СЫЗҒАН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ КЕШЕНДІ ДАМУ ЖОБАЛАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

0

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков жұмыс сапарымен Сызған ауылдық округіне барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Әкім тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, ауылдық жердің өркендеуіне қатысты бірқатар міндеттерді атап өтті.

Округ әкімі Базар Жаппарқұлов өз баяндамасында биылғы жылы жүзеге асқан ірі жобалар мен ел игілігіне бағытталған жұмыстар жөнінде толық мәлімет берді. Соңғы жылдары Сызған ауылдық округінде кешенді даму жобалары қарқынды жүзеге асып келеді. Биылғы жылдың маңызды жетістіктерінің бірі – ұзындығы 13,3 шақырым болатын «КХ-110» бағытындағы Қозмолдаққа дейінгі облыстық маңызы бар автожолдың құрылысының аяқталуы болды. Бұл жол бүгінде тұрғындардың қатынасына қолайлы жағдай жасап, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік қатынастарды дамытуға зор мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар Қозмолдақ елді мекеніндегі футбол алаңы жаңартылып, қайта пайдалануға берілді. Бұл ауыл жастары мен балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға айрықша әсер етпек. Бұдан бөлек, Қ.Тоқмұхамедов және Ж.Дәуітбаев көшелерінде ұзындығы 2,3 шақырым болатын жаңа аяқжол төселіп, тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы жүріп-тұруына жағдай жасалды. Жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында Қайнар, Қозмолдақ және Басбұлақ елді мекендерінде жаңа ойын алаңшалары орнатылды. Ал Қозмолдақтағы Қ.Рүстемов көшесінде ересектерге арналған воркаут алаңы салынып, спортпен айналысуға мүмкіндік кеңейді. Бұл нысандар ауыл өмірін жандандырып, тұрғындардың белсенді демалысына жол ашып отыр. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Қайнар елді мекеніндегі Қайнар–Бұлақ, Ж.Әділбеков және Б.Әметшеев көшелеріне жалпы ұзындығы 7,9 шақырым асфальт төселіп, ауылішілік жолдардың сапасы едәуір жақсарды. Мұндай жұмыстар ауылдың көркін арттырып қана қоймай, тұрғындардың тұрмыс деңгейін жақсартуға да ықпал етуде.

Көшелерді жарықтандыру саласында да айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Сызған, Қайнар, Қозмолдақ және Басбұлақ елді мекендерінде жалпы ұзындығы 12,9 шақырым көше жарығы орнатылды. Бұл ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, кешкі уақыттағы өмір сапасын арттырды. Бұқаралық спортты дамыту бағытында Қозмолдақ ауылында жабық үлгідегі футбол алаңы салынды. Бұл нысан жыл бойы спортпен шұғылдануға мүмкіндік беріп, ауылдың спорттық инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтерді. Сонымен қатар округ аумағында төрт көпірдің құрылысы жүргізіліп, олардың қатарында Қозмолдақ–Басбұлақ бағытындағы көпір, Т.Төреханов және Е.Алдасүгірұлы көшелеріндегі екі көпір бар. Бұл көлік қатынасын жеңілдетіп, ауылішілік инфрақұрылымды нығайтуға жол ашты. Қазіргі таңда округ аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын полигонның құрылысы жүріп жатыр. Бұл экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған маңызды бастама болып саналады. Сонымен қатар ауылдық клубта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мәдени шаралардың сапасы арта түсті. Тұрғындар енді жаңартылған мәдениет ошағында түрлі шараларға қатысып, ауыл өміріне белсене араласуға мүмкіндік алды. Кездесу барысында тұрғындар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, кейбір азаматтар жеке мәселелерін де ортаға салды. Әкім халықтың әрбір өтінісіне назар аударып, көтерілген мәселелерді шешу бойынша нақты тапсырмалар берді.

Жалпы алғанда, Сызған ауылдық округі соңғы уақытта әлеуметтік, мәдени және инфрақұрылымдық тұрғыдан елеулі өзгерістерге бет алды. Жолдар жаңарып, жарықтандыру жүйесі орнатылып, спорт және ойын алаңдары салынды. Мұның бәрі ауыл халқының өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Созақ ауданының басшылығы алдағы уақытта да ауылдарды дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік саланың мүмкіндіктерін кеңейтуге басымдық беретінін атап өтті.


ПІКІР ЖАЗУ