42 КҮНДІК ЕМ: НАУҚАСТЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРЫП, ҮЙІНЕ ШЫҒАРЫЛДЫ

33 жастағы науқас 2026 жылғы 22 ақпанда қалалық №1 аурухананың жансақтау бөліміне аса ауыр жағдайда түскен. Тексеру барысында науқастың өңеші жыртылып, кеуде қуысында ірің жиналғаны және екі өкпесінде күрделі асқынулар бар екені анықталды. Сонымен қатар, қанға инфекция тарап, тыныс алуы қиындап кеткен.
Келесі күні науқасқа шұғыл түрде күрделі ота жасалды. Операция барысында кеуде қуысы ашылып, іріңді ошақтар тазартылды, зақымданған аймақтар өңделіп, дренаж түтіктері орнатылды. Сондай-ақ, асқазанға уақытша гастростома қойылды.
Емдеу барысында науқастың жағдайы біртіндеп жақсарып, жансақтау бөлімінен хирургия бөліміне ауыстырылды. Кейін өңештегі ақауды жабу мақсатында эндоскопиялық әдіспен арнайы стент орнатылды. Бір аптадан соң гастростома алынып, жағдайының тұрақтануына байланысты дренаждар кезең-кезеңімен алынды.
Көрсетілген медициналық көмектің нәтижесінде науқастың жағдайы едәуір жақсарып, толық оң динамикамен үйіне шығарылды.
Айта кету қажет, өңештің жыртылуы – өмірге аса қауіпті жағдайдың бірі. Мұндайда өлім-жітім көрсеткіші 80%-ға дейін жетуі мүмкін. Дегенмен, дәрігерлердің жедел әрі жоғары кәсіби көмегінің арқасында науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды.









