ЖЕТІСАЙЛЫҚТАР ҒАСЫР КУӘГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

0
Қарттарын құрметтеп, абыздарын ардақтай білетін қасиетті Жетісай топырағының тумалары осы өңірдің өсіп-өркендеуіне тер төгіп, бүгінде 100 жастан асқан алтын құрсақты аналарды да «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесінен шет қалдырмай сый-сияпаттарын жасады.
Айтулы мереке қарсаңында елдегі демографиялық ахуалдың жақсаруына сүбелі үлес қосып, жаны нәзік болса да ерлермен иық тіресе саналы ғұмырын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арнаған әжелерді құттықтауға аудан әкімі Серік Мамытов көнекөз қарттардың иықтарына ұлттық нақыштағы комзол жауып, тәттілер мен жеміс-жидек себетін, мерекелік гүл шоқтарын сыйға тартты.
Аудан басшысы ең алдымен ауылдың абыз анасына айналған Жетісай қаласының тұрғыны 102 жастағы Ойнобот Хангушеваның шаңырағында болды. Қадірлі, қазыналы тәлімі кейінгі буынға әрқашан үлгі-өнеге саналатын әжей бүгінде 102-ге келсе де ұрпағының шаттығын, елінің берекесін тілеуден шаршаған емес.
Аудан басшысы Жетісай қаласының тұрғыны Сұлу Сапарбаеваны айтулы мерекесімен құттықтап, сый-сияпатын жасады.
Аудан әкімінің қолынан құттықтау алғандардың тағы бірі Мақталы ауылдық округіне қарасты Темір жол елді мекенінің тұрғыны, 100 жастағы Зәуре Алдабергенова болды. 100 жасқа келсе де ұрпақ тәрбиесінен қол үзбеген, талай аумалы-төкпелі заманды басынан өткізген кейуана арнайы құттықтап келген аудан басшысына ризашылығын білдіріп, елді өркендету бағытындағы игілікті бастамаларына сәттілік тіледі. Батасын берді.
Ғасырдан астам ғұмыр кешіп, бір-бір әулеттің берекесі мен ұйытқысына айналып отырған аяулы жандар да өз кезегінде ыстық лебіздерін білдірген азаматтарға алғыстарын айтып, ел іргесінің сөгілмеуін, бейбіт өмірдің түгемеуін тіледі.

ПІКІР ЖАЗУ