ШЫМКЕНТКЕ ҚАРЖЫ ҚҰЮДЫ ҚАЛАЙТЫН ИНВЕСТОРЛАР ҚАТАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

0
Шымкент қаласы бүгінде әлемнің бірқатар елдерімен тығыз әріптес ретінде жұмыс істеп келеді. Сәйкесінше, қалаға қаржы құюды қалайтын инвесторлардың саны да арта түсуде. Мәселен, жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қытай халық республикасынан келген инвесторлармен кездесті. Жиында қала басшысы инвесторлармен байланыс орнатуға дайын екенін жеткізді.
«Қош келдіңіздер! Сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын! Біздің қала Орталық Азияда инвестициялар, технологиялар мен зияткерлік ресурстарды тартудың жаңа орталығы болу үшін зор әлеуетке ие. Сол себепті қызығушылық танытқан инвесторларға әрдайым есігіміз ашық. Бұл ретте Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын айтқым келеді. Ендігі кезекте нақты ұсыныстарыңызбен бөліссеңіздер» – деді Ғабит Сыздықбеков. «Қытайдың темір жолы № 3 Инженерлік Корпорациясы» ЖШҚ-ның бас директоры Луй Кай Шымкентке екінші рет келіп тұрғанын айтып, 2 200 жылдық тарихы бар қаланың келбеті көркем екенін алға тартты. «Үшінші мегаполистің дамуы әбден жарасымды. Осы орайда қаланың көркем келбетін арттыра түсу үшін ортақ күш салу мақсатында келіп отырмыз. Біздің мемлекеттік компанияның жобалары үздік, әлемдік бәсекелесте озық тұр. Іске асырған жұмыстарымызды сізге ұсынып, өзара ынтымақтастықты қоқыс қалдықтарын өңдеу жобасынан бастасақ», – деді. Кездесу барысында қала әкімі қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу зауытын салуға ниетті компания басшысына: «Екі ел арасындағы ынтымақтастық стратегиялық сипатқа ие. Кез келген жоба, ең алдымен, қарапайым халыққа тиімді болуы керек. Сондықтан ұсыныстарыңызды жан-жақты зерделеуіміз керек», деп жауабын берді. Кездесу соңында бас директор Луй Кай қарбалас жұмыс барысында қала әкімінің кездескеніне ризашылығын білдірді. Айта кету керек, Шымкенттің ерекше белгілерінің бірі – географиялық орналасуы. Қала маңызды көлік жолдарының қиылысында орналасқан, бұл тиімді сауда мен әртүрлі аймақтармен байланыс орнатуға ықпал етеді. Дамыған логистикалық инфрақұрылымның арқасында Шымкент логистикалық бизнес пен транзиттік сауда ағынының орталығына айналуда, бұл қалаға нарықта бәсекелестік артықшылық береді. Сонымен қатар, Шымкентте инновациялар мен жоғары технологиялар белсенді дамып келеді. Инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар, білікті кадрлардың болуы және дамыған ғылыми база инвестициялардың келуіне және заманауи жоғары технологиялық кәсіпорындардың құрылуына ықпал етеді. Инновацияның бұл өсуі Шымкенттің және жалпы Қазақстанның экономикасының дамуына зор үлес қосуда.

ПІКІР ЖАЗУ