САПАЛЫ МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА ТҮРТКІ БОЛЫП ОТЫРҒАН БІЛІМ МЕКЕМЕСІ ТУРАСЫНДА НЕ БІЛЕМІЗ?
Елімізде медицина саласын ілгерілету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Өйткені саланың дамуы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында десек, артық айтқанымыз емес. Бұған дейін Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел Президенті «Медицина саласына қомақты қаржы құю керек. Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуға тиіс. Фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет. Вируспен күрес кезінде дәл осы сала еліміздің бәсекеге қабілеті мен қауіпсіздігі үшін маңызды екеніне көзіміз жетті. Сондықтан медицина өнімдерін зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құруымыз керек. Жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты жандандырған жөн. Инвесторларды тартып, озық технологияны және осы саладағы жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алу керек. Отандық тауар өндірушілермен жасалатын оффтейк келісім шарттарының көлемін арттырып, өнім түрін көбейту қажет» деген болатын.
Техника күн сайын қарыштап дамып, заман сәт сайын түрленіп тұрған уақытта денсаулық сақтау ісін ілгерілетудің маңызы айрықша. Өйткені ғылым мен медицинаға беймәлім болған вирустар көбейіп келеді. Мұнымен күресте қоғам білікті де білімді, тәжірибелі де талантты дәрігерлерге мұқтаж. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде медицина қызметкерлерін даярлайтын орта арнаулы оқу орындары мен жоғары оқу орындарының бары белгілі. Осы орайда, бүгінгі материалымызда қасиетті де киелі шаһар Түркістаннан орын тепкен Түркістан жоғары медицина колледжі турасында, онда берілетін білім мен мамандықтар жайында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз. Бүгінде біз сөз етіп отырған мекеме республикадағы тарихы тереңнен бастау алатын орта кәсіптік оқу орындарының қатарына жатады. Колледждің өткені тарихи қаланың мәдени және әлеуметтік өмірінде елеулі рөл атқарады десек, артық айтқанымыз емес. Қала берді, күллі күнгейдің дамуымен де тыныс-тіршілігі тікелей байланысты. Қала өткеніне көз жүгіртсек, оқу орны Қазақ КСР Министрлер кеңесінің 1953 жылғы 13 қазандағы жарлығы негізінде Түркістан қаласынан 60 адамды оқытатын фельдшерлік мектеп болып ашылады. Араға жыл салып бұл мектеп сол уақыттағы Оңтүстік Қазақстан облысы Леңгір медицина училищесінің Түркістандағы филиалы ретінде жұмысын жалғастырады. Міне, сонда жұмысын жаңа бастаған орталық тізгінін Балтабай Алдабергенов өз қолына алып, мекемені басқарады. Бұл таңдау тегіннен тегін емес еді. Өйткені біз сөз етіп отырған азамат — 1906 жылы IV Ресей мемлекеттік думасына Сырдария облысынан депутат болып сайланған Тілеулі Алдабергеновтың ұлы болатын. Тектінің тәлімін алып, талантын санасына сіңірген қарымды азамат осылайша мекемеде маман даярлаудың Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына септесетінін айқын аңғарып, жемісті нәтижелерге жету жолында қажырлы қайраты мен еселі еңбегін көрсетеді.
