«БҰЛ – МӘДЕНИЕТСІЗДІКТІҢ БЕЛГІСІ»: АСТАНА ӘКІМІ ЖЕМІС-ЖИДЕК ЖӘРМЕҢКЕСІНДЕГІ «ЖАБАЙЫЛЫҚТЫ» СЫНАДЫ
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек демалыс күндері EXPO алаңында Тәжікстанның мәдениет күндері аясында ауыл шаруашылығына, өнеркәсіп өнімдеріне және ұлттық қолөнеріне арналған көрме-жәрмеңкеде кейбір қала тұрғындарының «жабайы» әрекетін сынап, пікір білдірді.
Жәрмеңкеде мың тоннадан астам өнім сатылды. Дегенмен, өкініштісі, жәрмеңке мүлкіне зиян келіп, кейбір азаматтар шатырларды, сөрелерді, декорацияларды сындырды. Қоғамдық тәртіп те бұзылды. Бұл – мәдениеттің төменділігінің, адам еңбегін құрметтемеудің белгісі. Кейбір адамдардың орынсыз әрекетіне байланысты Астана қаласының барлық тұрғынына сөз келді. Көрме-жәрмеңкеге 100 мыңға жуық адам қатысты. Бұл іс-шарада қала тұрғындарының басым бөлігі мәдениетті болғанын ерекше атап өткім келеді. Оларға алғысымды білдіремін, – деді ол.
Оның айтуынша, мемлекет басшысы елорда тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Астана көшелерінде вандализм мен құқықбұзушылықтардың жиілеп кеткен жағдайларын болдырмау жөнінде тиімді шаралар қабылдау қажеттігін атап өткен болатын.
Полицияға вандализм әрекеттерін жасаған және қоғамдық тәртіпті бұзған адамдарды анықтау жұмысы тапсырылды. Құқықбұзушылар жауапқа тартылады.