ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Жетісай ауданында тұрғындармен тұрақты түрде кездесу өткізу дәстүрге айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған осындай басқосулар ел мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында нақты нәтижелерге қол жеткізуге ықпал етіп келеді.
Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың кезекті есептік кездесуі Жетісай қаласына іргелес орналасқан Жаңа ауыл ауылдық округінде өтті. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясының Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, мәслихат депутаттары Қаршыға Ақтөреева мен Мақсат Айнабеков, тиісті бөлім басшылары мен құзырлы орган өкілдері, сондай-ақ округ тұрғындары қатысты. Кездесудің басты мақсаты – ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндау, тұрғындар көтерген өзекті мәселелердің орындалу жағдайын талқылау және жаңа ұсыныстарды тыңдау болды. Аудан әкімі алғашқы сөзінде өткен жарты жылдықта тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге тоқталды. Ол кезде Жаңа ауыл ауылындағы және Ынтымақ елді мекеніндегі бірнеше көше жолдарын жөндеу, электр бағаналарын жаңарту, тік дренаждар мен кәріз тазарту қондырғыларын ретке келтіру, сондай-ақ Яссауи мектебінде оқушыларды мемлекеттік тілде оқыту жағдайын қамтамасыз ету секілді алты мәселе көтерілген болатын. Әкімнің айтуынша, бұл мәселелер бойынша арнайы іс-шара жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Аудан басшысы биылғы жылы Жаңа ауыл, Қарой, Ынтымақ және Атақоныс елді мекендеріндегі ауыз сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысына қаржы қарастырылғанын айтты. Құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде және жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жобалардың іске асуы бірнеше ауылдағы тұрғындардың таза ауыз суға қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Кездесуде жастардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған әлеуметтік нысандардың құрылысы да сөз болды. Ынтымақ елді мекенінде балалар ойын және «Workout» алаңшалары орнатылған, ал Әбдіхалық ауылындағы Ғаламшар көшесіне «Workout» алаңшасын, Жетібаев көшесіне балалар ойын алаңшасын салу бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар ауыл жастары мен балаларының денсаулығын нығайтып, спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында округ аумағындағы инфрақұрылым да айтарлықтай жаңаруда. Жаңа ауыл ауылындағы Бейбітшілік, Ақдала, Қобыланды, Бұқар жырау, Ақмарал, Жібек жолы, Назқоңыр, Атамекен, Жоба және Шаханов көшелеріне асфальт төселіп, орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Сонымен қатар, Атақоныс ауылындағы Жаңа құрылыс, Жаңа құрылыс І және ІІ, Байшұбар, ал Мырзашөл ауылындағы Жетібаев көшесі, Жаңа ауылдағы Байқоңыр және Қарой ауылындағы Жоба, Жоба І көшелеріне тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жол инфрақұрылымынан бөлек, су арналары мен арық жүйелерін тазалау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Жаңа ауыл ауылдық округі бойынша тұрғындардың өтініштеріне сәйкес 18 канал мен арық механикалық тазалаудан өткізілді. Олардың қатарында К-21-7, К-21-5, К-21-4-4, К-21-8 және басқа да су арналары бар. Бұл жұмыстар егістік алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді. Аудан әкімінің айтуынша, жеке инвесторлардың қолдауымен Мырзашөл елді мекенінде жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайтын заманауи мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа оқу ордасы соңғы үлгідегі кабинеттермен және заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмек. Бұл – өңірдің білім саласын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі. Сонымен қатар, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге 5 миллион теңге бөлініп, жоспарлы жұмыстар жүргізілген. Көше атаулары мен үй нөмірлерін орнату үшін қосымша 6 миллион теңге қаражат қарастырылған. Бұл елді мекендердің келбетін жаңартып, мекенжай жүйесін біріздендіруге мүмкіндік беруде.
Кездесу барысында тұрғындар аудан әкіміне өз ұсыныстары мен пікірлерін ашық айтты. Олар көбіне жол, ауыз су, жарықтандыру, білім мен әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты сұрақтар көтерді. Серік Үсенұлы әрбір өтінішті мұқият тыңдап, тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді. Кейбір мәселелер сол жерде шешімін тапса, күрделі сұрақтар бақылауға алынып, шешу жолдары қарастырылатын болды. Кездесу соңында аудан әкімі жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың арыз-шағымдарын тыңдады. Әкімнің айтуынша, тұрғындармен осындай ашық форматтағы кездесулерді өткізу – билік пен халық арасындағы сенімді нығайтудың тиімді жолы. «Әрбір тұрғынның мәселесі – біз үшін маңызды. Сондықтан халықтың үніне құлақ асып, олардың ұсыныстарын жүзеге асыру – біздің басты міндетіміз», – деді Серік Үсенұлы Мамытов. Жаңа ауылдық округіндегі бұл жиын аудан тұрғындарының белсенді азаматтық ұстанымын көрсетіп қана қоймай, биліктің ашықтығын да айқындады. Осындай кездесулер арқылы жергілікті мәселелер дер кезінде талқыланып, нақты шешімін табуда. Жетісай ауданы әкімдігі алдағы уақытта да тұрғындармен кездесулерді жалғастырып, өңірдің дамуына бағытталған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыра бермек.