1956-1958 жылдар аралығында орталықты Сейілбек Алагөзов басқарды. Осы орайда, түрлі белгілі де белгісіз себептермен мекеме жұмысын жүргізуге тосқауыл қойылып, уақытша жабылған сәттер де орын алды. Мәселен, 1958 жылы беймәлім себептермен филиал жұмысын тоқтатып, орнына «Қызыл крест» қоғамының мектебі құрылады. Десе де саланың маңызы мен міндеті уақыт өткен сайын біліне бастаған болуы керек, 1963 жылы Леңгір медицина училищесінің Түркістандағы филиалы болып қайтадан ашылып, оқу орнын Любовь Яковлевна Шалаева басқарды. Дегенмен бұл уақытта бұл бөлімше тек мейірбике мамандарын ғана даярлайтын еді. Арада 2 жыл өткенде Қазақ КСР Министрлер кеңесінің жарлығы негізінде филиал жұмысын тоқтатып, мекеме өз алдына дербес Түркістан медицина училищесі болып құрылады. Дәл осы уақытта әлі де болса шешілмеген көптеген түйткілді түйіндер бар болатын. Атап айтқанда, оқу орнына қажет ғимарат та, жиһаздар да, оқулықтар мен көрнекі құралдар да болған емес. Әйткенмен сол уақыттағы білікті кадрлардың арқасында мекеменің жұмысын жүргізу үшін қажет материалдық-техникалық базамен қамту бойынша түрлі деңгейде келіссөздер өткізілді. Нәтижесінде қысқа мерзім ішінде барлық қажетті техника мен құрал-жабдықтар жинақталып, жұмыс басталып кетті. Ескі ғимарат жөнделіп, оған қосымша кітапхана және 2 оқу бөлмесі салынды. Түркістан медицина училищесінде 1965-1985 жылдар ішінде фельдшер, акушер және мейірбике мамандарын даярлайтын бөлімдер жұмыс істеді. Бұрынғы филиалда білім алып жүрген студенттер өз білімдерін осы училищеде жалғастырды. Р.Я.Яхяевтың басшылығы негізінде медицина училищесінің жаңа оқу ғимараты, жатақхана, спорт залы, жылыжай, бассейн және өзге де құрылыстар салынып, оқу орнының кешенді материалдық-техникалық базасы қалыптасты. Ал 1985 жылы Түркістан медицина училищесіне Әбдіханов Қалихан Өтешұлы ауысу тәртібі негізінде басшы болып келеді. Қазақстан тәуелсіздік алып, елде тоқырау болып жатқан тұста мекеме ұжымының қаржы еңбегінің арқасында колледж кезекті сынақтан аман-есен өтеді. Сөйтіп 1993 жылы колледж статусына ие болады. Осылайша Түркістан медицина колледжі ретінде жұмысын жемісті жалғастыра береді. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі В.Н.Девятконың бұйрығы негізінде медициналық колледж директорлығына медицина ғылымдарының докторы Сайлаубек Шалхаров тағайындалады. Оның бастамасымен 1994-1998 жылдар арылығында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті базасында алғаш рет медицина мамандарын көпсатылы деңгейде «колледж-вуз» жүйесі бойынша даярлау аппробациясы жүргізіліп, оның нәтижесінде медицина колледждері бітірушілерін жеделдетілген курс бойынша оқыту Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына енгізілді. Нәтижесінде ««Колледж–ВУЗ» оқу бағдарламасының енгізілуіне байланысты оқу процесінің өз деңгейінде жүргізілуіне орай колледж директоры С.Ш.Шалхаровтың бұйрығыменен мына кафедралар құрылды. Олар — Омаралиев Исрафил Омарәліұлы жетекшілік ететін Морфология кафедрасы, профессор, техника ғылымдарының докторы Ақбасова Аманкүл Жаханқызы басқаратын Химия, физика және жалпы қоғамдық пәндер кафедрасы, доцент Байтұрсынов Қожахмет Құлахметұлы басқаратын Жаратылыстану ғылыми пәндер кафедрасы, химия ғылымдарының кандидаты Юсупов Абдурайм Халилұлы жетекшілік ететін Фармация, фармакология және биохимия кафедрасы, Божбанбаев Марат Жолдасұлы басқаратын Дене тәрбиесі кафедарсы, Мухамбетов Құланәлі Дарбозұлы жетекшілік ететін Терапия кафедрасы, аға оқытушы Рахашев Құрманғали Рахашұлы басқаратын Хирургия кафедрасы, аға оқытушы Рысбеков Қыдырәлі Оспанұлы жетекшілік ететін Педиатрия, акушерство және гинекология кафедрасы, аға оқытушы Исаханов Аззамжан Халметұлы басқаратын Жұқпалы аурулар және арнайы медициналық пәндер кафедрасы, аға оқытушы Бодрова Светлана Алексеевна жетекшілік ететін Гигиена және мейрбике ісі негіздері кафедрасы.
