САНАЛЫ ҒҰМЫРЫН МЕДИЦИНА САЛАСЫНА АРНАҒАН БІЛІКТІ МАМАН

0

Сапалы кадр саланы өрге сүйрейді. Сондықтан еңбек нарығында біліктілігі жоғары, тәжірибесі зор, қабілеті айрықша мамандарға деген сұраныс қашан да жоғары болған, бола бермек те. Оның ішінде медицина мамандарына деген сұраныс басым. Өйткені елімізді ғана емес күллі жаһанды жайлаған пандемия кезінде саласына айрықша құрметпен қарайтын, қызметіне жан-тәнімен берілген, міндетін мінсіз атқаратын ақ халаттылардың арқасында қаншама адам дертіне шипа тапты. Өздігінен жүре алмай келгендердің дені ауруханадан өзі аяғымен шықты. Міне, содан да болса керек, дәрігерлер мен мейірбикелерге құрмет те, сый да, көзқарас та артты. Бұл үрдіс әлі де жалғасып жатыр десек, артық айтқанымыз емес. Елімізде дәрігерлердің жалақысы көбейіп жатыр. Біліктіліктерін арттыруға да айрықша көңіл бөлінген. Десе де саланың, мамандықтың машақаты көбін жасыра алмасымыз анық. Әйткенмен қиын істі ұршыққа иіріп әкетіп, саналы ғұмырын саланың дамуына арнаған білікті де іскер мамандар елімізде баршылық. Осы орайда, бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…

Қалың оқырманның жадында болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жасаған іссапары барысында «Осы орайда, мен халқымыз үшін маңызы жоғары қасиеттер мен құндылықтарға қысқаша тоқталайын. Бірінші маңызды мәселе. Біз еңбекқор болуымыз қажет. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету. Мен академик Асқар Жұмаділдаев айтқан пайыммен толық келісемін. Халқымыз осындай күрделі заманда ең алдымен, әлемге прагматикалық көзбен қарауы керек. Жастарымыздың санасы сергек, еті тірі, ширақ болуы қажет. Көрші мемлекеттердегі жас азаматтар шетелге барып, кәсіпорындар, дүкендер ашып, жақсы өмір сүру үшін жаңа дағдыларды игеріп жатыр. Олар, шын мәнінде, бәсекеге қабілетті еңбекқор адамдар» деп атап өткен болатын. Бұл ғана емес, ел Президенті мемлекетімізде еңбек адамы құрметке ие болуы керегін, сонда ғана салалардағы жұмыс серпін алып, дамитынын тілге тиек еткен еді. Бұл – бұлтартпас шындық. Расымен де әлемдік өркениеттің көшін бастаған мемлекеттердің өткеніне көз жүгіртсек, еңбек адамына құрмет көрсету арқылы қыруар жетістікке жеткен, жетіп те келеді. Бұл тұрғыдан келгенде бізде де ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз, мамандарымыз баршылық. Бүгінгі материалымызда талай талант топырағынан түлеп ұшқан қасиетті қала, түбі бір түркі жұртының рухани орталығы Түркістанда қоғам біле бермейтін, әйтсе де маңызы зор мамандық бойынша жұмыс істеп жатқан кейіпкер хақында тарқата баяндамақпыз. Қазақ «қанына тартпағанның қары сынсын», «қан тартады», «қанмен сіңгенді қасиеттемесең, қадірің болмайды» деп жиі айтады. Бүгінгідей техника мен технология қарыштап дамыған заманда қанды зерттеп, зерделейтін мамандық бар. Ендеше біздің кейіпкеріміз дәл осы іспен шұғылданады. Ол – Түркістан қалалық емханасының екінші санатты гематолог-дәрігері Ақбота Бекжігітқызы Сердалиева.

