СУҒА ШОМЫЛУДЫҢ ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕСІН БҰЗҒАНДАР ҚАНША АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ
Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Ерасыл Сайпаш судағы қауіпсіздік ережесін бұзғандарға қандай айыппұл салынатынын айтты.
«Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 412-бабымен қарастырылған айыппұл бар. Оның мөлшері жеке тұлғаларға 7 айлық есептік көрсеткіш (25 844 теңге -ред.), кіші бизнес өкілдеріне 10 АЕК (36 920 теңге), орта бизнес нысанына 20 АЕК (73 840 теңге) және ірі кәсіпкерлерге 60 АЕК (221 520 теңге) көлемінде айыппұлдар қарастырылған», — деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
ТЖМ өкілі былтыр топпен суға кетудің бірнеше фактісі тіркелгенін де еске салды.
«Өкінішке қарай, былтыр шомылу маусымы кезінде топпен суға кетудің 4 жағдайы тіркелді. Яғни, антилидер ретінде Ақтөбе облысын келтіруге болады. Бір шомылу маусымында Ақтөбе облысында осындай 4 жағдай тіркелді. Салдарынан 9 адам қайтыс болған. Сонымен қатар Түркістан облысында бір мезетте 11 адам су батып қайтыс болғанын білесіздер», — деді Ерасыл Сайпаш.