РУХАНИЯТ ТАҚЫРЫБЫ ТӨҢІРЕГІНДЕ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

0
Қазақстанның Жаңа Конституциясының қабылдануы ел өміріндегі маңызды тарихи кезең ретінде бағалануда. Осыған орай Шымкенттегі әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында қаладағы зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Руханият ордасында өткен басқосуға ақын-жазушылар, суретшілер, режиссерлер, қоғам қайраткерлері жиналып, ел үшін айрықша мәнге ие Ата заңның қабылдануымен жұртшылықты құттықтады. Еркін ой мен пікір алмасуға құрылған жиында жаңа Конституцияның тарихи, құқықтық әрі рухани маңызы кеңінен талқыланды. Жиында сөз алған жазушы Захардин Қыстаубаев қазақ тілінде жазылған заңдардың тарихына тоқталып, жаңа Конституцияның маңызын атап өтті:
– Біздің елде қазақша жазылған екі-ақ заң болды. Оның бірі ілгері жылдардағы қалыңмалға тыйым салу туралы заң, екіншісі – шетелдегі қандастардың елге оралуына негіз болған көші-қон заңы. Алғашқысы дәстүрге қарсы келгендіктен толық орындалмады. Ал көші-қон заңы елдің бірігуіне, қазақ санының артуына ықпал етті. Сол заңдардан кейін тұңғыш рет қазақ тілінде жазылған осы жаңа Конституциямыз қабылданып отыр. Референдумда халықтың белсенділігі мен ықыласының жоғары болғанын көрдік, – деді ол.
Ал ақын, Ұлттық құрылтай мүшесі Біржан Байтуов қоғам белсенділігінің артуын оң өзгеріс ретінде бағалады:
–Бұл – қоғамның өз мемлекетінің болашағына бейжай қарамайтынын білдіреді. Бір кезеңдерде халық саяси өзгерістерге селқос қарайтын. Ел болып қабылданған Конституция талаптарын ендігі жерде тәртіпке бағынып, орындалуына күш салуымыз керек, – деді.
Еліміздің тәуелсіздік кезеңіндегі маңызды өзгерістерге назар аударып, зиялы қауымның қоғам алындағы жауапкершілігін еске салған жазушы Шойбек Орынбай «35 жыл ішінде Конституциямыз алғаш өзгеріп отыр. Оның өзін ел болып талқылап, қабылдап отырмыз. Еліміздің сыртқы саясаты берік. Қоғамда сөзбостандығы бар. Жеке пікірдің болғаны дұрыс, бірақ ұлт пен мемлекеттің мүддесі бәрінен жоғары тұруы тиіс. Бұл ретте зиялы қауым әрдайым сергек болуы қажет, – деді.

ПІКІР ЖАЗУ