Сырт кейпіне қарасаң, шынашақтай арудың осыншама күрделі ғылымды меңгергеніне күмәнмен қарарыңыз айқын. Әйткенмен аз-кем әңгімесін тыңдағаннан кейін ойыңыз түбегейлі өзгереді. Жас та болса, талай істі тындырып, талай ілімді меңгергеніне көзіңіздің айқын жетері анық. Білікті маманның өнегелі өмір жолына да назар аударып, өткенімен танысып көрдік. Кері шегінсек, мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов атындағы дарынды балалар білім алатын «Дарын» мектебінен түлеп ұшқан екен. Мектепке аты берілген тау тұлғаның тағылымы мен өнегесі кейіпкеріміздің өміріне рең берген болуы керек, артынша Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. Жай ғана түсіп, қатардағы қалың студенттің бірі ретінде диплом үшін күн кешу кейіпкерімізге жат қылық еді. Сондықтан университет қабырғасында жүріп-ақ таланты мен талабын танытып, оқытушылар мен профессорларға үздік, қабілетті екенін аңғарта түседі. Қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жұріп, көшбасшылық қабілетін шыңдай түседі. Кейіннен интернатурада білімін жалғастырып, тәжірибесін шыңдай түседі. Жас маманның алғашқы еңбек жолы «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» орталығынан басталған. Кейіпкеріміз келген уақыттан бастап қызу іске кірісіп кетеді. Алған білімін, меңгерген мамандығын мекеме басшылығына дәлелдеп, құрмет пен сыйға ие болады. Адамның жаны таза болса, істер ісі де оң болады. Сондықтан болар кейіпкеріміз кезіккен әрбір ұжымның оның қалыптасуындағы рөлі орасан. Өйткені шынашақтай қыз келген істің қиынын емес, қызығы мен қуанышын жадында мықтап сақтайды. Әрбір істен өседі. Әр бастамадан тәжірибе жинайды. Әр қиындықтан сабақ алады. Бүгінде салмақты дәрігер, білікті маман атануының артында да осындай қасиеттер жатса керек.

Бір қызығы, тың тақырып пен бейтаныс ілімді меңгеруге деген құлшыныс кейіпкерімізді тағы бір қырынан таныта түседі. Жас маманның алғырлығын, ілім мен білімге деген құштарлығын айқын аңғарған білікті кадрлар тарихи қала Түркістанға ауадай қажет гематолог мамандығын меңгеру үшін Алматыға аттандырады. Осылайша қызу істің бел ортасында жүрген қабілетті жас Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтынан бір-ақ шығады. Қарап отырсақ, күллі медицина саласының тармағы көп, бағыты шаш-етектен. Оның бірін білу өзгесінен тәжірибеге ие болуға жеткіліксіз. Үздіксіз ізденіс қажет. Үнемі оқу керек. Осыны ескеріп, елге қажет мамандықты игеруге кіріскен кейіпкеріміз тапқырлығының, ізденімпаздығының арқасында гематолог мамандығын аз ғана уақыттың ішінде меңгеріп шығады. Артынша Түркістан қаласындағы қалалық емханаға келіп, жұмысын жалғастырады. Бүгінде Ақбота Бекжігітқызы – қасиетті де кие қонған Түркістан қаласындағы жалғыз гематолог дәрігер. Өз мамандығы турасында кейіпкеріміз «Біздің Түркістан қаласында гематолог маман мүлдем жоқ. Бір ғана маман. Негізі, гематолог-дәрігер, гематология маманы Қазақстан бойынша өте аз. Үлкен қалаларда санаулы ғана гематологтар бар. Біздің қаламызда бір ғана гематолог бар. Гематология мамандығы қан ауруын емдейтін дәрігерлерін дайындайды. Қан ауруларының түрлері өте көп. Оларды бір-бірінен ажыратып үйрену, оларға ем тағайындау үлкен білімді қажет етеді. Өте күрделі, қиын мамандық деп айтсақ та болады. Осы жұмысқа орналасқалы ұжымдағы әріптестердің, тәжірибелі дәрігерлердің көмегі көп тиді. Олардан алғашқы жұмысқа орналасқан кезде кеңес сұрап, өз практикамда, күнделікті іс-тәжірибемде қолдандым. Сонымен қатар басшылықтың да көмегі өте зор. Мені қосымша оқуларға жібереді. Әлі де жіберіп жатыр. Шымкент, Алматы қалаларындағы көптеген конференцияларға қатысып жүрмін. Өз саламды жетік меңгеру үшін білімімді жетілдіру курстары үлкен көмек беріп жатыр. Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Тасырбаев Райымбек Берікұлына көп рахмет. Тәжірибе алмасуға, көптеген оқуларға жіберіп тұрады» дейді ол. Иә, жас маманнан білікті кадрға дейінгі жолдың машақаты мол. Әйтсе де басшылық қолдау білдіріп, сенім артса, жауапкершілік арқалаған әрбір жанның істің үдесінен шығуы анық. Демек кейіпкеріміздің де қалыптасуы мен тәжірибесінің толыға түсуіне, күллі күнгейдегі білікті жалғыз кадр атануына емхана басшылығы да қолдау көрсетіп отыр. Ал тәжірибе алмасу, біліктілікті арттыру халық денсаулығын сақтауда аса маңызға ие екені айтпаса да белгілі деген ойдамыз. Жоғарыда кейіпкеріміз сөз еткен Райымбек Берікұлы турасында ұжымдастары арасында тараған жылы лебіз, ақжарма алғыстар көп. Демек білікті басшы болуға, ұжымды ұйыстыруға, дәрігерлердің біліктілігін арттыру арқылы саланың дамуына қол жеткізуге көрегендік пен көшбасшылық қажет. Біз сөз еткеніміздей, білікті кадрлардың шоғырын қалыптастыру үшін барын салып жатқан мекеменің бас дәрігеріне қанша алғыс айтсақ та аз сыңайлы. Өйткені қабілетті жастың талабын шыңдап, талантын таныту екінің бірінің қолынан келмесі айқын.

