ҚАРАҚАЙДА ЖОЛ ЖӨНДЕЛІП, КАНАЛДАР ТАЗАРТЫЛДЫ

0

Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының талаптары күнделікті жұмыс барысында нақты жүзеге асуда. Бұл жолы аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың кезекті есептік кездесуі Қарақай ауылдық округінде өтті. Кездесу ашық форматта ұйымдастырылып, тұрғындар өз пікірлерін еркін білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «тыңдайтын мемлекет» қағидатын іске асырудың басты тетігі – дәл осындай тікелей диалог алаңдары екені белгілі.

Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, мәслихат депутаты Олжас Қаныбеков, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Елшібаев, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен салалық мекемелердің жетекшілері, сондай-ақ жергілікті тұрғындар қатысты. Кездесудің басты мақсаты – тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, олардың ұсыныстары мен талап-тілектерін тікелей тыңдау, шешімін күткен мәселелерді бірге талқылау болды. Серік Үсенұлы сөз басында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасап, соңғы айларда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында ақпарат берді. Ол өткен кездесуде Қарақай ауылдық округі тұрғындары тарапынан көтерілген 17 мәселенің 5-і шешімін тапқанын, ал қалған 12-сі тұрақты бақылауда екенін жеткізді. Әкімнің айтуынша, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары ауданның даму жоспарына енгізіліп, әрбір мәселе бойынша жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар берілген. Қарақай ауылдық округі бүгінде қарқынды дамып келе жатқан елді мекендердің бірі. Мұнда жол, спорт, әлеуметтік және инфрақұрылым салалары бойынша бірқатар жобалар жүзеге асуда. Атап айтқанда, Кетебай елді мекенінде жаңа спорт алаңшасын салуға 14 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл нысан жастардың спортпен айналысуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға айрықша мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. 2024-2025 жылдары жергілікті бюджет есебінен 126 миллион теңге бөлініп, Сәтпаев елді мекеніндегі Жеңіс, Отан, Құрманғазы, Абай, Белгібаев көшелеріне орташа жөндеу жүргізілуде. Бұған қоса, облыстық бюджеттен 150 миллион теңге бөлініп, Алатау, Бірлік, Т.Рысқұлов, Төреқұлов және Наурыз көшелерін жаңарту жұмыстары қолға алынған. Бұл жобалар ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысын жақсартып қана қоймай, ауылдың келбетін де айтарлықтай өзгертеді. Аяқжол салу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Кетебай елді мекеніндегі Әлия Молдағұлова көшесіне 17 миллион 953 мың теңгеге аяқжол төселіп, тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз етуге жағдай жасалды. Сонымен бірге, ауылды көркейту бағытында аллеяны қоршауға 1,3 миллион теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Мұның бәрі ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жүйелі шаралардың нақты көрінісі.

Ауыз су мәселесі – ауыл тұрғындары үшін ең өзекті тақырыптардың бірі. Бұл бағытта да нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қарақай елді мекенінің ауыз су жүйелерін қайта құру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге аудандық бюджеттен 1 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен ауыз су ұңғымасын жөндеу және бұрғылау жұмыстарына қаржы қарастырылып, қазан айында жұмыстарды бастау жоспарланып отыр. Бұл бастама ауыл халқын сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығына қатысты да тиімді шешімдер қабылданған. Округ дихандарына ағын су жеткізуді жеңілдету үшін К-МО-1, К-МО-1-1, К-МО-1-1-1, К-23 және К-23-5 каналдары механикалық тазалаудан өткізілген. Бұл жұмыстар егіннің өнімділігін арттырып, шаруалардың еңбек жағдайын жақсартуға ықпал етуде. Кездесу барысында тұрғындар өздерін мазалаған түрлі мәселелерді көтерді. Негізінен инфрақұрылымдық жобалардың сапасы, коммуналдық қызметтердің тұрақтылығы және әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі жайлы сұрақтар қойылды. Әкім барлық сұрақтарға нақты жауап беріп, кейбірін орнында шешіп берді. Ал күрделі мәселелер бойынша тиісті мекемелерге тапсырмалар жүктеліп, орындалу барысы жеке бақылауға алынды.

Кездесу соңында Серік Мамытов жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың жеке өтініштерін тыңдады. Халықтың арасында әлеуметтік көмек, жер қатынастары, тұрғын үй және жұмыспен қамту мәселелерін қозғаған азаматтар болды. Әкім әрбір өтінішке жеке мән беріп, нақты жауап қайтарды және жауапты бөлімдерге тиісті нұсқаулар берді. Мұндай кездесулердің мәні зор. Себебі, олар тек есеп беру емес, халықтың пікірін ескеріп, мемлекеттік шешімдерді бірге қабылдау алаңына айналып отыр. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының түпкі мақсаты. Яғни, билік пен халық арасындағы байланысты күшейтіп, тұрғындардың үніне дер кезінде жауап беру. Жетісай ауданында әкімдік жұмысы осы бағытта жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Тұрғындардың ұсыныстары мен шағымдары ескеріліп, олардың негізінде нақты жобалар жүзеге асуда. Бұл – халық сенімін арттырып, мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз ететін маңызды қадам. Қарақай ауылдық округінде өткен кездесу соның айғағы болды. Ашық диалог пен өзара түсіністік негізінде өткен жиын тұрғындардың белсенділігін арттырып, жергілікті билікке деген сенімді нығайтты. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында Жетісай ауданының ауылдық округтері әлеуметтік және инфрақұрылымдық тұрғыда тұрақты дамып келеді.


ПІКІР ЖАЗУ