ШЫМКЕНТ: ҚАУІПТІ ІНДЕТ ТІРКЕЛГЕН ЖОҚ
Ағымдағы жылы Шымкент қаласында сібір жарасы ауруы тіркелмеді. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Мұсаева Балкүміс Балсейітқызы айтты.
«Шымкент қаласы Республика көлемінде сібір жарасы аурушаңдығы бойынша эпидемиологиялық, эпизоотологиялық тұрғыдан қолайсыз аймақтар қатарына жатады. Жыл сайын қалада сібір жарасы ауруы жағдайлары тіркеледі: 2019 жылы — 1 жағдай, 2020 жылы — 3 жағдай, 2021 жылы — 6 жағдай, 2022 жылы мен 2023 жылдың 8 айында аурушаңдық тіркелмеді», — деді спикер. Спикердің мәлімдеуінше, сібір жарасы (күйдіргі) – антропозоонозды жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы – (Bacillus anthracis) бактериялары. Сібір жарасының қоздырғыштары адам мен жануарлардың ағзасынан тыс жерлерде споралар түзуге қабілетті және олар сыртқы ортаның физикалық-химиялық әсерлеріне өте төзімді, қоршаған ортада жүз жылдап сақталады. Сібір жарасының адамдарға жұқтырушы көзі – үй жануарлары (ірі қара мал, қой, ешкі, түйе, шошқа, жылқы, бұғы) болып табылады. Адамға аурудың жұғу жолы көбіне жанасу арқылы (малды сою мен өңдеу кезінде немесе мал терісін өңдеуде) және бактерияның спораларымен ластанған тағамдар мен ауыз суын ішкенде жұғады. Сонымен қатар, ластанған топырақты егістікте қолдануда жұғуы мүмкін. Биыл жаз өте ыстық болуына орай жайылымда шөп тез қурағандықтан, малдар ластанған топырақтан сібір жарасын жұқтыруы әбден мүмкін. Адамдар ауру малмен, ауру малдың еті және ет өнімімен қатынаста болғандар ауырады. Ауру адамнан адамға жұқпайды. Сібір жарасының белгілері мен аурудың ағымы: ауру теріні зақымдайтын және сирек түрде ішкі мүшелерді де зақымдайтын түрде өтеді. Инкубация кезеңінің ұзақтығы терілік түрінде бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсис түрінде 6-8 күнге дейін созылады. Аурудың терілік түрінде қабыршақ (карбункул) айналасындағы қызарған терінің ортасындағы қара дақ, қызыл шоқтың ортасындағы көмір тәрізді көрінеді. Оның айналасында сезімталдық мүлде болмайды. Лимфа түйіндері ұлғаяды. Адамда ауру жиірек жағдайда терілік түрі болады. Аурудың сепсис түріне ұласуы (теріден тыс түрі) қоздырғыштың тыныс алу, асқазан-ішек жолдары арқылы енген жағдайында дамиды. Терілік түрінің сепсиске ұласуы сирек кездеседі. Дер кезінде емделмеген жағдайда ауру өлім жағдайымен аяқталады. Аурудың бастапқы кезеңіндегі айтылған белгілер байқалған жағдайда науқас міндетті түрде медициналық көмекке жүгінуі қажет.