Ж.ЕРАЛИЕВ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ АТҚАРЫЛҒАН ІС АЗ ЕМЕС

0

Жетісай ауданында елмен етене араласу, халықтың өзекті мәселелерін дер кезінде шешу және билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайту мақсатында тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырылып келеді. Бұл игі бастама Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес жүзеге асырылып, тұрғындардың жергілікті жерде атқарылып жатқан жұмыстармен танысуына, сондай-ақ өз ұсыныстарын ашық айтуына мүмкіндік беруде.

Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың кезекті есептік кездесуі осы жолы Ж.Ералиев ауылдық округінде өтті. Кездесудің басты мақсаты – халықты толғандыратын өзекті мәселелердің шешу жолдарын бірігіп талқылау және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндау болды. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, аудандық мәслихат депутаттары Олжас Қаныбеков пен Сұлтан Әбдіғаппарұлы, бөлім басшылары, құзырлы орган өкілдері, қоғамдық ұйым жетекшілері және ауыл тұрғындары қатысты. Ашық форматта өткен жиында округтің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары, инфрақұрылым мен коммуналдық жүйелердің жағдайы жан-жақты қаралды. Негізгі басымдық сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, ішкі көшелерді орташа жөндеуден өткізу, ескірген электр бағаналарын жаңарту, спорт және демалыс инфрақұрылымын жетілдіру мәселелеріне берілді. Аудан әкімі өз баяндамасында бұған дейінгі кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген 13 мәселенің 5-і толық шешімін тапқанын, ал қалған 8-і тұрақты бақылауда тұрғанын атап өтті. Сонымен қатар, соңғы уақытта округ аумағында жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды жобаларға тоқталды. Биылғы жылы Бәйтерек және Жетіқазына елді мекендерінің тұрғындары көптен күткен табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Алдағы күндері Сейфуллин ауылына да газ жүйесін қосу жоспарланып отыр. Бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, экологиялық ахуалға да оң әсер етпек.

Ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінде де айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Бәйтерек ауылын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында Жазықсай елді мекенінен су құбыры тартылды. Сондай-ақ, Үтіртөбе елді мекенінде жаңа ұңғыма бұрғыланып, оның су сапасы санитарлық-эпидемиологиялық сараптамадан оң қорытынды алған. Қазір бұл ұңғыманы ауылдың су желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Ал, Бәйтерек ауылындағы Жүзтерек көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол инфрақұрылымы жақсарды. Әлеуметтік және спорттық нысандар саласында да оң өзгерістер бар. Арай ауылында құны 37,4 миллион теңгені құрайтын жаңа ойын алаңшасы мен саябақтың құрылысы басталды. Бұл демалыс аймағы ауыл тұрғындары мен балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды. Сондай-ақ, Абай елді мекенінде 26,1 миллион теңгеге Ырысты көшесі бойына жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол салу жұмыстары қолға алынған. Бұл бастама ауылдың келбетін жақсартып, тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді. Ал, Жаңа дәуір елді мекенінде 19,9 миллион теңгеге заманауи футбол алаңшасы салынды. Бұл спорт нысаны жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытын тиімді өткізуіне үлкен мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, округ аумағының санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге 5 миллион теңге, көше атаулары мен үй нөмірлерін орнатуға 4,8 миллион теңге бөлініп, бұл жұмыстар толық аяқталған. Аталған шаралар елді мекендердің көріктендірілуіне және әкімшілік қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған түрлі мәселелерді ашық айтып, пікір білдірді. Халықтың өтініштері мен ұсыныстары негізінен инфрақұрылым, коммуналдық қызмет сапасы, жол жөндеу және әлеуметтік нысандардың жай-күйіне қатысты болды. Әкім әрбір сұраққа жеке тоқталып, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді. Серік Үсенұлының айтуынша, тұрғындармен кездесулердің басты мақсаты – проблеманы анықтап қана қоймай, оның шешу жолдарын бірлесе талқылау. «Біздің міндетіміз – халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдарды дамытудың нақты тетіктерін табу. Әрбір тұрғынның пікірі біз үшін маңызды», – деді аудан әкімі. Жиыннан соң әкім жеке қабылдау өткізіп, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша тыңдады. Көптеген өтініштерге сол сәтте нақты жауап берілсе, күрделі мәселелер бақылауға алынып, тиісті салаларға жолданды. Ж.Ералиев ауылдық округіндегі бұл кездесу — жергілікті биліктің халықпен ашық қарым-қатынас орнатуға, нақты нәтижеге бағытталған жаңа басқару мәдениетін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды. Жетісай ауданында мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл — тұрғындардың өтініштерін ескеріп, олардың ұсыныстары негізінде өңірдің дамуына серпін беретін тиімді алаң болып отыр.


ПІКІР ЖАЗУ