МЕДИЦИНА САЛАСЫН ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ

0

Елімізде медицина саласын дамыту – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та дәл осы салаға айрықша назар аударып, денсаулық сақтау ісін ілгерілету мен халықаралық деңгейдегі беделін арттыру мақсатында түрлі тапсырмаларды беріп келе жатыр. Тіпті, ел Президентінің сайлауалды бағдарламасында да бұл сала айрықша басымдыққа ие екені жазылған. Сондықтан да қазіргі уақытта саланы цифрландыру арқылы әлеуетін арттыру, қызмет сапасын жоғарылату бағытына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Нәтиже де жоқ емес. Бұл туралы мемлекет басшысы да әр сөзіне тұздық етіп отырады.

Мәселен, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференцияның пленарлық отырысында еліміздегі денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан шараларға арнайы тоқталған болатын. Өз сөзінде «Елімізде барлық баланы профилактикалық медицина тексеруінен өткізу ісі жолға қойылған. Әр ірі елді мекенде жастардың денсаулық орталықтары жұмыс істейді деуге болады. Жыл сайын үш миллионға жуық ересек адам скрининг және кәсіби тексеру бағдарламасынан өтеді. Ауыл тұрғындарының медицина қызметін алуына бірдей мүмкіндік жасау үшін біз бірқатар реформа жүргіздік. Нәтижесінде 2018 жылдан бастап ауылдардағы алғашқы көмек көрсету пункттерінің саны 3 еседен астам көбейді. Сонымен қатар телемедицина және қашықтан мониторинг жасау сияқты цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бұл алғашқы медицина көмегінің қолжетімдігін айтарлықтай арттырады» деген болатын ел Президенті. Осы орайда, мемлекет басшысының тарапынан беріліп жатқан тапсырмалар мен шараларды сала мамандарына кеңінен түсіндіру және пікір алмасу, ұсыныстарды жинау мақсатында Мәжіліс депутаттары еліміздің түкпір-түкпіріндегі медициналық мекемелердің дәрігерлерімен кездесіп, жиын өткізіп келеді. Мәселен, биыл Мәжіліс депутаттары Түркістан қалалық орталық ауруханасынының қызметкерлерімен кездесті. Тарқата баяндайтын болсақ, Мәжіліс депутаттары, Қ.Балабиев, Е.Әбдиев, Түркістан қаласы мәлихатының төрағасы Г.Сарсенбаев Түркістан қалалық орталық ауруханасынының ұжымымен жүздесті.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы жолдауында қойылған міндеттердің қалай орындалып жатқанын, жыл бойы депутаттар еңбек ұжымдарымен және жергілікті тұрғындармен кездесіп, мәжілісте қаралған мәселелер туралы, бірқатар заң жобалары қайта қаралғандығы туралы, қолға алынған реформалардың тиімді жүзеге асып жатқандығы туралы хабардар етті. Депутаттардың алдымен аурухана ұжымымен жүздесуі кездейсоқтық емес, себебі мемлекет медицина қызметкерлерін қолдау бойынша бірқатар шаралар қабылдап жатыр. Дәрігерлердің мәртебесін көтеріп, олардың құқығын қорғап, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін еңбек жағдайларын жасау, материалдық жағдайын жақсарту үшін тиісті міндеттер қойылған. Сонымен қатар медицина қызметкерлері жұмысының нәтижелері тікелей әлеуметтік әсерге ие екенін, оған нақты адамдардың өмірі ғана емес, жалпы қоғамның тұрақтылығы да тәуелді екенін атап өтті. Жиында жиналғандардың ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдаған депутаттар, медицина мамандарын толғандырған мәселелерді талқыға салып, зерделеп, оң шешімін қарастыруға уәде берді. Кездесу соңында халық қалаулылары аурухана басшысына және қызметкерлеріне кәсіби шеберлігі мен күнделікті қажырлы еңбегі үшін алғыс білдірді.

Осы тұста айта кетейік, елімізде денсаулық сақтау ісін цифрландыру бойынша кешенді шаралар атқарылып келе жатыр. Оның ішінде қашықтан медициналық қызметті дамыту шеңберінде қабылданып жатқан шаралардың маңызы айрықша. Бүгінде мемлекетімізде бірнеше отандық цифрлық шешімдер салаға енгізілуде. Тарқатсақ, «SmartECG» бағдарламалық қамтамасыз ету – кардиологиялық зерттеулер нәтижелерін қашықтан интерпретациялауды көздейді. Жоба қазіргі таңда Қазақстан Республикасының 15 өңірінде жұмыс істеп тұр. Ал «EyeLab» аппараттық-бағдарламалық кешені – көз түбі кескіндерін автоматты түрде интерпретациялау және қашықтан өңдеу бойынша бірегей жүйе. Бұл бастама да бірнеше аймақта жүзеге асырылып жатыр. «MedReview» бағдарламалық қамтамасыз ету – сәулелік диагностика қызметтері бойынша қашықтан қорытындыларды қалыптастыру бойынша жұмыс істейді. Бұдан бөлек, «HES-7» денсаулық диагностикасы жүйесі – шалғай ауылдық елді мекендердегі медициналық мекемелерден пациенттердің денсаулық жағдайы туралы диагностикалық ақпаратты қашықтан жинау және жіберу және телемедициналық консультациялар жасау сынды қызметтерді жүзеге асырады. Сонымен қатар киілетін құрылғыларды пайдалана отырып, азаматтардың денсаулығына қашықтан мониторинг жасау жүйесі – әлеуметтік маңызы зор үш ауру түрі, яғни қант диабеті, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі және гипертония бойынша денсаулықтың негізгі параметрлерін қадағалау бойынша жұмыс істейді. Жалпы өткен жылдың 9 айында халыққа телемедициналық консультацияларды қоса алғанда, 687 мыңнан астам қашықтан медициналық қызмет көрсетілді. Саламатты өмір салтын қалыптастыру шеңберінде өңірлерде жалпы саны 2,4 млн адамды қамтыған 500 мыңнан астам іс-шара мен тақырыптық дәріс өткізілді. Негізгі бағыттар – саламатты және рационалды тамақтануды насихаттау, дене шынықтыру мен спортты дамыту, темекі өнімдері мен алкоголь тұтынуды азайту, психикалық және репродуктивті денсаулықты қорғау, жарақаттануды азайту. Әрине, бұл ауқымды бастамаларды жүзеге асыру сынды маңызды міндеттерде жүзеге асыруда Түркістан қаласындағы медициналық мекемелердің рөлі айрықша жоғары.


ПІКІР ЖАЗУ