ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ІСІНІҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

0

Қоғамда денсаулық сақтау саласының маңызы мен міндеті айрықша жоғары. Әсіресе, жаһанды жайлаған жайсыз індеттен кейін бұл салаға көңіл айрықша бөліне бастады. Қазіргі уақытта елімізде дәрігерлердің жалақысын арттырумен қатар, ауруханалар мен емханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту ісіне айрықша көңіл бөлінген. Бұл ғана емес, жүздеген дәрігер жыл сайын әлемнің озық клиникаларында тәжірибе алмасып, біліктілігін арттырып келе жатыр. Осының арқасында елімізде ауыр оталар сәтті жасалып, медицинаның мүмкіндігі арта түсуде. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатыны белгілі.

Нақтырағы, жақын болашақта білікті кадр даярлау ісіне айрықша мән берілмек. Бұл тұрғыдан келгенде, қазіргі жетістіктеріміз де аз емес. Еліміздің бірнеше қаласында медицина мамандарын даярлайтын орта арнаулы оқу орындары мен жоғары оқу орындары бар. Бұрындары білікті кадрлардың легін Астана мен Алматы, одан қалды Қарағанды қалалары даярласа, соңғы жылдары Түркістаннан түлек ұшқан жас мамандар бәсекеге қабілетті екенін көрсетіп, салада өз орнын мықтап алып жатыр. Әрине, мұндай жетістіктің артында қыруар іс, білікті оқытушылар құрамының қалтықысыз еңбегі мен оқу орнының студенттерге жасаған жағдайы жатыр. Қазіргі уақытта тарихи қаладан орын тепкен Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-да медицина факультеті жұмыс істейді. Жыл сайын мұнда мыңдаған студент білім алып, жүздеген жас маман ретінде университет қабырғасынан түлеп ұшады. Әрине, олардың маман ретінде қалыптасуында оқытушылардың ерен еңбегі жатыр. Оларды дер кезінде елеп, ескеріп, қызметіне сайы марапат берудің маңызы айрықша. Осы орайда, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан денсаулық сақтау ісінің үздіктерін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алғыс хаты және арнайы төсбелгілерімен марапаттады. Атап айтқанда, Тұрсынай Момынова мен Күмісай Бабаеваға «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі, Эльмира Искандирова және Гүлназ Нұсқабаеваға «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілері табысталды. Ал, азаматтардың денсаулығын сақтау ісіне қосқан жеке үлесі мен мінсіз адал еңбектері үшін Нүрпейіс Төлежанов, Гүлнара Илясова және Перизат Калменовалар «Құрмет Грамотасына» ие болды. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі мен жемісті еңбектері үшін Мира Жүнісова мен Меруерт Даулетова марапатталды. Ректор Жанар Темірбекова марапатқа ие болған қызметкерлерге университетке ғана емес, ел мүддесі мен денсаулық сақтау саласында сіңірген зор еңбектері үшін ризашылығын білдірді. Өзінің жүрек жарды құттықтау тілегін айтып, гүл шоқтарын табыстады.

Айта кету керек, Түркістан қаласында біраз жылдан бері Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Клиникалық-диагностикалық орталық жемісті жұмыс істеп келеді. Соңғы уақытта дәл осы денсаулық сақтау мекемесіне қатысты жылы пікірлер жиі жазылып жүр. Қазіргі уақытта «Ата жұрттан ана жұртқа: денсаулық көпірі» жобасы аясында Түркия Республикасынан білікті де, тәжірибесі толысқан мамандар келіп, клиника базасында өз білгендерімен бөлісіп жатыр. Мұның өзі сапалы маман даярлау ісінде іргелі жетістіктерге жетуге ықпал етеді. Өйткені дәл осы мекеме Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың медицина факультетінде оқитын студенттердің теорияда алған білімін практикада қолдануына мүмкіндік беріп отыр.

 


ПІКІР ЖАЗУ