ТҮРКІСТАНДА МЕДИЦИНА САЛАСЫ ЖОҒАРЫ ҚАРҚЫНМЕН ДАМЫП КЕЛЕДІ
Әлемде «медициналық туризм» деген түсінік бар. Мұны әдетте сапалы медициналық қызмет алу үшін шетелге шығып, технологиялық тұрғыда дамыған клиникаларда ем алумен түсіндіріп жатады. Ал мұндай қызметте шетелде алуға азаматтарды түрлі әлеуметтік, экономикалық себептердің итермелейтіні белгілі. Мәселен, кейбір азаматтар өз елінде уақытылы ем алуға немесе сапалы қызметке қол жеткізуге мүмкіндік болмағанда мұндай турларға жүгінеді. Жасыратыны жоқ, бұған дейін қазақстандық пациенттер кардиохирургия, нейрохирургия, мүшелерге трансплантация жасау, онкология бойынша шетелге жиі баратын. Ел азаматтары арасында Қытайдың, Түркияның, Израильдің медицинасы турасында жиі оң пікірлер де айтыла жүретін. Дегенмен соңғы уақытта аталған бағыттағы тақырыптардың буы басылды десек, артық айтқанымыз емес.
Бүгінде қазақстандықтар сапалы медициналық қызмет алу үшін шетелге шығуды азайта бастады. Өйткені мемлекет тарапынан жасалған тиімді бағдарламалардың арқасында мұндай қызметтерді еліміздегі денсаулық сақтау нысандарының базасында да алу мүмкіндігі туды. Соңғы бірнеше жыл ішінде медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы жаңғырды. Заман талабына жауап беретін, ауруларды анықтайтын, емдейтін техникалар көптеп қолданысқа беріле бастады. Бұл ғана емес, ондаған, тіпті, жүздеген дәрігер шетел асып, әлемдегі ең танымал клиникалардың базасында тәжірибесін толықтырып қайтты. Осының арқасында саланың мүмкіндігі артты. Қазір елімізде нәтижелі жұмысымен көптің талқысына түсіп келе жатқан ауруханалар мен емханалар баршылық. Солардың қатарына Түркістан қалалық орталық ауруханасын жатқызуға болады. Бұл мекеме қалада ғана емес, жалпы облыстағы медициналық қызметтер көрсететін ең іргелі мекеме десек, артық айтқанымыз емес. Бүгінде аталған дансаулық сақтау нысанында жиырма алты құрылымдық бөлімше жұмыс істеп тұр. Аурухана хирургия, ангиохирургия, гинекология, урология, офтальмология, травматология, нейрохирургия, интервенциялық кардиология, оториноларингология, жақ-бет хирургиясы, терапия, нефрология, эндокринология, пульмонология, кардиология, неврология, ревматология бойынша халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетіп келе жатыр.
Осының арқасында ел ішінде бұл мекемені іздеп келетіндердің қатары артқан. Өйткені пациенттер қолы жеңіл дәрігерлердің біліктілігіне үлкен сенім артады. Қала берді, мекемеде материалдық-техникалық база заман талабына сай жаңғырып келеді. Бұған біраз уақыт бұрын «Инсульт орталығы» және «Триаж» жүйесімен жабдықталған жаңа қабылдау бөлімі ашылған болатын. Пациенттерге жасалған жағдайлар да жоғары деңгейде. Ашып айтсақ, орнатылған электрондық кезекпен ауруханаға келген науқастар өздерінің ауруханаға жату кезегін, лабораторияға, рентген кабинетке, тексерілуге келген науқастар өз кезегін біліп отырады. Ақпараттық киоск арқылы науқастардың туыстары жоспарлы және жедел түрде өздері немесе жедел жәрдем бригадасымен келген науқастардың қай бөлімшеде қашан жатқанын білуіне мүмкіндік қарастырылған. «Триаж» жүйесі бойынша медициналық іріктеу үздіксіз және сабақтастықпен жүргізіледі. Бір пациенттің жағдайын бағалау процесі 60 секундтан аспайды. Бағалау аяқталғаннан кейін пациенттер арнайы түрлі-түсті лента түріндегі іріктеу санатының бір түсімен белгіленеді. «Көмек» медициналық ақпараттық жүйесі бағдарламасымен жедел медициналық жәрдем стансасына интеграцияланған. Жедел жәрдем бригадасы алып келе жатқан науқас туралы толық ақпарат аурухананың қабылдау бөлімінде көрініп тұрады. Аурухананың қабылдау бөліміндегі «SOS» бағдарламасы батырмасын басу арқылы дәрігерлерді және зертхана маманын шұғыл көмекке шақыруға мүмкіндік береді. Медицина саласының қызметкерлері Кешенді медициналық ақпараттық жүйесімен жұмыс істейді. Қазірдің өзінде науқастардың барлық құжаттары электрондық түрде жүргізіліп жатыр. Сатып алынған «Aquilion Prime SP-160» компьютерлік томографы жоғары сапалы «CANON» технологиясы негізінде әзірленген. Ерекшеліктері, «Aquilion Prime SP» компьютерлік рентгендік сканер 78 см кеңейтілген апертураға ие. Экспозициялық бақылау және итеративті реконструкция сәулеленудің дұрыс деңгейімен жақсы сападағы айқын кескіндерді алуға мүмкіндік береді. Айта берсек, жаза берсек, аурухананың мүмкіндігі өте көп екеніне көзіміз айқын жетеді.
