СОЗАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР МЕН ЖОСПАРЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

0

Түркістан облысы, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков жұмыс сапарымен Созақ ауылдық округіне барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы даму жоспарлары кеңінен талқыланып, ауылдың әлеуметтік және инфрақұрылымдық жағдайына ерекше назар аударылды. Әкім халықпен ашық әңгіме құрып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, көтерілген мәселелерді шешу жолдарын пысықтады.

Кездесуде округ әкімі Батырхан Аяпов сөз сөйлеп, биылғы жылы округ аумағында жүзеге асырылған және қолға алынған жұмыстар туралы жан-жақты баяндады. Оның айтуынша, Созақ ауылдық округінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағыттағы көптеген жобалар сәтті жүзеге асып келеді. Бұл ауылдың келбетін жаңартып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға зор ықпал етуде. Биыл округтің ең ірі жобаларының бірі – Созақ ауылдық округі әкімі аппаратының жаңа әкімшілік ғимаратының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай салынған нысан ауыл тұрғындарына сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге мүмкіндік бермек. Сонымен қатар Шақырық және Созақ елді мекендерін таза ауыз сумен қамту мақсатында жүргізіліп жатқан су құбыры желісінің 80 пайызы орындалған. Құрылыс жұмыстарының жыл соңына дейін толық аяқталуы жоспарланып отыр. Бұл ауыл халқының тұрмыс жағдайын жақсартып, өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама. Созақ ауылында бой көтерген спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы да жыл соңына дейін аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілмек. Бұл кешен ауыл жастары мен спорт сүйер қауым үшін маңызды әлеуметтік нысанға айналмақ. Мұнда спорттың түрлі түрімен айналысуға, дене шынықтырумен тұрақты түрде шұғылдануға жағдай жасалады. Сонымен қатар Құрманғазы көшесінен жаңа саябақ пен демалыс орнының, №1 колледждің жатақханасының және Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған «Жеңіс» аллеясының құрылыстары да қызу жүргізілуде.

Ауылдың көркі мен тұрғындардың тұрмыс жайлылығын арттыру бағытында облыстық маңызы бар тас жол бойына үш жаңа аялдама орнатылып жатыр. Ал Созақ, Көктөбе және Ыбырай елді мекендерінде тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретін воркаут алаңдары бой көтеруде. Бұл нысандар ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне және бұқаралық спортты дамытуға зор үлес қосады. Мәдениет саласы да назардан тыс қалған жоқ. Биыл Созақ ауылдық мәдениет үйінің залына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көрермендерге қолайлы жағдай жасалды. Ал бұрынғы әкімдік ғимараты толық күрделі жөндеуден өткізіліп, бүгінде «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» әлеуметтік орталығы ретінде пайдалануға дайын. Бұл орталық егде жастағы азаматтардың және мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік береді. Инфрақұрылымды дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Округ аумағындағы жалпы ұзындығы 77 шақырым ішкі жолдың 55,2 шақырымы асфальтпен, 20,8 шақырымы қиыршық таспен жабылған. Биылдың өзінде Ыбырай елді мекеніне 2,2 шақырым және Көктөбе ауылына кіреберіс жолға жаңа асфальт төселді. Сондай-ақ Созақ ауылының Матенбаев көшесіне 520 метр, Құрманғазы көшесіне 550 метр асфальт жабындысы салынды. Бұдан бөлек тұрмыстық қалдық полигонына баратын жолға 3,5 шақырым, Рысбек көшесіне 2,2 шақырым, Ауезов көшесіне 800 метр және Ыбырай елді мекенінің ішкі көшелеріне 2 шақырым қиыршық тас төселді. Мұндай жүйелі жұмыстар ауыл ішілік жолдардың жағдайын жақсартып, көлік қозғалысын жеңілдетті.

Ауыл орталығындағы абаттандыру ісі де айтарлықтай қарқын алған. Орталық алаңға 3000 шаршы метр асфальт төселіп, көріктендіру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Түнгі уақытта ауыл көшелерінің жарықтандырылуы толық қамтамасыз етілді: жалпы ұзындығы 51,5 шақырым көше жарығы орнатылып, округ 100 пайыз жарықпен қамтылды. Бұл мақсатта бес жаңа трансформатор орнатылуда. Жаңа жарық шамдары ауылдың түнгі бейнесін жақсартып қана қоймай, қауіпсіздік деңгейін де арттырды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында да нақты шаралар атқарылуда. Ауылдың ішкі және сыртқы көшелеріне бейнебақылау камералары орнатылып, орталық алаңға LED экран қойылуда. Бұл бастамалар құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті сақтау ісін күшейтуге мүмкіндік береді. Кездесу соңында ауыл тұрғындары округте атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Бірқатар азаматтар жеке мәселелерін де көтеріп, аудан басшылығына өтініштерін жеткізді. Әкім барлық сұрақтарды мұқият тыңдап, тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді. Жалпы алғанда, Созақ ауылдық округінде биыл көптеген әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асып, ауылдың ажары артып келеді. Жаңа нысандардың салынуы, жолдардың жөнделуі, жарықтандыру мен абаттандыру жұмыстары – ауыл халқының тұрмысын жақсартуға бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі. Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков өз сөзінде ауылдық аймақтарды дамыту – ауданның басты басымдықтарының бірі екенін атап өтіп, алдағы уақытта да халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасын табатынын айтты.


ПІКІР ЖАЗУ