ТҮРКІСТАНДА ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРҒА ҚҰРМЕТ ПЕН ҚОЛДАУ АРТЫП КЕЛЕДІ

0

2025 жыл – Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы». Бұл бастама жай ғана ұран емес, елдің экономикалық әлеуетін нығайтып, еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталған үлкен мемлекеттік жоба. Осы орайда, Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан нақты қадамдар мен жүйелі жұмыстар – бастаманың өміршеңдігін айғақтайды. Соңғы шаралардың бірі – коммуналдық сала қызметкерлеріне жаңа техникалардың табысталуы, еңбек адамдарына көрсетілген құрмет пен марапат. Бұл іс-шара елдегі жұмысшы мамандықтарына деген көзқарастың өзгеріп, жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Тарихта әрбір өркениеттің негізін қалаған – еңбек адамдары. Бүгінгі күні де дамудың нақты кепілі – жұмысшы мамандардың кәсіби шеберлігі мен адалдығы. Бұл жөнінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров салтанатты шарада атап өтті. Нақтырағы «Жұмысшы мамандықтар жылы – еліміздің экономикалық дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға бағытталған үлкен қадам» деді ол. Облыста «Өңірлік жұмыспен қамту картасына» сәйкес, 130 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылса, соның 60%-ға жуығы – жұмысшы мамандықтарына арналған. Бұл санның артында тек статистика емес, тіршілік қамын жасап жүрген мыңдаған отбасының тағдыры, болашағы тұр. Коммуналдық сала – қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін көрінбейтін еңбек майданы. Түркістанда аталған саланың дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, 2025 жылы қала коммуналдық меншігіне 29 техника сатып алынған, соның 21-і салтанатты түрде пайдалануға берілді. Бұл техникалар қаланың санитарлық тазалығын жақсарту, абаттандыру жұмыстарын жандандыру, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын тиімді іске асыруға бағытталған. Қазіргі таңда «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС-нің 35 техникасы жұмыс істеуде. Жаңа техникалардың қосылуы қала тазалығына тың серпін беретіні сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы – тек физикалық тазалық емес, қоғамдық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолындағы маңызды жобалардың бірі. Түркістан облысы бұл бастаманы өңірлік деңгейде лайықты іске асырып келеді. Қала көшелерінің тазалығы, инфрақұрылымның ұқыптылығы – бұл жүйелі менеджмент пен адал еңбектің нәтижесі. Ал мұның артында дәнекерлеуші, электрик, су маманы, жүргізуші секілді қарапайым еңбек адамдары тұр. Салтанатты жиында облыс әкімі бір топ азаматты марапаттады. Жиында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі, «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының құрметті қызметкері» төсбелгісі, ҚР министрінің «Құрмет» грамотасы, облыстық мәслихат төрағасы атынан алғыс хаттар тапсырылды. Бұл марапаттар – жүйелі және адал еңбектің бағалануының нақты көрінісі. Сонымен қатар бұл шаралар жастар арасында жұмысшы мамандықтарына деген оң көзқарасты қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік құрал іспеттес.

Бүгінде Түркістан облысында 30 колледжде 16 мыңнан астам жас жұмысшы мамандықтар бойынша білім алуда. Бұл – болашақ өндіріс пен коммуналдық саланың кадрлық негізі. Облыста техникалық және кәсіптік білім берудің жаңа моделіне көшу, дуальді оқыту, өндірістік тәжірибе бағыттарын күшейту – еңбек нарығының талабына сәйкес шешім. Жалпы Түркістан қаласында өткізілген бұл іс-шара – тек техникалар табыстау рәсімі емес. Бұл – еңбекке құрметтің жаңаша мәнге ие бола бастағанының айқын дәлелі. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясындағы осындай бастамалар арқылы еңбек адамына берілетін әлеуметтік, моральдық, материалдық қолдау күшейіп келеді. Таза еңбек – таза қоғам қалыптастырады. Түркістанда басталған бұл қозғалыс елдің өзге өңірлеріне үлгі болары анық. Себебі нағыз өркениет – тек технологияда емес, еңбектің лайықты бағалануында.


ПІКІР ЖАЗУ