«ТАЛДАУ» ҰЗББО АҚ САРАПШЫЛАРЫ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЖАҢАШЫЛДЫҚТАРДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

2026 жылғы 26 ақпанда «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» АҚ-да конституциялық реформаны талқылау бойынша семинар-кеңес өтті. Орталық ұжымы жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаттарын талдап, білім беру саласының қазақстандық қоғам өміріндегі негізгі рөліне ерекше назар аударды.
Ұсынылған жобаның басты ерекшелігі — білім беру құндылықтарын тікелей Негізгі Заңның кіріспесіне енгізілуі. Орталық басшылығы бұл қадам білім берудің рөлін күшейтудің және ұлттық өрлеудің басты құралы ретінде танылуының айқын дәлелі екенін атап өтті.
«Сапалы білім беру құндылығының кіріспеден бастап конституциялық деңгейде мойындалуы – бұл қоғамға берілген маңызды белгі. Бұл біздің Орталық үшін аналитиканың жаңа стандарттарына көшуді білдіреді. Енді біздің назарымызда жай ғана статистика емес, білім сапасының нақты көрсеткіштері мен әрбір білім алушының даму деңгейі болады», – деп атап өтті «Талдау» ҰЗББО АҚ басшылығы.
Талқылау барысында мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде адами капиталды дамыту мәселелеріне басымдық берілді.
Орталық сарапшылары жаңа Конституция жобасы тұрғысынан алғанда, білім беру тұлғаның бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі фактор екенін айтты. Бұл Орталықтың білім беру жетістіктерін мониторингілеу және бағалау жөніндегі міндеттерімен тікелей үндеседі.
Кеңес барысында жаңа конституциялық блок – цифрлық ортадағы дербес деректерді қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Білім беру процесін жаппай цифрландыру жағдайында бұл мәселе өзекті стратегиялық маңызға ие.
Қатысушылар цифрлық кеңістіктегі жеке өмірге қолсұғылмаушылықтың конституциялық кепілдіктерін талқылады.









