ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДА ҚЫРУАР ІС АТҚАРЫЛЫП ЖАТЫР

Бүгінде Шымкент қаласында құрылыс саласы қарқынды дамып, мегаполистің келбеті жылдан-жылға жаңарып келеді. Құрылыс жұмыстарының көлемі артқан сайын, олардың заң талаптарына сәйкестігін қадағалау мәселесі де өзекті бола түсуде. Осы орайда, Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы бірқатар маңызды жұмыстар атқаруда.
Төрт айда 489 құрылыс нысаны тіркелді
2025 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында басқармаға құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталатыны туралы 489 хабарлама келіп түсті. Оның ішінде 41 нысан — бюджеттік қаражат есебінен, ал 448 нысан — жеке қаражат негізінде салынып жатқан объектілер. Барлық нысандар арнайы реестрге тіркелген.
Құқық бұзушылықтарға тосқауыл қойылды
Құрылыс саласындағы заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында басқарма тарапынан биыл 61 құрылыс нысанына қатысты 142 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл шаралар құрылыс сапасын арттыруға және заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Аттестаттау жұмыстары белсенді жүргізілуде
Құрылыс саласындағы кәсіби біліктілікті арттыру мақсатында, биылғы жылдың алғашқы төрт айында 61 сарапшыға инжинирингтік қызметтер мен сарапшылық жұмыстарды жүзеге асыру үшін аттестат берілді. Бұл құрылыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды қадам.
Қала лифтілері жаңартылып жатыр
Басқарма лифтілердің техникалық қауіпсіздігін де басты назарда ұстап отыр. Қазіргі таңда қала аумағында 1249 лифт жұмыс істейді. Оның ішінде:
-
Тұрғын үйлерде – 950 лифт
-
Денсаулық сақтау мекемелерінде – 59
-
Білім беру ұйымдарында – 56
-
Қоғамдық орындар мен сауда орталықтарында – 184 лифт бар
«Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында, 2025 жылы 12 лифт, ал 2026 жылы 23 лифтіні ауыстыру жоспарланып отыр. Ал биылғы жылы жергілікті бюджет есебінен 28 лифтіні ауыстыру көзделсе, оның 24-і толықтай жаңартылып, пайдалануға берілді. Қалған 4 лифт бойынша жұмыстар жалғасуда.
Шымкент қаласының құрылыс саласы тек көлемімен ғана емес, сапасы мен заңдылыққа сәйкестігімен де дамып келеді. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының жүйелі жұмысы қаладағы инфрақұрылымның қауіпсіз әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудағы маңызды қадамдардың бірі.