АҚШ ПЕН ЕУРООДАҚТЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ АРТУЫНА НЕ СЕБЕП?

0

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары аяқталды. Бірнеше жоғары деңгейдегі кездесу өтті. Осы орайда, ҚазАқпарат тілшісі саясаттанушы Досым Сәтпаевтан Президент сапары туралы пікірін сұрап көрген еді.

«Бұл сапар Президенттің жыл сайынғы БҰҰ Бас Ассамблеясына баруымен байланысты. Мемлекет басшысы өткен жылы да қатысқан болатын. Биылғы сапардың маңызды сәті – Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Джо Байденнің тікелей қатысуымен өткен Орталық Азияның 5 елі + АҚШ форматындағы саммитке қатысты. Бұл осы жолғы сапарды бұрынғыдан айшықты етті. Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары мен АҚШ президентінің кездесуі зор қызығушылық тудырды, себебі алғаш рет болды. Ал, кездесудің аталған форматы 2015 жылдан бері бар, Барак Обаманың кезінде қалыптасты», — деді Досым Сәтпаев.

Сондай-ақ, саясаттанушы Қазақстан мен АҚШ арасындағы биылғы айтулы оқиғаның бірі ретінде елімізде өткен саммитті атап өтті.

«АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен жыл басында Қазақстанға келіп, саммит өткізді. Аталған шара Орталық Азия елдерінің Сыртқы істер министрлері мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы деңгейінде өтті. Демек, осындай деңгейдегі кездесу алаңы бұрыннан бар, бірақ АҚШ президентімен кездесудің деңгейі жоғары. Бұл өткен жылғы ақпанда басталған геосаяси жағдайлармен байланысты. Өйткені, АҚШ Ауғанстаннан кеткеннен бері Вашингтонның аталған аймаққа деген қызығушылығы төмендеді. Дегенмен, қазір бірнеше себептерге байланысты қызығушылық қайта өсті», — дейді ол.

Одан бөлек, спикер АҚШ-тың Орталық Азия мемлекеттері, оның ішінде Қазақстанға қызығушылығының арту себебін түсіндірді.

«Бірінші себеп, аймақтағы әртүрлі геосаяси жағдайларға байланысты. Әсіресе, Ресей санкция астында қалғаннан кейін, АҚШ үшін Шығыс пен Азия елдері басымдыққа ие. Әрине, Орталық Азия елдері Батыстың Ресейге қарсы енгізген санкцияларын айналып өтуге тырысып жатыр. Дегенмен, Орталық Азия елдері қиын жағдайға тап болды. Өйткені, Ресей кейбір елдерді импорт пен санкцияларды айналып өтетін көпірге айналдырды», — дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, Ауғанстан мәселесіне келгенде Орталық Азия елдері – басты ойыншы.

«Биыл тамызда «Қазақстан-Ауған» бизнес-форумы өтті. Батыс үшін Ауғанстанмен өзара әрекеттесуді толығымен тоқтату мүмкін емес. Өйткені, Еуропаға бет алған көші-қон легін азайту үшін халыққа қандай да бір көмек көрсету қажет. Сондықтан, Орталық Азия Ауған бағытындағы маңызды делдал және ойыншы. Келесі мәселе – Қытай. Қытай мен Батыстың қақтығысы да артып барады. Ресейдің әскери және экономикалық әлсіреуі аясында Қытайдың күшеюі АҚШ пен Еуропалық Одақты алаңдатады», — дейді ол.

Саясаттанушы Батыс елдері мен АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен келісімде жұмыс істеуін Ауғанстан билігіне талибандардың келуімен байланыстырды.

«Қазір Ауғанстанда гуманитарлық дағдарыс. Өңірде 20 миллион адам аштық жағдайында қалып отыр. Сондықтан, АҚШ пен Еуропалық Одақ үшін Орталық Азия елдері қазір маңызды. Оның ішінде Талибан қозғалысымен әрекеттесуде делдал ретінде. Өздеріңіз білесіз, Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік жеткізеді, астық, ұн сатады, бұл – өте ірі нарық», — деп толықтырды Досым Сәтпаев.


ПІКІР ЖАЗУ