КОНГРЕС-ХОЛЛ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жауаптылармен бірге Шымсити шағынауданынында бой көтерген Конгрес-холл ғимаратын аралап, атқарылған жұмыстармен танысты. Қазір мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, нысанның персоналды басқару жүйесіне мамандар оқытылуда.
Заманауи талапқа сай жабдықталған ғимаратта халықаралық конгресстерді, форумдарды, мәжілістерді, симпозиумдарды, ресми іс-шараларды және пленарлық отырыстарды өткізуге барлық жағдай жасалуда.
Жобаға сәйкес бірінші блокта мәдени іс шараларға арналған кәсіби мультимедиялық жабдықтар орнатылған 2 066 орындық көрермен залы орналасқан. Сондай-ақ, 190 орындық конференц-зал, 80 орындық салтанат залы, 40 орындық баспасөз залы, техникалық бөлмелер бар. Ал екінші блокта қолөнершілер орталығы, шеберхана қарастырылған. Қала әкімі жауаптыларға озық үлгіде жабдықталған жаңа нысанның мүмкіндігін арттыруда бірқатар тапсырма берді. Конгрес-холл өндірістік кестеге сәйкес жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Айта кету керек, Шымкентте биыл бюджет есебінен 160 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 98 тұрғын үй, 18 инженерлік инфрақұрылым, 43 әлеуметтік нысандар бар және жыл соңына дейін 3 072 пәтерлі 67 тұрғын үй қолданысқа беріледі. Сәуір айында Тұран шағын ауданында 54 пәтер көпқабатты тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. Сондай-ақ нарықтан қосымша 1 405 арендалық пәтер сатып алынады. Оның 900-і жұмыс істейтін жастарға, 505-і әлеуметтік осал топтағы азаматтарға беріледі. Қазіргі таңда жастарға 420, ал, аз қамтылғандарға 363 пәтер алынды. Қалған 31 тұрғын үйдің құрылысы келесі жылға өтпелі. Жыл соңына дейін 18 инфрақұрылым нысанының 12-сі пайдалануға беріледі. Қалған 6 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі. Сонымен қатар осы жылы 3 450 орындық 7 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда 5 нысанның құрылысы аяқталып, ел иігілігіне берілді. Тағы 1 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталатын болады.