ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУДІ ТАПСЫРДЫ

0
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Жұлдыз» индустриалды аймағында салынып жатқан бірқатар кәсіпорынның құрылысымен танысты. «Ferrum Constraction & Chemical» ЖШС-і толық іске қосылғанда жылына 60 мың текше метр темір-бетон бұйымдарын шығарады. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайыз аяқталған. Кәсіпорынды биыл іске қосу көзделуде.
Қала басшысы жауаптылармен бірге керамогранит өндіретін «Wan Sheng Ceramic» ЖШС-нің құрылысын да аралап көрді. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары 40%-ға аяқталған. Зауыттың бірінші кезеңін келесі жылы, екінші кезеңін 2025 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Ал «Оңтүстік Plastic KZ» кәсіпорны үйлерге арналған жаңбыр суағарлары мен кәріз құбырларын өндіреді. Зауыттың өндірістік қуаты айына 600 тоннаны құрайды. Қала басшысы аталған кәсіпорынның құрылыс-монтаж жұмыстарын да қадағалады. Жоба биыл жүзеге асырылады. Кәсіпкерлер жер телімдерін қайтару, инфрақұрылыммен қамту бойынша бірқатар өзекті мәселені жеткізді. Қала әкімі жауаптыларға құрылыс барысындағы кедергілерді тез арада жойып, мемлекеттік қолдау шаралары аясында кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды. Айта кету керек, бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында 3516 шағын және орта кәсіпкерлік жобаға қолдау көрсетілді. Жалпы шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау мақсатында 2023 жылы 19,9 млрд. теңге қаржы бөлінген, оның ішінде республикалық бюджеттен – 15,8 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 4,1 млрд. теңге бөлінді. Жалпы шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау көрсету бойынша тиісті қаржы бөлініп, 2022 жылы 4891 жоба қолдау тапқан болатын. Ал биылғы жылдың басынан бері 2 056 жобаға қолдау көрсетілді. Атап айтқанда «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» шеңберінде 1 922 жобаға қолдау көрсетілді. «Кәсіпкерлікті дамыту бойынша 2021 – 2025 жылдарға арналған «Іскер қала» іс-шара жоспары шеңберінде 134 жобаға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлер үшін жергілікті және мемлекеттік бағдарламалар бойынша барлық кеңестер «Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисі арқылы көрсетілуде.

ПІКІР ЖАЗУ