АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНДА ЖҮЛДЕ АЛҒАН ЧЕМПИОНДАРҒА ҚАНША СЫЙАҚЫ БЕРІЛЕТІНІ АЙТЫЛДЫ

0

Үкімет тарапынан Азия ойындарында жүлде алған чемпиондарға қанша сыйақы берілетіні белгілі болды.

Туризм және спорт министрлігі жазғы Азия ойындарында жүлде алған қазақстандық спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына ақшалай ынталандыру мөлшерін жариялады. Азия ойындарының чемпионы атанған спортшыға 10 000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Ал алтын медаль иегерін жарысқа дайындаған жаттықтырушыға 5000 АҚШ доллары қарастырылып отыр.

«Құрлық біріншілігінің күміс жүлдегері 5000 АҚШ доллары, ал жаттықтырушысы 3000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады. Сондай-ақ қола медаль еншілеген құрама спортшысына 3000 АҚШ доллары, ал оның жаттықтырушысына 2000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай ынталандыру белгіленген. Азия ойындары Қытайдың Ханчжоу қаласында 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтеді. Өз тарихында 29-мәрте жалауын көтеріп жатқан Азия ойындарында 40-тан астам спорт түрінен жүлделер сарапқа салынады», — деп хабарлады  Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Мөлдір Әбдуәлиева.

Жазғы Азия ойындарында Қазақстан тарапынан 500 спортшы бақ сынайды. Ел қоржынында әзірге бір күміс, бір қола медаль бар. Дзюдодан Абиба Әбужақынова 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс, ал Мағжан Шамшадин 60 келіге дейінгі салмақта қола жеңіп алды. Сонымен қатар қазіргі бессайыстан  Елена Потапенко мен Георгий Борода-Дудочкин жекелей жарыс қорытындысы бойынша олимпиадалық лицензия иеленді. Спорттық гимнастикада Нариман Құрбанов ат үстінде жаттығу бойынша да келесі айналымға өтті. Бокстан Ертуған Зейноллинов 63,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 1/16 финалға өтті. Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева әйелдер шахмат турнирінің алғашқы екі турында жеңіске жетті. Ерлер арасында Қазыбек Нөгербектің есебінде екі жеңіс, Ринат Жұмабаевтың еншісінде бір жеңіс бар. Гандболдан әйелдер құрамасы топтық кезеңде Тайланд құрамасын 44:20 есебімен ұтты.

Теннистен Бейбіт Жукаев жекелей сайыстың екінші раундында Тәжікстан спортшысы Фируз Мухидиновты 6:0, 6:0 есебімен жеңді. Біздің екі команда ерлер арасындағы жұптық сайыстың екінші кезеңіне өтті.  Н.Алдаш/К.Гурин және С.Богату/Д.Яковлев жұптары жағажай волейболынан ширек финалға өтті.


ПІКІР ЖАЗУ