Кез келген мекеменің қызметі жемісті, ісі келісті болуы үшін ұжым ұйысып, ортақ мақсат жолында жұмыла жұмыс істеуі шарт. Бұл тұрғыдан келгенде күнгейдегі іргелі мекемелердің бірі саналатын қалалық емхананың жолы болған. Өйткені мұндағы әрбір дәрігер өз саласына аса құрметпен қарайды. Содан да болса керек, таңның атысы, кештің батысы тынымсыз еңбектеніп, әрбір науқастың көңілін табуға тырысады. Жүйкені жүндей түтетін сәттерде салмақтылықпен пациенттерді өз сөзіне тоқтата біледі. Алдыңғы буын тәжірибесімен бөліссе, кейінгі жастар ізетін аямайды. Міне, осындай ұжымның берекелі тірлігін, мерекелі күнін көрген өскелең ұрпақ Гиппократ антына адал дәрігер болуды армандайды. Сол бала қиялдың, асқақ арманның жетегінде кейіпкеріміздің де ақ халатты саналы ғұмырына серік еткені айқын. Ақботаның сөзінше, бұл мамандықты меңгергендердің саны елімізде аз болғандықтан, өзге қаладағы әріптестермен үнемі байланыста отырады. Әсіресе, Шымкент қаласындағы ақ халаттылармен жиі байланысқа шығып, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, кеңестерін алып, керегіне жаратады. Кейіпкеріміздің сөзінше, қан аурулары турасында көпшілік жете біле бермейді. Сондықтан кейіпкеріміз аз-кем кеңестерімен бөлісуді жөн санады. «Гематолог ретіндегі халыққа кеңесім — гематология ауруларының ішінде халықта ең жиі кездесетіні анемия, яғни қанның аздығы. Оның алдын алу бала кезден бастап иммунитетті дұрыс қалыптастыру, дұрыс тамақтанып үйрену, құнарлы тамақтану. Салауатты өмір салтын ұстану. Зиянды әдеттерден аулақ болу. Өз-өзіне диагноз қойып, өз бетінше емделмеу. Дер кезінде маманның кеңесіне жүгіну. Дәрігерлік ұсыныс-кеңестерді орындау. Нұсқаулықпен берілген дәрілерді уақытылы ішу. Осының барлығы науқастың дұрыс жазылуына көп септігін тигізеді» дейді ол.

