АСЫҚАТА КЕНТІНДЕ АУДАН ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРМЕН АШЫҚ ФОРМАТТА КЕЗДЕСТІ

0

Жетісай ауданында тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізу дәстүрі жалғасуда. Бұл шаралар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылып келеді. Мұндай кездесулердің басты мақсаты – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді бірлесе шешу жолдарын қарастыру. Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың кезекті есептік кездесуі Асықата кентінде өтті. Кездесу барысында жыл басынан бері ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған жұмыстар мен тұрғындар тарапынан айтылған өтініштердің орындалу барысы кеңінен талқыланды.

Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясының Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, аудандық мәслихат депутаттары Марат Ділдәбеков пен Сұлтан Әбдіғаппарұлы, аудан прокурорының орынбасары Ырысбек Намазов, полиция бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Елшібаев, қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, салалық мамандар, БАҚ өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты. Кездесуде аудан әкімі өткен бірінші жарты жылдықтағы есеп беру жиынында көтерілген мәселелердің орындалу барысына тоқталды. Сол уақытта тұрғындар Талапты елді мекенінен Жайлы мектебіне оқушыларды тасымалдау, аудандық аурухананың кәріз жүйесін жөндеу, тік дренаждарды іске қосу, каналдарды тазалау және тұрғын үй кезегінде тұрғандарға жер учаскелерін бөлу мәселелерін көтерген болатын. Қазіргі таңда бұл бес мәселенің үшеуі толық шешімін тауып, қалған екеуі тұрақты бақылауға алынған. Аудан басшысы Асықата кентінде жүргізіліп жатқан нақты жұмыстарға да тоқталды. Кенттегі Досымов, Дулатов, Жаңа құрылыс және Аубакиров көшелеріне жалпы сомасы 62,2 миллион теңге қарастырылып, арық жүйелерін ретке келтіру мақсатында лотоктар орнатылуда. Ал Амирханов, Мұқанов, Әл-Фараби және Абылқасымов көшелеріндегі көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларына балалар ойын алаңшалары салынып жатыр. Бұл – кент тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.

Жергілікті инфрақұрылымның дамуы да назардан тыс қалмаған. Жароков көшесіне жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол салуға тиісті қаржы бөлінген, ал «Тәуелсіздік» саябағын қайта жаңғырту және Жастар көшесін орташа жөндеуден өткізу жұмыстары аяқталған. Бұл жобалар кенттің келбетін көркейтіп қана қоймай, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге де жағдай туғызады. Тазалық пен абаттандыру саласында да оң өзгерістер бар. Кенттің санитарлық жағдайын қамтамасыз етуге 10 миллион теңге бөлініп, тазалық жұмыстары толығымен орындалған. Сонымен қатар, көше атаулары мен үй нөмірлерін жаңарту үшін 5 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар толық аяқталды. Асықата кентінде соңғы жылдары жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы да қарқын алған. Кездесу барысында аудан әкімі кент аумағында заманауи теннис орталығы мен медициналық орталықтың салынып, пайдалануға берілгенін хабарлады. Бұл нысандардың ашылуы тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, кенттің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтереді. Сонымен қатар, индустриялық аймақ пен өндірістік парктің құрылыстары да белсенді жүріп жатыр. Бұл жобалар өңір экономикасына жаңа серпін беріп, жұмыс орындарын көбейтуге мүмкіндік туғызады. Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, әкіммен тікелей пікір алмасты. Халық негізінен ауыз су, инфрақұрылым, жол жөндеу, тұрғын үй және қоғамдық кеңістіктерге қатысты мәселелерді көтерді. Әкім әрбір сұраққа нақты жауап беріп, айтылған ұсыныстарды назарға алды. «Біздің мақсатымыз – халықпен тұрақты байланыс орнатып, олардың әрбір өтінішіне бейжай қарамау. Әрбір мәселенің шешімін табу үшін уақыт пен жауапкершілік керек. Біз сол жауапкершілікті сезіне отырып, тұрғындармен бірге жұмыс істейміз», – деді Серік Үсенұлы Мамытов өз сөзінде.

Жиын соңында аудан әкімі жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың жеке өтініштерін тыңдады. Қабылдау барысында көтерілген мәселелер бойынша тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Әкім әрбір тапсырманың орындалуын жеке бақылауына алатынын атап өтті. Асықата кентіндегі бұл кездесу – билік пен халық арасындағы өзара сенім мен ашық диалогтың нақты көрінісі болды. Тұрғындар өз мәселелерін еркін жеткізіп, билік тарапынан нақты шешімдердің қабылданып жатқанын көрді. Жетісай ауданында осындай кездесулердің тұрақты түрде өткізілуі жергілікті басқарудың тиімділігін арттырып, тұрғындардың билікке деген сенімін күшейтуде. Ал ең бастысы – мұндай шаралар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, ауданның әлеуметтік және экономикалық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.


ПІКІР ЖАЗУ