АТАМЕКЕНДЕ АЯҚСЫЗ ҚАЛҒАН МӘСЕЛЕ БОЛМАЙДЫ

0

Жетісай ауданында халықпен тұрақты байланыс орнату және елді мекендердегі өзекті мәселелердің шешілуін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған мұндай кездесулер жергілікті билік пен халық арасындағы өзара сенімді нығайтуға, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тікелей тыңдауға мүмкіндік беріп отыр.

Бекітілген кестеге сәйкес аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың кезекті есептік кездесуі Атамекен ауылдық округінің тұрғындарымен өтті. Бұл жиында халықтың күнделікті өміріне қатысты өзекті мәселелер талқыланып, олардың шешу жолдары мен мерзімдері жан-жақты қарастырылды. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясының Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев, құзырлы орган өкілдері мен бөлім басшылары, тиісті сала мамандары және округ тұрғындары қатысты. Жиын барысында аудан басшысы өткен кездесуде тұрғындар көтерген алты мәселенің орындалу барысына тоқталды. Атап айтқанда, қашыртқыларды тазалау, жол кедергісін орнату, көшелерді орташа жөндеуден өткізу, көпір жөндеу және спорт алаңшасын салу сияқты мәселелердің екеуі толық шешімін тапқан, қалған төртеуі тұрақты бақылауға алынған. Әкім өз баяндамасында округ аумағында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Атап айтқанда, Атамекен ауылдық округіне қарасты Жемісті елді мекенінде құны 191,9 миллион теңгені құрайтын жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Бұл ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық көмекке қолжетімділігін арттырып, ауылдағы денсаулық сақтау қызметінің сапасын жақсартуға зор мүмкіндік туғызды. Сонымен қатар, Баянды ауылындағы Ерлік, Кеңес, Көгал және Іргелес көшелеріне 4,2 миллион теңгеге жарық шамдар орнатылған. Бұл жұмыстар елді мекендердің түнгі жарықтандыру жүйесін жақсартып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Аудан әкімі Серік Мамытов спорт саласына да ерекше назар аударып келеді. Талапты және Мақташы ауылдарында жаңа спорт алаңшаларының құрылысы басталған. Бұл нысандар жергілікті бюджет есебінен салынып, жастардың спортпен айналысуына жағдай жасамақ. Сондай-ақ, Атамекен ауылындағы спорт алаңшасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстарының жалпы құны – 11,2 миллион теңге. Ал, Баянды ауылында балалар ойын алаңшасының құрылысы басталып, нысан 2026 жылы толық пайдалануға берілмек. Округ аумағын көркейту және абаттандыру бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Атамекен ауылына қарасты Халықтар достығы көшесінің бойында аллея салу үшін жергілікті бюджеттен 21,2 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл демалыс орны ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне және елді мекеннің көркін арттыруға қызмет етпек. Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасымен шекара маңында орналасқан ДВ-9 каналы бойында су қашырту мақсатында құбырлар орнату жұмыстарына қаржы қарастырылған. Бұл бастама ауыл шаруашылығы жерлерін артық сулардан қорғап, су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған. Инфрақұрылымды дамыту ісінде жол жөндеу жұмыстарының да маңызы зор. Әлімбетов ауылындағы Мерей көшесі мен Талапты ауылындағы Еңбекші көшелеріне орташа жөндеу жүргізілген. Сондай-ақ, Жаңа құрылыс көшесіне тас төселсе, Жемісті ауылындағы Береке, Жастар және Жеңіс көшелері орташа жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар ауылішілік жолдардың сапасын жақсартып, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай туғызды.

Абаттандыру мен санитария саласында да бірқатар игі істер атқарылған. Ауылдардың тазалығын қамтамасыз етуге 5 миллион теңге, ал көше атаулары мен үй нөмірлерін орнату жұмыстарына 4,8 миллион теңге бөлініп, бұл жұмыстар толық аяқталды. Кездесу барысында тұрғындар әкімге өздерін толғандырған мәселелерін ашық жеткізіп, жаңа ұсыныстарын айтты. Серік Үсенұлы әрбір сұраққа жеке тоқталып, қойылған сұрақтарға нақты жауап берді. Ол тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарының ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын, барлық мәселенің кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті. Кездесу соңында аудан әкімі жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың жеке өтініштерін тыңдады. Әрбір өтініш бойынша жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді. Осындай кездесулер жергілікті тұрғындардың мәселелерін дер кезінде анықтап, нақты шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Атамекен ауылдық округіндегі есептік кездесу халықтың өз ауылындағы өзгерістерге белсене қатысып, әкімдікпен ашық диалог орнатуына жол ашты. Жетісай ауданында тұрғындармен осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл — ел мен жердің болашағына, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.


ПІКІР ЖАЗУ