Заман бір орында тұрмайды. Уақыт өткен сайын белгілі бір мамандықтарға сұраныс артып, еңбек нарығына қажет бағыттардың қатары арта түседі. Сондықтан да 1999-2000 оқу жылынан бастап мекемеде «Лабораториялық диагностика», «Фармация», «Стоматология» мамандарын даярлау бөлімдері ашылады. Бүгінде колледж уақыт талабына сай жаңғырып, жаңарып келе жатқан оқу орындарының бірі саналады. Бүгінде мекемеде 300-ден астам білікті маман студенттерге тәлім-тәрбие беріп жатыр. Колледжде 4 «Денсаулық сақтау ісінің үздіктері», 6 «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегерлері қызмет етеді. Мекеменің материалдық-техникалық базасы мен жеткен жетістіктері турасында сұрағанымызда «Білім алушылар үшін соңғы үлгіде жабдықталған, озық технологиялармен қамтамасыз етілген оқу бөлмелері даярланды. Колледжде 5 қабатты оқу ғимараты, 4 қабатты жатақхана, 105 оқу лабораториялары мен пән бөлмелері, 10 дәріс залы, спорт кешені, бассейн, кітапхана, 3 оқу залы, 5 компьютер класы, 20 интерактивті тақтамен жабдықталған дәріс бөлмелері, «ЛАМАЗ» мектебі, клиникаға дейінгі бөлмелер, қалыпты және патологиялық анатомия мұражайы, фитобар, фитоогород, оқу дәріханасы, стоматологиялық оқу-поликлиникалық орталығы бар. Колледжде дәріс барысында соңғы үлгідегі ақпараттық және инновациялық технологиялар кеңінен қолданылады. 2009 және 2011 жылдары қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен түрлі номинациялар сайысының қорытындысы бойынша Түркістан медицина колледжі «Жылдың ең үздік колледжі» номинациясына ие болды» деген жауап алдық. Қош делік, қарап отырсақ, тарихы тереңнен бастау алатын медициналық колледж түрлі белестерді бағындырып, бүгінге жетіпті. Жеткен жетістіктері де бір төбе. Қазіргі уақытта бірнеше мамандық бойынша сапалы кадр даярлау ісіне үздіксіз үлес қосуда. Енді осыған ойысайық…
Мекеме 1998 жылы «Дантист» біліктілігі бойынша «Стоматология» мамандығы студенттерін даярлауға лицензия алған болатын. Бүгінде бұл мемлекеттік оқу мекемесі заманауи материалдық-техникалық базамен, көпжылдық тарихи дәстүрімен ерекшеленеді. Қазіргі таңда колледж өзінің стоматологиялық оқу-өндірістік базасы, жоғары мамандырылған оқытушылар құрамымен оқытудың жаңа технологияларын енгізу арқылы сапалы білім беруді қамтамасыз етіп келеді. Ашық дереккөздердегі ақпараттарда бөлімнің артықшылығы турасыеда «Бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда медициналық білім беру саласында және дуальді оқыту принциптеріне негізделген. Білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда колледжде білім алушылар контингентіне сай келетін заманауи материалдық-техникалық база, жүйелік, акпараттық дамыған компьютерлік инфрақұрылым, жоғары білікті оқытушылар құрамы, оқу процесіндегі халықаралық әдістер, бай оқу материалдық база, студенттердің сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасалған. Үлгілік оқу бағдарламасына сәйкестендіріп «Тіс пен ауыз қуысы ауруларының алдын алу және оларды емдеу» пәнінен электронды оқу құралын, «Тіс пен ауыз қуысы ауруларының алдын алу және оларды емдеу», «Тіс хирургиясы және бет жақ жарақаттары» оқу-әдістемелік құралын дайындап, «Қазақстан медицина колледждерінің үздік оқу-әдістемелік әдебиеті» Республикалық байқауында құрастырылған оқу құралдары мен электронды оқулықтардың барлық түрінен жүлделі ІІ дәрежелі дипломымен марапатталды» деген дерекке көзіміз түсті. Демек бәсі биік бәсеке заманында сапалы кадр даярлау сынды маңызы зор міндетті кафедра қалтқысыз атқарып келеді. Қазіргі уақыттағы еңбек нарығындағы сұранысқа сай білім беру бағдарламасы да дамып, жаңғырып отырады. Қала берді, материалдық-техникалық базаны жаңғыртуды колледж басшылығы бір сәтке болсын ұмытқан емес. Мұның өзі медицина саласындағы соңғы үрдістерді ескеру мен елеу арқылы елдің дамуына септін болатын мамандар даярланып отыр деген ойды санамызға мықтап бекіте түседі.
