ШЫМКЕНТ ӘУЕЖАЙЫНДА ШАХМАТТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНДАРЫН ҚАРСЫ АЛУ РӘСІМІ ӨТТІ

Сербияның Врнячка-Баня қаласында өткен балалар арасындағы жылдам шахмат (рапид) бойынша әлем чемпионатына 40 елден 450 спортшы қатысты. Дүбірлі додада 8–12 жас аралығындағы ұл-қыздар, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер бақ сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша шымкенттік Аслан Ендібаев 8 жасқа дейінгі санатта әлем чемпионы атанса, Аделина Нұрханқызы 10 жасқа дейінгі қыздар арасында алтын медаль иеленді. Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Жолдықараев бұл жетістіктің маңызын атап өтті.
– Бұл жеңіс – жүйелі еңбектің, табандылықтың және жан-жақты қолдаудың нәтижесі. Әлемдік деңгейдегі додада Қазақстанның көк туы көтеріліп, Әнұранымыз шырқалды. Бұл – Шымкентте болашағынан зор үміт күттіретін, жоғары жетістіктерге жете алатын спортшылар өсіп келе жатқанының айқын дәлелі, – деді ол.
Сонымен қатар, ол жас шахматшылардың жетістігіне үлес қосқан ата-аналар мен бапкерлерге алғыс білдіріп, алда жас чемпиондарды жаңа биіктер күтіп тұрғанына сенім білдірді. Асланның әжесі Күлби апа да қуанышын бөлісті.
– Балаларымыздың бүгінгі жетістігі – ұстаздардың еңбегі мен отбасының қолдауының жемісі. Біз оларды тәрбиелеп, шыңдаған жаттықтырушыларға шынайы алғыс айтамыз. Жас чемпиондарымыз ел мерейін үстем етіп, әрдайым биік белестерді бағындыра берсін, – деді.
Аслан Ендібаев пен Аделина Нұрханқызының бұл жеңісі – тек олардың отбасылары мен жаттықтырушылары үшін ғана емес, бүкіл Шымкент қаласы мен Қазақстан үшін маңызды жетістік. Жас шахматшылар әлемдік аренада өздерін лайықты деңгейде танытып, табандылық пен еңбекқорлықтың, сондай-ақ тәлімгерлер қолдауының арқасында үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болатынын дәлелдеді. Олардың жетістігі өскелең ұрпаққа үлгі болып, отандық шахмат мектебінің болашағына деген сенімді арттыра түседі.









