ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ ЖАҚ-БЕТ ҚАҢҚАСЫНЫҢ СЫНҒАН СҮЙЕКТЕРІНЕ ОСТЕОСИНТЕЗ ЖАСАДЫ
Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына аз көңіл бөлініп отырған жоқ. Әсіресе, бұл үрдіс пандемиядан кейін артты. Бұл жағдай елімізге ғана емес, күллі жаһанға ортақ процесс десек, артық айтқанымыз емес. Өйткені адамзат баласы медицина саласының маңызын айқын ұғып, анық түсінді. Ғылым мен медицинаға беймәлім болған вирустың кең тарауы ғылыми-технология тұрғысында әлі де дамуымыз қажет екенін ұқтырды. Міне, осы жағдайдан кейін мемлекет тарапынан денсаулық сақтау ісіне бөлінетін қаржы да, қолдау да көбейді. Мұны еліміздің әрбір өңіріндегі денсаулық сақтау мекемелерінің жаңғыруы мен дәрігерлердің біліктілігінің артуынан білуге болады. Нәтижесінде отандық медицинаның әлеуеті артты. Орталық Азиядағы бәсекеге қабілетті орталықтардың саны көбейді. Осы орайда, бүгінгі материалымызда Түркістан қаласындағы медицина ісінің дамуы турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз.
Қазіргі таңда Түркістан қалалық орталық ауруханасы күнгейдегі ең іргелі де озық технологияға ие, білікті кадрларға бай медициналық мекемелердің бірі саналады. Мекемеде саланың қыр-сырына қанық кәнігі мамандар жеткілікті. Материалдық-техникалық база да барша заманауи талаптарға жауап береді. Осының арқасында мекеменің қызметін алу үшін Түркістан облысының түкпір-түкпірінен келетін науқастардың қарасы қалың. Осыдан болса керек, орталықта жасалатын оталардың саны артқан. Отандық медицинаның дамуының арқасында бүгінде көптеген ауруларға ем табылып жатыр. Тіпті, оқыс оқиғаның салдарынан аяққа тұра алмай қалған жандардың өзі ақ халаттылардың арқасында дертінен құлан таза айығып шығуда. Мәселен, жуырда Түркістан қалалық орталық ауруханасында білікті де тәжірибелі дәрігерлер жақ-бет қаңқасының сынған сүйектеріне остеосинтез жасады. Тарқата баяндайтын болсақ, Түркістан қалалық орталық ауруханасының жақ-бет хирург дәрігерлері жол-көлік оқиғасының нәтижесінде көз, мұрын және жоғарғы жақ сүйектерінің бірнеше сынықтарымен ауыр жарақат алған 15 жастағы жаңақорғандық жасөспірімге сирек кездесетін, күрделі шықшыт – көз сүйек кешенінің (скулоорбитальный комплекс) остеосинтез отасын сәтті өткізді.
Остеосинтез – арнайы бұрандалар, пластиналар және тоқылған инелер сияқты әртүрлі металл конструкцияларды қолданып, сүйек сынықтарын бекітуге бағытталған хирургиялық емдеу әдісі. Терапияның бұл әдісі сүйектің бастапқы анатомиясын басқа әдістермен қайтару мүмкін болмаған кезде қолданылады. Шықшыт – көз сүйек кешенінің остесинтез отасының күрделігі, көз, жүйке және қан тамырлары сияқты маңызды құрылымдарға жақын орналасуына байланысты және бұл аймақтағы жарақаттар ауыр зардаптарға, оның ішінде көру қабілетінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Тәжірибелі хирургтар мен заманауи жабдықтардың арқасында хирургиялық жарақат көлемі минимальді косметикалық және функционалдық нәтижелерге қол жеткізіліп, бет қаңқасының жұмысы қалпына келтірілді және мүмкін болған асқынулардың алды алынды. Әлеуметтік бейімделуінің шектелуі мен мүгедектік қауіпі төнген пациент қазіргі таңда қалпына келіп жатыр. Бұл — аурухана қызметкерлерінің кәсібилігі мен сапалы медициналық көмек қолжетімділігінің айқын көрінісі. Пациенттің туыстарының айтуынша, бастапқыда мұндай ауыр отадан баланың сау шығуына күмәнмен қарағандар көп болған. «Жол-көлік оқиғасы салдарынан баламыз мүгедек болып қалуға шақ қалды. Бастапқыда қатты қорықтық. Өйткені ұзынқұлақтан мұндай оталарды жасату үшін шетел асу керегін естіген едік. Ал оған қаражатымыз болмады. Бүгінде шекара асу үшін қыруар қаржы керек. Қала берді, бізге ұсынған елдерде мұндай отаның қымбат тұратынын білдік. Уақытымыз да шектеулі еді. Сондықтан Түркістан қалалық орталық ауруханасының жәрігерлеріне жүгіндік. Алғашқы тексеруден кейін дәрігермен сөйлескенімізде қолдан келетін барлық шараны көретіндерін айтты. Енді міне ота сәтті өтті. Қолы жеңіл дәрігерлерге алғысымызды айтамыз» дейді науқастың туыстары.
Айта кетейік, Түркістан қалалық орталық ауруханасының базасында бұған дейін де түрлі деңгейдегі оталар сәтті жасалды. Мәселен, инсультпен түскен азаматқа жасалған отаның арқасында науқас дертінен құлан таза айығып шықты. Әрине, мұның барлығы білікті де тәжірибелі дәрігерлер мен заманауи талаптарға сай жабдықталған материалдық-техникалық базаның арқасында мүмкін болып отыр.