Мекеме басшылығы дәрігерлердің біліктілігін арттыру бағытына да айрықша көңіл бөліп келеді. Мәселен, бұдан біраз уақыт бұрын аурухана базасында урологиялық операциялардың озық әдістемелерін енгізу бойынша шеберлік сағаты өткен болатын. Оған «Академик Б.О.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы» АҚ профессоры А.Малих бастаған білікті мамандар қатысып, бар білгенімен бөлісті. Яғни «Қазақстан Республикасы азаматтарының созылмалы бүйрек ауруының скринингі» және «Орта, егде жастағы ер адамдарда андрогендік тапшылықтың скринингі», «Артериалды гипертензия», «Қант диабеті» жане «Қуық асты безінің қатерсіз гиперплазиясы» бойынша шеберлік сағаты өтті. Шеберлік сағаты барысында зәр шығару органдарының патологиясы бар үш науқасқа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде ота жасалып, отыз жеті науқасқа тегін кеңестер берілді.
Бұл ғана емес, жуырда аталған орталықтың базасында кохлеарлық имплант орнату бойынша жоғары технологиялық ота сәтті жасалды. Тарқата баяндайтын болсақ, операция анадолы топырағынан тарихи қалаға табан тіреген профессор Айше Пелин Игидердің қатысуымен өтті. Бұл шеберлік сағатында түркістандық дәрігерлер құнды деректерге ғана емес, танымал профессордың тәжірибесіне де қанық болды. Нәтижесінде Түркістан қалалық орталық ауруханасына көмек сұрап жүгінген пациентке америкалық «Advanced Bionics» компаниясының импланты сәтті енгізілді. Аппараттарды осы компанияның ТМД және Шығыс Еуропа елдері үшін бас клиникалық маманы Руслан Хабилұлы Кертиевтың баптап, сынағанын айта кеткеніміз жөн. Импланттарды орнату пациенттердің ыңғайлы есту қабілетін қамтамасыз етіп, түрлі ыңғайсыз жағдайларға түспеуіне көмектеседі. Аталған ота алдында әрбір пациент стандартты зерттеп-қараудан өтеді. Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының емдеу-профилактикалық қызметін үйлестіру бөлімінің басшысы және кохлеарлық имплантаттау жүйесін орнату бойынша 10 тәжірибелі дәрігерден тұратын бірлескен комиссия жүргізген егжей-тегжейлі диагноздан кейін пациенттерге жоспарлы операция жасалады. Хирургиялық араласудың бұл түрі есту қабілетінің қатты жоғалуы және толық саңырауы бар пациенттерді емдеудің ең тиімді әдісі саналады, бұл қазіргі заманғы есту аппараттары көмектесе алмаған кезде есту қабілетін қалпына келтіруге көмектеседі. Жалпы кохлеарлық имплантаттау — есту сезімін қалпына келтіру мақсатында ішкі құлаққа электродтық жүйелерді енгізу емшарасы. Ол зақымдалған жерлерді айналып өтіп, есту нервінің талшықтарын электрлік ынталандыру арқылы жүзеге асырылады. Кохлеарлық импланттар дыбыстарды оңтайлы дыбыстық жайлылық пен айқындықты қамтамасыз етеді, тіпті қоршаған шу жағдайында да, өйткені олар дыбыстарды түрлендіреді және миға белгі береді. Бұл дегеніміз есту қабілетін қалпына келтірудің алғашқы қадамы, содан кейін пациенттер 1 жылдан 1,5 жылға дейін созылуы мүмкін ұзақ есту-сөйлеуге бейімделу процесін қажет етеді. Бұл процесте пациенттер естуді, дыбыстарды түсінуді және сөйлесуді үйренеді. Сондықтан дене функцияларын толық қалпына келтіру үшін есту-сөйлеуді қалпына келтіру қажет.