Колледжде «Емдеу ісі» бөлімі де қызмет етеді. Оның тарихына үңілсек, 1956-1957 оқу жылында «Емдеу ісі», «Мейірбике ісі» мамандықтары бойынша тұңғыш рет 200-ден аса талапкерді қабылдаған. Бөлімді 1971-1981 жылдар аралығында Абдураимов Қаһар Жансейтұлы, 1982-1994 жылдар аралығында Таджиметова Барно Хусанқызы, 2000-2002 жылдар ішінде Құланәлі Дарбозұлы Мухамбетов, 2002-2015 жылдары Жолдыбаева Анар Мәлікқызы басқарған. Ал 2011-2012 оқу жылынан бастап «Емдеу ісі» бөлімінде оқитын студенттердің санының көбеюіне байланысты, бөлім 2-курспен жоғарғы курс болып екіге бөлініп, ІІ курс бөлімін Ахметова Гүлнар Төлегенқызы басқарды. 2012 жылы Ахметова Гүлнар Төлегенқызы «Талғат» клиникасының «Жүкті әйелдер патологиясы» бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысуына байланысты, 2012-2013 оқу жылынан бастап «Емдеу ісі» бөлім меңгерушісі қызметін Абитаева Сауле Нуридинқызы атқарды. Қазіргі уақытта оқыту мерзімі негізгі орта білім базасында 3 жыл 10 айды құрайды. Ал далпы білім базасында 2 жыл 10 мерзім болып табылады. Бұл бөлімді бітірген түлектерге «Емдеу ісі» мамандығы, «Фельдшер» біліктілігімен орта буын маманының дипломы беріледі. Қазіргі таңда білім беру бағдарламасына түрлі тың тәсілдер енгізіліп, ақпараттық әдістер қолданылуда. Бұл бөлімде оқитын жастар үнемі ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысып, тәжірибелерін шыңдап отырады. 40-қа жуық пән үйірмесі мен 8 спорт секциясы бар. Бұл студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға септін болып келеді. Ал пән үйірмелері болашақ мамандарға жұмыс барысында кездесетін түрлі мәселелерді шешуге ықпалдасады. Маман даярлау ісінде өңірдегі Түркістан қалалық орталық ауруханасы, Түркістан қалалық жедел жәрдем беру стансасы, «Талғат» клиникасы, №3 Облыстық перинаталдық орталық, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің клиникасы, Түркістан қалалық балалар ауруханасы, «Ақмарал» ауруханасы дәрігерлерімен келісімге қол қойылған. Яғни білікті де тәжірибелі мамандар колледж студенттеріне бағыт-бағдар беріп, дәрістер оқиды. «Фельдшер» біліктілігінде мемлекеттік стандартқа сай 24 кабинет яғни, 13 оқу бөлмесі, 5 симуляциялық орталық, 10 клиника алды бөлмелер, 1 мониторинг кабинеті жабдықталған. Бөлім студенттері тек колледж деңгейінде ғана емес, сонымен қатар қалалық мәдени іс-шараларға және республикалық, облыстық байқауларға да белсенді қатысып келеді. Бөлім студенттері колледждегі пән үйірмелеріне, дебат клубтарына, студенттік үкіметке, ән-күй және жас ақындар үйірмесіне қатысып, колледждің қоғамдық жұмыстарына да белсене араласып, бос уақыттарын тиімді өткізеді. «Емдеу ісі» бөлімінде үздік студенттер мен талабы таудай жастар өте көп. Колледж тарапынан болашақ орта буынды маман ретінде қалыптасуларына барынша жағдай жасалып келеді» дейді бөлім басшылығы.
