ШЫМКЕНТТЕ ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

0
Шымкент қаласында биыл мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен 97 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 3592 пәтерлі көп қабатты 57 тұрғын үй бой көтеріп келеді.
Жалпы, тұрғындар саны тұрақты өсімді көрсетіп отырған мегаполисте құрылыс саласы маңызды орынға ие. Өйткені, бұл сала қалаға инвестиция тарту мен халықты жұмыспен қамтуда шешуші рөл атқарады. Соңғы жылдары Шымкент те елдегі алып құрылыс алаңдарының біріне айналып келеді. Шаһардағы құрылыс ауқымының кеңеюі өнеркәсіп, шағын және орта бизнестің дамуына да мультиплекативті әсерін тигізіп отыр. Нәтижесінде былтыр қаладағы құрылыс жұмыстарының көлемі 14 пайызға артып, пайдалануға берілген тұрғын көлемі 26 пайызға ұлғайған. Жалпы алғанда қала экономикасына тартылған инвестиция көлемінің 12 пайызға артуында да дәл осы құрылыс саласының үлесі басым.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, биыл қалада мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен 97 нысанның құрылысын жүргізу қолға алынды. Атап айтсақ, жалпы ауданы 283,5 мың шаршы метрді құрайтын көп қабатты 57 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Бұл үйлерде 3 592 пәтер бар. Соның ішінде биыл 190,7 мың шаршы метрлік 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 2 412 пәтер қолданысқа берілмек.
Халықты сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл мәселеде мемлекет жастар мен әлеуметтік тұрғыда осал топтарға айрықша назар аударып отыр. Былтыр қалада бюджет қаражаты есебінен 1 514 дайын пәтер сатып алынды. Оның 454-і жұмыс істейтін жастарға, ал, 1060 пәтер әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларға берілді. Биыл да дәл осы тәсілмен нарықтан 1 279 пәтер сатып алынады. Соның ішінде 900-і жұмыс істейтін жастарға арналған болса, 379 пәтері осал топтың қатарына кіретін тұрғындарға беріледі. Биыл мемлекеттік бюджет есебінен 97 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жалпы 283,5 шаршы метр құрайтын көп қабатты 57 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Бұл үйлерде 3592 пәтер бар. Соның ішінде 190,9 мың шаршы метрі биыл тапсырысқа беріліп, «Бөбек» тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, 2412 пәтер пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, әкімдік тұрғын үйдің көлеміне ғана емес, сапасына да назар аударып отыр. Бұл ретте құрылыс сапасына қойылатын талаптарда да күшейтіліп жатыр. Мәселен, бұрын кепілдік мерзім бес жыл болатын болса, қала әкімінің тапсыруымен қазір жеті жылға дейін ұзартылды. Құрылыс басқармасының есебінде кепілдік мерзімі сақталып отырған 197 тұрғын үй бар. Былтыр осы тұрғын үйлердегі 10382 пәтерден 656 кемшілік табылып, барлығы мердігер компаниялардың есебінен жойылды.
Халық санының өсімі әлеуметтік нысандарға деген сұраныстың артуына әкеліп отыр. Осы орайда білім, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт саласындағы ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізуге және жаңа нысандар салуға басымдық беріліп отыр.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында былтыр 12 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның 11-і пайдалануға берілді. «Таскен» шағын ауданында салынып жатқан жайлы мектептің құрылысы биыл ІІІ тоқсанда аяқталады. Бұдан бөлек, биыл білім саласында 7 нысанның құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 6-ы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Сонымен қатар биыл білім саласындағы 10 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталады. Ал, қаладағы мектептерде орын тапшылығы мәселесінің алдын алу мақсатында 9 мектепке қосымша ғимарат салынады. Қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.
Сонымен бірге биыл қалалық диагностикалық орталықтың ғимаратын кеңейту жұмыстары мен қан орталығының қосымша ғимаратының құрылысын толық аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан басқа «Нұрсәт» шағын ауданындағы перинаталдық орталыққа қосымша корпус және «Ақжайық» шағын ауданында жаңадан 200 орынды перинаталдық орталық салу қолға алынбақ. Қазір бұл нысандардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Ал қаланы абаттандыру, мәдениет, спорт салаларының әрқайсысында бір-бірден, әлеуметтік қамтамасыз ету саласында 3 және төтенше жағдайлар саласында 6 нысанның құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, биыл 6 инженерлік-инфрақұрылым нысан мен мемлекеттік органдардың 2 ғимаратының құрылысы аяқталады.

ПІКІР ЖАЗУ