ПАРЛАМЕНТАРИЗМ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫЛАРЫ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫНА ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ

2026 жылғы 12 ақпанда республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасы ресми түрде жарияланды. Құжатты әзірлеу жұмыстары 2025 жылдың қазан айында басталған болатын.
Конституциялық реформа бойынша республикалық референдум 2026 жылғы 15 наурызға жоспарланған. Ел азаматтары мемлекеттің саяси жүйесінің алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды шешім қабылдамақ.
Парламентаризм институты Парламенттік реформаға қатысты ұсыныстарды әзірлеу жұмысына белсенді түрде қатысты. Өткен жылдың күзінен бастап eGov және e-Өтініш платформалары арқылы Институтқа азаматтардан 600-ге жуық бастама келіп түсті. Сарапшылар олардың әрқайсысына жан-жақты талдау жүргізіп, мазмұны жағынан өзекті ұсыныстарды Парламенттік реформа мәселелері жөніндегі отырыстардың қарауына шығарды. Институт директоры Наталья Пан реформа бойынша құрылған жұмыс тобының құрамына еніп, негізгі ережелерді талқылауға қатысты.
Бүгін Парламентаризм институтында жаңа Конституция жобасын сараптамалық талқылау өтті. Іс-шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен ғалымдар қатысты.
Іс-шараны Парламентаризм институтының директоры Наталья Виссарионовна Пан жүргізді.
Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев Конституция жобасы қоғамның негізгі үміт-тілектерін ескеріп, заманауи сын-қатерлерге жауап беретінін атап өтті. Оның айтуынша, құжат саяси жүйені жаңғыртуға және халықтың мемлекеттік басқаруға қатысу тетіктерін нығайтуға бағытталған.
«Конституция – уақыт пен қоғам сұранысына жауап беретін өміршең құжат болуы тиіс», – деді депутат.
Сондай-ақ ол Ата Заңды қабылдау бүкіл халықтың ортақ шешімі болуы қажет екенін айтып, азаматтарды алдағы референдумда жобаны қолдауға шақырды.
Мәжіліс депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ халықаралық шарттарды қолдануға қатысты нормаларға кеңінен тоқталды.