Жалпы алғанда Түркістан облысында 641 баланы қоса алғанда, 2345 пациент сенсорлық есту қабілетінің жоғалуымен есту проблемалары бойынша диспансерлік есепте тұрады. Бұл сандар құрғақ статистиканы ғана емес, сонымен бірге адамның тағдырын да көрсетеді, өйткені есту қабілеті нашар адамдар әлем мен қарым-қатынастың дыбыстарын есту қабілетінен айырылады. Бүгінгі таңда есту қабілетін қалпына келтіру өзекті мәселе болып отыр және оториноларингологиялық көмек көрсету деңгейі жоғарылауы керек. Аурухананың басшылығымен және денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен операцияның бұл күрделі түрі медициналық тәжірибеге енгізілді. Бұған дейін мұндай операциялар тек Астана мен Алматының ірі клиникаларында жасалатын, ал Түркістан қалалық орталық ауруханасы оны жүргізуге лицензия алған өңірдегі алғашқы медициналық мекеме болды. Аурухана әкімшілігі Түркістан қалалық орталық ауруханасының базасында есту қабілетін толық қалпына келтіруге мүмкіндік бере отырып, облыс пен көрші өңірлердің тұрғындарын қамтуға ұмтылады. Қазақстанда кохлеарлық имплантаттау бағдарламасы мемлекеттік деңгейде қолдау алды. Құны 7,7 млн теңге болатын бұл операция жоғары технологиялық медициналық қызметтерге кіреді және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде орындалады. Қазіргі уақытта МӘМС шеңберінде тегін операциялар жасалған пациенттер өздерінің өмір сүру сапасының айтарлықтай жақсарғанын және қоғамдағы белсенді өмір салтына оңай бейімделгенін айтып, қуанышын бөлісіп жатады. Осының өзі Түркістан қалалық орталық ауруханасының қаланың ғана емес, күллі өңірдің медицинасын дамытуға септін болып келе жатқанын айғақтайды.
Жалпы соңғы уақытта Түркістан қаласында медицина саласы жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Былтырдың өзінде орталықтың дәрігерлері дамыған елдердің озық клиникаларында тәжірибе алмасып қайтты. Мұның өзі саладағы қызмет сапасының артуына септігін тигізуде. Қаладағы орталықтар қазіргі уақытта «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын сәтті жүзеге асыру бойынша ауқымды бастамаларды көтеріп, жемісті түрде жүзеге асырып келеді. Нәтиже де жоқ емес. Бұрындары өңір тұрғындары аса күрделі оталарды жасату үшін Астана мен Алматыға, қала берді, шетелге шықса, қазір облыс орталығындағы медициналық мекемелердің базасында да дертіне шипа тауып жатыр. Бұл ғана емес, ауруханалар мен емханалардың дәрігерлері халықтың сауатын арттыра түсу бойынша түрлі шараларға ұйытқы болып отыр. Мұның өзі саулығына алаңдайтын әлеуметтің көкейін тескен сауалдарына жауап алуына мүмкіндік туғызып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Жоғарыда сөз еткен медициналық туризмді дамыту бойынша да кешенді шаралардың қолға алынғаны белгілі. Қазірдің өзінде түркістандық білікті дәрігерлерден көмек сұрап Шымкент, Тараз, Қызылорда сынды қалалардан науқастар келіп жатады. Демек нәтиже бар деген сөз…