ҚОЛАЙЛЫЛЫҚ – ЗАМАНАУИ ҚАЛАНЫҢ ӨЛШЕМІ

Қаланың келбеті тек сәулетті ғимараттармен немесе заманауи құрылыстармен емес, тұрғындардың күнделікті тұрмысымен, соның ішінде қоғамдық көлік жүйесінің жай-күйімен де өлшенеді. Түркістан қаласында соңғы уақытта қоғамдық көлік аялдамаларына ерекше көңіл бөлініп, олардың тазалығы мен жайлылығы күн тәртібіндегі маңызды мәселеге айналды. Бұл – тек санитарлық шара ғана емес, бұл – қала тұрғындарына деген қамқорлық пен өркениеттілікке ұмтылыстың белгісі.
Қоғамдық көлік аялдамалары – қала өмірінің күретамыры. Күн сайын мыңдаған тұрғындар мен қонақтар дәл осы аялдамаларда аялдайды, көлік күтеді, бағыттарын жоспарлайды. Сондықтан олардың тазалығы мен жағдайы – қаланың жалпы мәдениеті мен деңгейін көрсететін басты көрсеткіштердің бірі. Түркістан қаласында бүгінгі таңда 683 аялдама нысаны халыққа қызмет көрсетуде. Бұл – айтарлықтай үлкен көрсеткіш. Оған қоса, қосымша 100 аялдама орнату жоспарланып, қазіргі таңда соның 78-і пайдалануға берілген. Бұл – қаланың көлік инфрақұрылымы жыл санап кеңейіп, тұрғындар саны мен көлік ағынына сай бейімделіп келе жатқанын айғақтайды. Аялдамаларға жүргізілген тазалық жұмыстары – бұл жәй ғана сыртқы көріністі жақсарту емес. Бұл – қоғамдық көлік пайдаланушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жуырда өткен тазалық жұмыстары барысында барлық павильондар мен орындықтар жуылып, айналар мен басқа да құрылымдық элементтер тазартып шыққан. Сонымен қатар бұзылған немесе тозған бөліктер қайта қалпына келтірілді. Мұндай іс-шаралардың жүйелі түрде жүзеге асуы қала әкімдігінің қоғамдық кеңістіктерге деген жауапкершілігін көрсетеді. Бұл жерде тазалық – сыртқы әсерден қорғану, ал қалпына келтіру – үздіксіз қызметтің белгісі. Бұл әрекеттер тек тазалық емес, қала мүлкіне деген ұқыпты көзқарастың да үлгісі.
Аялдамалар тек көлік күту орны ғана емес. Қазір олар – қаланың ақпараттық, логистикалық және әлеуметтік нүктелеріне айналып келеді. Әсіресе жаздың аптап ыстығында немесе қыстың қақаған аязында жабық, таза және жарықтандырылған аялдамалар тұрғындарға аса қажет. Бұл тек жайлылық үшін ғана емес, қауіпсіздік үшін де маңызды. Түркістан қаласы – тарихи мәртебесі жоғары, туристік әлеуеті зор шаһар. Қалаға келетін қонақтар ең алдымен көлік инфрақұрылымына назар аударады. Сондықтан аялдамалардың заман талабына сай болуы – қала имиджінің бір бөлігі. Аталған тазалық және жөндеу жұмыстарының күнделікті түрде жүргізілуі – әкімдік тарапынан тұрақты бақылау бар екенін көрсетеді. Дегенмен, мұндай жұмыстардың нәтижелі болуы тек билік өкілдеріне емес, қала тұрғындарына да байланысты. Аялдамалардың таза болуы үшін тұрғындар тарапынан да жауапкершілік қажет: қоқыс тастамау, жабдықтарды бүлдірмеу, қоғамдық мүлікке ұқыппен қарау – әр азаматтың парызы. Сонымен қатар, аялдамалардың жай-күйін бақылау бойынша қоғамдық мониторингті күшейту, тұрғындардың пікірін ескере отырып, аялдамалардың дизайнын, орналасуын және қолжетімділігін жақсарту қажет. Түркістан қаласында қоғамдық көлік аялдамаларына жүргізілген тазалық және қалпына келтіру жұмыстары – бұл қалалық инфрақұрылымның даму бағытын айқындайтын маңызды бастама. Бұл жұмыстар бір реттік акция емес, жүйелі түрде жалғасып жатқан саясаттың жемісі. Қалада жүргізіліп жатқан осындай нақты қадамдар Түркістанның заманауи әрі жайлы шаһарға айналуына негіз болмақ.









