ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕРДІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан өңірінде 170-ке жуық білім беру ұйымы жұмыс істейді. Онда 51 мыңнан астам оқушы білім алуда. Бұл мектептерде 3435 педагог еңбек етіп келеді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары жекеменшік мектептердің директорларымен кездесу өткізді. Жиында өзекті мәселелер талқыланып, ұсыныс-пікірлер айтылды.
Білім ошақтарының рейтингі, ұстаздардың сапалық құрамы жайлы талдаулардың нәтижелері сөз болды. Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметтеріне сүйенсек, орташа көрсеткіште барлық жекеменшік мектептердің белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес емес. Оған кей білім беру ұйымдарының деректерді дұрыс толтырмауы және жаңартпауы әсер етіп отыр. Сондай-ақ облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жандос Маханбетовтің мәлімдеуінше, мектеп басшылары 3 жылда кемінде 1 рет менеджмент бойынша біліктілікті арттырып отыруға тиіс. Дегенмен бұл міндет тиісті деңгейде орындалмаған. 102 мектептен 902 мұғалім курстан өтсе, 66 мектеп үйлестіре алмаған. BilimClass электрондық журналы да зерделеніп, 30-ға жуығы тіркелмегені анықталды. Білім сапасы 60,05%-ды құраса, үлгерімі — 99,96% пайыз.
Қазіргі таңда облыстағы 157 жекеменшік мектеп мемлекеттік тапсырыс алу арқылы қызмет етуде. Онда жалпы 47 мыңнан астам бала оқиды. ҚР «Қаржы орталығы» АҚ білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы болып келді. Биыл 1 қаңтардан бастап қаржыландыру нысаналы трансферт ретінде облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылуда. Бейсенбай Дәулетұлы штаттық қызметкерлер мен педагогтардың жалақысын төлеу мәселесі үнемі бақылауда екенін жеткізді. Мәжілісте баяндамалар тыңдалып, сұрақ-жауап бөліміне ұласты. Көтерілген проблемалар мен ұсыныстар назарға алынды.