ҚАЛА ӘКІМІ «ЖҰЛДЫЗ» ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫНДАҒЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМҒА АРНАЙЫ БАРДЫ

0
Бүгінде «Жұлдыз» индустриалды аймағында инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құрылыс барысындағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында аймаққа арнайы барып, жауаптылардың қатысуымен көшпелі жиын өткізді.
Осыған дейін аталған аймаққа жобада қаралған 12,5 шақырым ауыз су құбырының 90%-ы, табиғи газ құбырларының бүгінге дейін 7,5 шақырымы тартылған. Сондай-ақ 10 шақырым кәріз жүйесі жүргізіліп, электр қуаты желісінің құрылысы 80%-ға аяқталған. Жол құрылысы да жобаға сәйкес атқарылуда. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 13,8 шақырым автомобиль жолының 2,1 шақырымы, ішкі орам жолдардың 10,2 шақырымы жүргізілген. Мемлекет басшысы отандық тауарөндірушілерді қолдау арқылы импортқа тәуелділікті азайту мақсатында өңір басшыларына бірқатар тапсырма жүктеген болатын. Президент тапсырмасы аясында бүгінде мегаполисте индустриалды аймақ қатары артып келеді. Аталған аймақтағы инженерлік инфрақұрылым және автомобиль жолдарының құрылысы 2024 жылдың желтоқсан айында аяқталады. 306 гектарды алып жатқан алаңда 30-ға жуық инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Қала әкімі жауаптыларға құрылыс сапасын назарға алып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Айта кету керек, «Жұлдыз» индустриалды аймағында инвестициялық құны 167 млрд. теңге құрайтын, 4762 жаңа жұмыс орындарымен қамтитын 51 жоба іске асырылуда. Жалпы алаңы 306 гектарды құрайды. Аталған аймақта жалпы құны 51,2 млрд. теңгені құрайтын 13 жоба құрылыс жұмыстарын бастады. Оның ішінде, 2023 жылы инвестициялық құны 1,5 млрд. теңге құрайтын, 125 жаңа жұмыс орындарымен 2 жобаны іске қосу көзделуде. Аймақтың инженерлік-инфрақұрылымдық желілерінің құрылысы 65 пайызға аяқталды. Ал «Бозарық» индустриалды аймағының жалпы аумағы 132 гектарды құрайды. Аймақта 49,6 млрд. теңгеге 1,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарымен 25 жобалар пулы әзірленді. Қазіргі таңда, 6 жобаға жер телімін рәсімдеу жұмыстарын жүргізуде. Индустриялық аймақтың негізгі мақсаты – тамақ өнеркәсібіндегі терең өңдейтін импорт алмастыратын жобаларды қолдау. Аймақтың инженерлік-инфрақұрылымдық желілерінің құрылысы 30 пайызға аяқталды. Мегаполистің экономикасын көтеретін тағы бір маңызды аймақ – сауда-логистикалық орталығы. Бұл аймақ 136 гектарға кеңейтілді.

ПІКІР ЖАЗУ