САМАТ ӘБІШКЕ ҚАТЫСТЫ ТЕРГЕУ АМАЛДАРЫНА ІІМ ЖАУАП БЕРМЕЙДІ – ЕРЖАН САДЕНОВ

0

Ішкі істер министрі Ержан Саденов Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты тергеу бойынша түсінік берді, — деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Парламент Мәжілісінде тілшілер министрден Самат Әбішке қатысты тергеу жүргізу тақырыбында сұрақ қойды. «Не себепті құзырлы органдар «қаңтар оқиғасы» кезінде оны жауапқа тартпады?» деп сұрады журналистер.

Е.Саденов бұл тергеу Ішкі істер министрлігінің құзырында емес екенін айтты.

«Бұл тергеу амалдарымен арнайы прокурорлар айналысып жатыр. Сондықтан біз ешқандай ақпарат бере алмаймыз және Ішкі істер министрлігінің бұл тақырыпта жауап беруі дұрыс емес», — деді министр.

Бұл тұрғыда ведомство басшысы аталған тергеу амалдары аясында арнайы прокурорлар тиісті шешім жасайтынын айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Бас прокуратураның арнайы прокурорлары Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты «қаңтар оқиғалары» кезінде билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.


ПІКІР ЖАЗУ