Колледжде сұранысқа ие мейірбикелерді дайындау ісі де сәтті жолға қойылған. Бұл бөлімнің тарихы 1965 жылдан басталады. Яғни сол уақытта «Медбикелік іс» бөлімі қызметін бастаған еді. Қазіргі таңда бітірушілерге «Жалпы практикадағы медбике» біліктілігі беріледі. Күні бүгінге дейін бөлім қызметінің жемісті болуына А.Б.Аманбаев, А.Е.Мамутова, С.У.Жабагиева, А.К.Абдиханова сынды білікті кадрлар ауқымды үлес қосты. Бөлімде студенттерге емдеу-сауықтыру мекемелерінде жұмыс істейтін, тәжірибесі жоғары, кәсіби деңгейі бөлек дәрігер-оқытушылар дәріс береді. Ашық дереккөздердегі ақпараттарға сүйенсек, «Бөлім студенттері колледждегі пән үйірмелеріне, «Ақиқат пен аңыз» дебат клубына және ән-күй үйірмелеріне, студенттік үкіметке, жас ақындар үйірмесіне қатысып, колледждің қоғамдық жұмыстарына да белсене араласып, бос уақыттарын тиімді өткізеді. Әсіресе болашақ орта буынды медицина маманы болып шығуды армандайтын жастардың «Мейірімді мейірбике», «Аялы алақан», «Найтингейл ұрпақтары» үйірмесіне қатысып, ғылыми-ізденіс жұмыстарын жасауға құлшыныстары жоғары». Жастардың мамандық меңгеруге деген құлшынысын арттыру, ізденістеріне серпін беру мақсатында «Ең үздік медбике» байқауы өткізіліп тұрады. Бүгінде бұл бөлімнің түлектері білімдерін жалғастырып, жоғары оқу орындарында білімін жалғастырып, ақ халаттылардың қатарын толықтыра түсуде.
Бүгінде елімізде фармацевтика саласын дамытуға басымдық беріліп отыр. Бұл тұрғыдан келгенде, колледжде аталған бағыттағы мамандарды даярлау ісі жолға қойылған. Нақтырағы, 1998 жылдан бері қарай «Фрамацевт» біліктілігі бойынша маман даярлау ісі қолға алынған. Бұл мамандыққа түсетін студенттерге қойылар талап та жоқ емес. Олар математиканы жетік меңгерген, есте сақтау қабілеті жоғары, білімі жақсы болуы керек. Мекеме берген дерекке сүйенсек, «Фармация» білім беру бағдарламасы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, ҚР «Білім туралы» заңына сәйкес білім деңгейлері, мекеменің техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі оқыту қызметінің типтік ережелеріне, ҚР Үкіметінің құжаттары мен қаулыларына сәйкес жүргізеді. Қазіргі таңда бөлімде «Фитобар», «Дәрілік нысандар технологиясы», «Менеджмент және маркетинг негіздерімен фармацияны ұйымдастыру және экономикасы», «Химия» сынды оқу кабинеттері бар. Әр бөлме тақырыптық бағытына қарай қажетті оқу құралдарымен, көрнекіліктермен, дәрілік өсімдік жинақтарымен жабдықталған. Бөлім қызметінің мақсаты — студенттерге фармакология, дәрілік нысандар технологиясы фармацияны ұйымдастыру және оның экономикасы, фармакогнозия және химия пәндері бойынша тәжірибелік дағдыларды жан-жақты жетілдіру және біліп-үйренуге жағдай жасау. Қазіргі таңда бұл бөлімде өзінің ғылыми-техникалық базасы, жеке аптекалық оқу базасы, шаруашылық зертханасы бар. Сапалы да тәжірибесі толағай оқытушылар сабақ береді. Сондықтан болар еңбек нарығына қажет сапалы мамандар жыл сайын түлеп ұшуда. Бұл ғана емес, бөлім студенттері өздерінің білімі мен біліктілігін түрлі өңірлік және республикалық байқауларда дәлелдеп, жеңіс тұғырынан көрініп келе жатыр.
