САРЫАҒАШ АУДАНЫНА ҚАРАСТЫ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДА АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жылға ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ауыл өміріндегі өзекті мәселелер мен шешімін күткен сұрақтарды талқылады. Ашық форматтағы бұл жиын – билік пен халық арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған маңызды шара болды. Кездесу барысында аудан басшысы биылғы жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Аудан әкімі өз сөзінде Сарыағаш өңірінде жүзеге асып жатқан барлық бастамалар мен жобалардың түпкі мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын арттыру екенін атап өтті. Мемлекет тарапынан ауылдық жерлерді дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын айтқан Арман Абдуллаев, «Әр ауылдың тынысы мен дамуы – ауданның дамуының көрсеткіші. Сол себепті біз әр ауылдағы жұмыстардың жүйелі әрі сапалы орындалуын басты назарда ұстаймыз», – деді. Кездесуден кейін әкім ауыл тұрғындарын жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Көптеген мәселелер бойынша нақты шешім қабылданып, жауапты бөлім басшыларына және ауылдық округ әкімдігіне тапсырмалар берілді. Әрбір азаматтың өтініші жеке қарастырылып, шешу жолдары белгіленді. Бұл – аудан басшылығының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын берік ұстанатынын айқындады. Жылға ауылдық округінде биыл облыстық және аудандық бюджет есебінен бірқатар маңызды құрылыс және абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылуда. Инфрақұрылымды жаңарту бағытындағы жобалар ауыл өмірін көркейтіп қана қоймай, тұрғындардың тұрмыс жағдайын айтарлықтай жақсартуға ықпал етуде. Ең алдымен, Жылға елді мекенінде төтенше жағдайлардың алдын алу және су тасқыны қаупін азайту мақсатында 5,2 шақырым болатын қашыртқы арнасы кеңейтіліп, механикалық тазалау жұмыстары атқарылды. Бұл шаралар ауыл аумағындағы су деңгейін бақылауға мүмкіндік беріп, тұрғын үйлер мен ауыл шаруашылығы алқаптарын су басу қаупін азайтты.
Шеңгелді елді мекенінде табиғи газдың ішкі жүйелерінің құрылысы толық аяқталып, сәуір айында пайдалануға берілді. Бұған дейін қатты отын пайдаланып келген тұрғындар үшін бұл жаңалық өмір сапасын арттырудағы үлкен жетістік болды. Табиғи газға қосылу – экологиялық тұрғыдан да тиімді, тұрмыстық шығынды азайтып, ауыл тұрғындарының уақытын үнемдеуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, ауылдың электр желілері де жаңартылды. 6 жаңа трансформатор орнатылып, ішкі электр жүйесі толықтай заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Бұл жұмыстарды жауапты мердігер мекеме – «Андас Груп» ЖШС орындады. Нәтижесінде электр қуатының сапасы жақсарды, жарық жиі сөніп қалу сияқты бұрынғы мәселелер жойылды. Жылға ауылындағы көлік қатынасы да біршама жақсарды. Мырзахметқажы көшесіне ұзындығы 280 метр болатын жаңа асфальт төселіп, тұрғындар мен көлік жүргізушілері үшін қолайлы жағдай жасалды. Бұл жол учаскесі бұрын көктем мен күзде жүруге қиын болатын. Енді ауыл ішіндегі қозғалыс жеңілдеп, жаяу жүргіншілер үшін де ыңғайлы болды. Ауыз су жүйесін жаңарту бағытындағы жұмыстар да қарқынды жүруде. Ауылдағы су құбырлары тартылып, жаңа жүйелер орнатылуда. Бұл жобаның жүзеге асуы нәтижесінде тұрғындар тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге, ішкі ауыз су жүйесіне арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Бұл алдағы уақытта ауылды толық ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді.
Абаттандыру және әлеуметтік инфрақұрылым саласында да бірқатар маңызды істер қолға алынған. Шымырбай елді мекенінің Тәуелсіздік көшесіне жарық шамдары орнатылып, ауыл түнгі уақытта жарық және қауіпсіз бола түсті. Бұл тұрғындардың көптен күткен мәселесінің шешімі еді. Мәдениет саласы да назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда ауылдық мәдениет үйінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысан ауыл тұрғындарының рухани өмірін жандандырып, мәдени іс-шаралардың орталығына айналмақ. Мәдениет үйінің ашылуы ауыл халқының мәдени сұранысын қанағаттандырып, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға жол ашады. Жеке инвестиция есебінен салынған фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы да аяқталып, пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау нысанының ашылуы ауыл тұрғындарының медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттырып, алғашқы медициналық көмек сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Жылға ауылдық округіне қарасты Шайхана, Жылға және Қарақалпақ елді мекендерін көгілдір отынмен қамту мақсатында газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаның құрылысы жыл соңына дейін толық аяқталып, тұрғындар табиғи газға қосылады деп жоспарлануда. Осының барлығы аудан әкімінің жүйелі бақылауымен, тұрғындардың ұсынысын ескере отырып жүзеге асырылып отыр. Кездесуде көтерілген мәселелердің барлығы тіркеуге алынып, тиісті бөлімдерге тапсырылды. Арман Абдуллаев халықтың белсенділігі мен өз ауылын дамытуға деген ықыласын жоғары бағалап, «Біздің мақсат – халықтың өмір сапасын жақсарту, әр ауылдың тынысын сезініп, сол жердің тұрғындарымен бірге дамуға үлес қосу. Сондықтан әрбір ұсыныс пен сын – біз үшін маңызды», – деді.
Жылға ауылдық округінде атқарылған жұмыстар ауыл тұрғындарының өмір сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Тұрғындар тарапынан жасалып жатқан алғыс пен ризашылық – билік пен халықтың өзара түсіністік пен ынтымақтастық рухында жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Қорыта келгенде, Жылға ауылдық округі бүгінде жаңару мен өркендеу кезеңін бастан кешуде. Инфрақұрылымның жаңаруы, әлеуметтік нысандардың салынуы, көгілдір отын мен таза ауыз судың келуі – бәрі де тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың нақты нәтижесі. Бұл істердің барлығы – мемлекет саясатының, жергілікті биліктің және халықтың бірлескен еңбегінің жемісі.









