ОБЛЫСТЫҢ «ЕҢ ҮЗДІК ЕМХАНА МЕЙІРГЕРІ» ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫНДА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ
Еңбек адамы елді дамытады. Саналы ғұмырын белгілі бір саланың дамуына арнаған мұндай мамандарды қоғамға кеңінен насихаттауымыз тиіс. Сонда ғана қарапайым қатарда жүріп, елеулі еңбек сіңіріп жатқандарды ел таниды. Жалпы қоғам үшін маңызды салалардың қатарында медицина да бар. Дертіне шипа іздеп келген талай жан ақ халаттылардың ерен еңбегінің арқасында аяқтан тік тұрды. Сондықтан да бұл салада қызмет етіп жатқандар турасында қанша жазсақ та аз.
Қалың оқыманның есінде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кәсіби маманның маңызын білу керек екенін, еселі еңбек сіңіріп жүргендер елді дамытатынын айтқан болатын. Нақтырағы өз сөзінде «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн» деген болатын мемлекет басшысы. Осы орайда, Түркістан қаласындағы денсаулық сақтау ісінде қалтқысыз қызметімен көптің алғысын арқалап жүргендердің барын айрықша айта кеткеніміз жөн. Бүгінде білікті мамандар түрлі облыстық сайыстарда бақ сынап, бәсі биік бәсекеде жүлделі орындардан көрініп келеді. Бүгінгі материалымызда дәл сондай маманның бірі турасында тарқата баяндамақпыз.
Үстіміздегі жылы 12 мамыр – Халықаралық мейіргерлер күні қарсаңында «Кәсіптік білімі бар үздік маман – 2024» облыстық кәсіптік сайысы өткені белгілі. Міне, сонда жаңа Қазақстанның жаңашыл, креативті ойлайтын, медицинаның қыр-сырын меңгерген кәсіби мамандар арасында «Ең үздік фельдшер», «Ең үздік стационар мейіргері», «Ең үздік акушер», «Ең үздік лаборант», «Ең үздік емхана мейіргері» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды. Сайыстың мақсаты – Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарының мамандарының кәсіби шеберлігін арттыру және жаңа заманауи талапқа сай мамандарды анықтау. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің мамандығына деген қызығушылығын арттыру және ынталандыру, орта буын медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, мамандардың білімін шыңдау және дағдыларын қалыптастыру сынды маңызды міндеттерді арқалаған сайыс 3 кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – теориялық білімді бағалау болса, екінші кезеңде қатысушылар өзін таныстырды. «Мамандығым – мақтанышым» атты аталған кезеңде ақ халаттылар түрлі тың тәсілдер арқылы қызметі мен міндетін жиналған қауымға паш етті. Ал тәжірибелік дағдылар сарапқа түсетін үшінші кезеңде сайыс қатысушылары тәжірибесі мен білімі негізінде бақтарын сынады. Сайыс қорытындысы бойынша Түркістан қалалық емханасының мейіргері Еділбекова Ақтолқын Ермекқызы «Ең үздік емхана мейіргері» аталымын жеңіп алды. Бұл Түркістан қаласындағы медициналық мекемелердің мамандарының облыс бойынша үздік екенін тағы бір дәлелдеді.
Айта кетейік, бұдан бөлек, Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының лаборанты Сапарбекова Айгерим Дархашовна «Ең үздік лаборант», Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының мейіргері Оралбай Жанар Оралбайқызы «Ең үздік стационар мейіргері», Ордабасы аудандық орталық ауруханасының акушері Жүрсінбекова Айгерім Ерсінбекқызы «Ең үздік акушер», Ордабасы аудандық орталық ауруханасының фельдшері Зиядаев Олжас Нұржанұлы «Ең үздік фельдшер» аталымдары бойынша жеңімпаз атанды.