Мекеме 1998 жылдан бері «Лабораториялық диагностика» мамандығы бойынша да білім беріп келе жатыр. Қазіргі уақыта білім беру ісін біліктілігі жоғары оқытушылық құрам жүргізеді. Білім беру бағдарламасына сәйкес, теориялық сабақтар арнайы пән кабинеттерінде өтілсе, тәжірибелік жұмыстар арнайы жабдықталған зертханаларда жүргізіледі. Сонымен қатар студенттерде Түркістан қалалық «Түркістан СЭСО» филиалының сан-гигиеналық лабораториялық базасы мен Түркістан ОҚА және МҚКК «№3 Облыстық перинаталды орталықтың» микробиологиялық, клиникалық, гематологиялық және биохимиялық бөлімдерінде тәжірибесін шыңдау мүмкіндігі бар. Сапалы білім беруге қажет материалдық-техникалық база жеткілікті. Қажет құрылғылар кешені жұмыс істеп тұр. Бөлім берген деректер бойынша студенттер «Денсаулық», «Жас лаборант» атты пән үйірмелеріне қатысады. Бұл үйірмелерде «Лабораториялық диагностика» мамандығының студенттері жыл бойы оқу зерттеу жұмыстарымен айналысады. Теориямен практика интеграциясында үйірме мүшелерінде кәсіптік дағдылар, өз ісіне деген жауапкершілік, ғылыми ойлау қалыптасады. Студенттердің теориялық білімі мен тәжірибелік дағдысын, кәсіби дайындық деңгейін, болашақ мамандыққа қызығушылығын, логикалық ойлауын, алған білімді нақты іс-әрекетте қолдану деңгейін тексеру мақсатында жыл сайын «Үздік лаборант» сайысы өткізіледі. Жеткен жетістіктер де аз емес. Мәселен, 2014-2015 оқу жылында медицина колледждерінің «Лабораториялық диагностика» мамандығы студенттерінің арасында екінші рет ұйымдастырылған «Медицина колледжінің 2015 жылғы үздік түлегі» республикалық байқауы Қызылжар өңірінде өткен болатын. Таңдаған мамандықтары бойынша білім алып, қыр-сырын жетік меңгерген болашақ лаборанттар өз білімдері мен біліктерін сарапқа салған байқау барысында қатысушылардың теориялық, практикалық дайындықтары, білім деңгейі, кәсіби машығы сынға түсті. Студенттердің қай-қайсысы болсын зертханалық диагностиканың заманауи мүмкіндіктері, талдау-зерттеу үдерістері жайлы терең білетіндіктерін танытты. Нәтижесінде Түркістан медицина колледжінің «Лабораториялық диагностика» мамандығының студенті Ф.Бөрібай жүлделі ІІ орынға ие болды. Әрине, бұл бөлім студенттері жеткен жетістіктің бір парасы ғана. Оның бәрін жазу үшін арнайы тақырып арнау керек. Бастысы, бөлімде білім алған жастар еңбек нарығында да, білім бәйгесінде де өздерін мойындатып отыр. Өзін білім бәйгелерінде дәлелдеген оқу орнында 1998 жылы «Акушер ісі» бөлімі ашылған болатын. Мұнда білім алған жастарға «Жалпы тәжірибелі акушер» біліктілігі беріледі. Бөлімді 1998-2003 жылдар аралығында жоғары дәрежелі акушер-гинеколог Р.Қ.Құрбанбаева басқарса, 2003 жылдан кейін бөлім тізгінін Г.Ә.Аманбаева өз қолына алып, жұмыстың әрі қарай да жемісті атқарылуына себепші болды. Бұл бөлімде барлығы 100-ден аса оқытушы сабақ береді. Оның үштен екісі дәрігерлер болса, қалғаны — педагогтер.
Қорыта айтқанда, біз сөз етіп отырған мамандықтар бойынша Түркістан жоғары медицина колледжі орта арнаулы кәсіптік білім беру арқылы, сапалы мамандардың қалыптасуына мұрындық болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде «Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, діні берік болады. Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау, ең алдымен, жас буынға артылған зор үміт. Кейінгі ұрпақ Тәуелсіздігіміздің туын әрқашан биік ұстауы тиіс» деп атап өткен болатын. Ендеше бүгінгі материалымызға арқау болған білім мекемесінің ел Президенті айтқан бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарға сусындаған маман даярлаудағы маңызы айрықша деп білеміз. Қала берді, жас кадрлардың Түркістаннан түлеп ұшып, еліміздің әрбір өңірінде қызмет етуі – тарихи қаланы тағы бір қырынан таныта түспек. Ендеше елге қажет маман даярлап жатқан мекеменің алдағы жұмыстарына табыс тілейміз!