ФРОНТ-ОФИС ҚЫЗМЕТІНЕ ЖҮГІНЕТІНДЕР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

0

Түркістан қаласында медициналық қызметті әртараптандыру мен жақсарту бағытында атқарылып жатқан шаралардың қатары қалың. Бүгінде қаладағы медициналық нысандардың материалдық-техникалық базасы біршама жақсарған. Көрсетілетін қызметтің сапасы да соған сай артып келеді. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру шараларының қарқын алғанынан да хабарымыз бар. Осының арқасында небір ауыр оталар Түркістан қаласындағы ауруханалар базасында сәтті жасалуда. Бұл ғана емес, медициналық мекемелер мен қала тұрғындарының арасындағы байланысты нығайту мен қызмет сапасын арттыру бағытында емханалар жанынан фронт-кеңселер құрылды.

Бұл ашықтықты қамтамасыз етумен қатар, науқастар мен аурухана және емхана қызметін тұтынатын азаматтар арасындағы байланысты күшейтеді. Түрлі цифрлық құжатқа қатысты мәселелердің шешілуіне де ықпал етеді. Онда тиісті сала мамандары тұтынушының сұрақтарына жауап беріп, қажет көмектер мен кеңестерді береді. Бүгінде бұл қызметті түркістандық тұрғындар жиі қолдана бастаған. Сөзіміз айғақты бола түсуі үшін деректерді келтірсек, Түркістан қалалық емханасындағы фронт-офис қызметіне былтыр 3 000-нан астам тұрғын жүгінген. Бүгінде қалалық емханада тіркелушілердің 83,2 пайызы сақтандырылған. 2023 жылы емханаға 863 421 азамат келіп, ем-дом алған. Статистикаға сәйкес, емханада бір тұрғын жылына 7 не 9 рет дәрігерге қаралады.

Сонымен қатар, емханада барлық науқастарға қолайлы жағдай қарастырылған. Сондай-ақ күнделікті мониторинг жүргізу және науқастың профилактикалық шараларға толықтай үйренуі үшін «смарт сағаттар» енгізілген. Айта кетсек, бүгінде бала өлімі бойынша шаһар жасыл аймақта. Дәрігерлердің бақылауына алынған 2 248 жүкті ана кері әсерсіз босанған. Сондай-ақ скринингтік тексеруден – 35 038 адам өткен. Мұның өзі саладағы қызмет сапасының артып келе жатқанын айғақтайды. Жалпы мұндай фронт-кеңселер қызмет алушыларға қолайлы жағдай жасаумен қатар, дәрігерлердің де уақытын үнемдейді. Қызмет алу барысында туындайтын түрлі қолайсыздықтардың алдын алады.


ПІКІР ЖАЗУ