Қалың оқырманға түсініктірек болуы үшін кейіпкеріміз қызмет ететін сала бойынша бірқатар ақпараттар бере кетуді жөн санадық. Ашық дереккөздердегі ақпараттарға сүйенсек, гематология – қан, қан түзілу мүшелерін зерттейтін және қатерлі ісіктен бастап қан ұйығыштығының бұзылуына дейінгі әртүрлі қан ауруларын қамтитын медицина саласы. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта қан ауруларының түрі көбейіп кеткен. Оның ішінде, соңғы кезде жүкті әйелдерде фолат циклының, қанның ұю сапасының бұзылуы, апластикалық анемия сияқты аурулар жиі кездесіп жатыр. Мұндай қан талдауын жасауға ешбір емхананың мүмкіндігі жетпейтінін алға тартқан дәрігерлер науқастарды жеке клиникалар мен лабораторияларға ақылы өтуге жіберетінін жасырмайды. Елімізде гематология саласындағы зерттеулер 1960 жылдан бастап жүргізілді. 1962 жылы республика қан құю орталығының жанынан гематология бөлімшесі құрылды. Осының арқасында анемия немесе қаназдық, геморрагиялық диатез немесе қанталап қызару себептері, патогенез және оларды анықтау жолдары және лимфома құрылысындағы ерекшеліктер анықталып, ісік клеткасында зат алмасуы, лимфомалардың клиникалық белгілері зерттелді. Кейбір анемия түрлерін емдеу әдістері табылды. Қазіргі гематологияда сүйек майын, бауырды, талақты, лимфа түйіндерін цитохим, цитогенетик, авторадиогр әдістері кеңінен қолданылады. Бір қызығы, мұндай мамандардың Түркістанда жалғыз ғана болуы заңдылық іспетті. Өйткені мұндай мамандарға елімізде сұраныс жоғары. Сәйкесінше, маман тапшы. «Қазақстандық гематолог дәрігерлер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Ирина Пивоварованың мына сөзі дәлелдейді «Қазақстандағы гематологияның ең үлкен проблемасы – білікті мамандардың жетіспеуі. Әсіресе бұл өңірлерде анық байқалады. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, қазіргі кезде республика бойынша 83 ересектер гематологы бар. Жастар гематология сияқты қиын мамандықты көп таңдай бермейді. Гематологтарды дайындау резидентурадан басталады. Ол үлкен еңбекті, ұзақ оқуды қажет етеді. Оның үстіне мотивация жетіспейді. Соңғы жылдардағы денсаулық сақтау саласы мамандарына деген халықтың теріс пікірі, жалақының аздығы жастардың бұл салаға баруына тұсау болып отыр. Екіншіден, қолжетімді диагностиканың болмауы. Әсіресе амбулаториялық деңгейде. Үшінші мәселе – аймақтарға ресурстардың бірдей бөлінбеуі. Бұл проблемалардың барлығын бәсекелестікті арттыру арқылы ғана шешуге болатын шығар». Иә, маман сөзінің жаны бар. Бүгінде 220 мыңнан астам тұрғыны бар Түркістанда бір ғана гематолог маманның болуы көп нәрседен хабар береді. Айта кету керек, қазіргі уақытта Қазақстанда гематологияның ересектерге және балаларға арналған 2 түрі бар. Балалар гематологиясы соңғы бірнеше жылдың көлемінде бөлініп, арнайы мамандық ретінде қарастырыла бастады. Мұның өзі саладағы жұмыстың әлі жолға қойыла қоймағанын аңғартса керек. Десе де мұндай статистика кейіпкеріміздің жігерін құм ете алмайды. Оның «Мамандық үнемі ізденуді талап етеді. Мен көбінесе жүкті әйелдермен жұмыс жасаймын. Қан талдауларындағы біршама өзгерістерді көремін. Олардың себебі қан аурулары болуы мүмкін. Менің дәрігер ретіндегі миссиям — гематологиялық ауруларды ерте кезден анықтап, диагностикалап, олардың емін дұрыс тағайындау, пациенттердің сауығып кетуіне өз үлесімді қосу» деген сөзінің өзі саланың қыр-сырына меңгеруге деген құшарлықты, талапты аңғартып тұрғандай.

Қош делік, кейіпкеріміздің бар қырын жазсақ, әлденеше тақырыпқа арқау боларлық ақпараттың шығары айқын. Әйткенмен айтпағымыз ол емес. Бүгінде Түркістан қаласының ғана емес, күллі күнгейдің медицинасын дамытуға айрықша септігін тигізіп отырған Ақбота Бекжігітқызы секілді білікті мамандарға айтар алғысымыз көп. Өйткені тың мамандықты меңгеруге ден қойып, саналы ғұмырын қоғамға қажет мамандыққа жұмсауының өзі мемлекет басшысы атап айтқан еңбек адамы екенін айғақтайды. Демек алдағы уақытта кейіпкерімізден үлгі алып, күнгейдің медицинасын дамытатын жастардың көбеюі бек мүмкін. Бұдан біздің ұтарымыз көп.

 

 


ПІКІР ЖАЗУ