ЖАЗУ